Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Бас прокуратура азаматтарды сайлау алдындағы үгіт жүргізуге қатысты заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны жалғасып жатыр. Бас прокуратураның хабарлауынша, сайлау процесі жалпы алғанда заң аясында өтіп келеді. Дегенмен осы уақытқа дейін сайлау заңнамасын бұзудың 8 дерегі анықталған.
Оның 3-еуі – сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге, ал 5-еуі – тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізуге қатысты.
Осы фактілер бойынша жеті жеке тұлға мен бір заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Прокуратура мәліметінше, олардың барлығы кінәсін мойындап, заңсыз жарияланымдарын онлайн-платформалардан өшірген.
Үгіт қашан тоқтайды?Бас прокуратура сайлауалды үгіттің 2026 жылғы 22 тамызда сағат 00:00-де аяқталатынын еске салды.
Сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес, 22 және 23 тамызда, яғни дауыс беру алдындағы және дауыс беру күнінде кез келген сайлауалды үгітке тыйым салынады.
Бұл ретте бұған дейін сайлау комиссияларының және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерге орналастырылған баспа үгіт материалдарын сол орнында қалдыруға болады. Интернетте бұрын жарияланған үгіт материалдарына да қатысты осындай тәртіп қолданылады.
Алайда бұрын жарияланған материалдарды интернет-ресурстардың басты бетіне қайта шығаруға болмайды.
Бюллетеньді суретке түсіруге болмайдыБас прокуратура дауыс беру күні тағы бір маңызды талапты сақтауға шақырды.
Толтырылған сайлау бюллетенін фотоға немесе видеоға түсіруге және оны дауыс беру күні таратуға тыйым салынады.
Заң талаптарын бұзып, тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізгендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабында жеке тұлғаларға, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға қатысты айыппұл қарастырылған.
Бас прокуратура азаматтарды сайлау процесіне қатысты заң талаптарын сақтап, тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізбеуге шақырды.