Бас құжаттағы баянды мәртебе

04.07.2026

Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Астана – еліміздің жүрегі әрі болашаққа бастайтын стратегиялық бағдарымыз», деп атап өтті.

Шынында да, елорданың тағдыры – мемлекеттің тағды­рымен сабақтас. Сондық­тан Астананың құқықтық мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту – уақыт талабы ғана емес, мемлекеттілікті одан әрі нығайтатын тарихи шешім. «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң ең алдымен елорданың ерекше институционалдық рөлін нақтылап, оның ұзақмерзімді әрі тұрақты дамуына берік құқықтық негіз қалайды.

Астана – мемлекеттік биліктің өзегі. Мұнда Президент резиденциясы – Ақорда, Парламент, Үкімет, Жоғарғы сот, Құрылтай және басқа да негізгі мемлекеттік институттар орналасады. Бұл – мемлекеттік басқарудың біртұтастығын, тиімділігі мен сабақтастығын қамтамасыз ететін жүйе. Әлемдік тәжірибе де осыны дәлелдейді. Кез келген қуатты мемлекет өз астанасының ерекше мәртебесін заңмен айқындайды. Себебі астана – мемлекеттік шешімдер қабылданатын орын ғана емес. Ол – ел тұрақтылығының, ха­лық­­аралық беделінің, ұлттық бірегейлігінің көрінісі.

Заңның маңызды жаңалы­ғының бірі – Астананың сәулеттік келбетін жүйелі қалыптастыру. Бүгінде қаланың сәулеті тек эстетика мәселесі емес. Ол тұрғындардың өмір сапасына, инвестициялық тартым­дылыққа, қоғамдық мәдениетке тікелей ықпал етеді.

Осыған байланысты елордада бірыңғай дизайн-код енгізіледі. Бұл барлық құрылыс пен сәулет жұмыстарының Бас жоспарға және мемлекеттік нормативтерге толық сәйкес жүргізілуін қамтамасыз етеді. Мұндай тәсіл қаланың біртұтас келбетін сақтап, ретсіз құрылыстың алдын алады, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды үйлесімді дамытуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге Архитек­туралық-қала құрылысы кеңе­сін құру ұсынылады. Кеңес құрамына кәсіби сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуы шешім қабылдау сапасын арттырып қана қоймай, ашықтық пен қоғамдық сенімді күшейтеді.

Заңда жер қатынастары мен коммуналдық мүлікті басқару мәселелері де жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Мемлекеттік қажеттілік үшін жер учас­келерін алып қою рәсімдері нақты жүйеленеді. Меншік иелерін алдын ала хабардар ету, тәуелсіз нарықтық бағалау жүргізу, әділ өтемақы төлеу және сот арқылы құқықтарын қорғау тетіктері заң жүзінде бекітілді. Бұл – азаматтардың консти­туциялық құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам.

Сонымен қатар жергілікті мемлекеттік басқарудың зама­науи моделі қалыптасты. Мәслихат пен әкімдікке көлік жүйесін дамыту, тұрғын үй саясаты, инже­нерлік инфрақұрылымды жаң­ғырту, қала маңын дамыту, экологиялық қауіпсіздік, цифр­лық көлік жүйелері, авто­тұрақтарды басқару, сани­тарлық тазалық пен жасыл аймақтарды сақтау бағытында нақты өкілеттіктер берілді.

Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – тұрғындарға жайлы, жасыл әрі техно­логия­лық тұрғыдан дамыған қала қалыптастыру .

Астана – еліміздің ең ірі жетістіктерінің бірі. Бұл – тек зәулім ғимараттар бой көтерген қала емес, елдің арманы жүзеге асқан мекен.

Сондықтан елорданың дамуы тек құрылыс мәселесі емес. Бұл – Қазақстанның келесі ондаған жылдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық мәселе. Конститу­циялық заң Астананың құқықтық мәрте­бесін күшейтіп қана қоймай, оның әлемдік деңгейдегі заманауи, жайлы әрі орнықты ме­гаполис ретінде дамуына берік институционалдық негіз қалады.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Бас редакторлар клубының төрағасы

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью