Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Алпысына абырой-беделімен жеткен Ғабит Іскендерұлының есімі ел басшылығы тарапынан ерекше еленді. Бұған осы басқосуда жария болған мәртебесі биік құттықтау хаттары дәлел бола алады. Алдымен академик Бауыржан Омаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып беріп, салтанатты түрде табыстады. Президент хатында мерейтой иесінің отандық медиа саласын заман талабына сай дамытудағы орны айрықша аталып өткен.
«Белгілі журналист, білікті басшы, ұлтжанды азамат ретінде көп жыл бойы республикалық басылымда жемісті жұмыс істеп, отандық медиа саласының заман талабына сай дамуына мол үлес қосып келесіз. Бүгінде «Egemen Qazaqstan» газетінің беделін арттыру жолында қажырлы еңбек етіп жүрсіз. Мемлекеттік саясат, заң мен экономика, білім және ғылым тақырыптарын арқау еткен салмақты сараптамаларыңыз бен мағыналы мақалаларыңызды қалың оқырман қауымы зор қызығушылықпен оқиды. Алдағы уақытта да еліміздің рухани-мәдени дамуына атсалысып, ел-жұрттың құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін» делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Бұған қоса Бауыржан Омаров Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің де құттықтауын жеткізді. Ол өз сөзінде Ғабит Іскендерұлына жүйрік журналист, парасатты публицист ретінде ерекше ықылас білдірді.
«Қазіргі қазақ журналистикасының белді де беделді өкілі екеніңізді жұртшылық жақсы біледі. Көсемсөзде кесек туындылармен көзге түсіп, ұлт руханиятына үлкен үлес қосып келесіз. Қаламыңыздан туған «Рухыңды түсірме, ұлым», «Тарихты тұлғалар жасайды», «Тоғызыншы территория» секілді кітаптар мемлекеттілік, ұлтжандылық мәселелерін арқау етуімен құнды. Журналистикадағы қайталанбас дара жолыңыз кейінгі буынға үлгі-өнеге деп білемін. Алдағы уақытта да оқырман қауымды жүрдек қаламыңыздан, сергек санаңыздан туған кемел дүниелермен қуанта беріңіз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін!» делінген Мемлекеттік кеңесші хатында.
Осы орайда серіктестік басшысы, академик Дихан Қамзабекұлы редакцияға келіп түскен бірқатар құттықтау хатын оқып берді. Соның бірі – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың тілегі.
«Сіз саналы ғұмырыңызды ұлттық журналистиканы дамытуға арнап, бұл жолда еселі еңбек етіп келесіз. Осы бағыттағы табандылығыңыз қашанда жоғары бағаға лайық. Қаламгерлердің өмірі мен өнегесін жаңа қырынан танитын портреттік очерктеріңіз де ұлттық тұлғатану институтын ілгерілетуге қосылған құнды үлес екені сөзсіз. Сіз шәкірт тәрбиелеудің де озық үлгісін көрсеттіңіз. Бүгінде тәліміңізді алған ізбасарларыңыз еліміздегі белді басылымдарда жауапты қызметтер атқарып жүр. Бүгінде қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы ретінде парасат биігінен көрініп келесіз. Әрдайым осылай мәртебеңіз жоғары, абыройыңыз асқақ болсын. Ойға алған арман-мұраттарыңыз орындала берсін!» деп Сенат спикері ізгі ниетін білдірген.
Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің Басшысы Роман Скляр да Ғабит Іскендерұлының ұлт журналистикасын өркендету жолындағы қажырлы еңбегін атап көрсетіп, өзі абыроймен басқарып отырған бас басылымның ел руханияты мен қоғамдық ой-пікірді дамытудағы орны зор екеніне тоқталған. Бұған қоса мерейтой иесінің ұйымдастырушылық қабілеті мен азаматтық ұстанымы замандастарының, оқырман қауымның ізетіне ие екені айтылған.
Бұдан соң Дихан Қамзабекұлы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын жария етті.
«Өзіңізді отандық журналистиканың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан қарымды қаламгер, ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген қайраткер азамат ретінде білеміз. Ғұмыр жолыңызды қазақ баспасөзінің өркендеуіне арнап, журналистиканың биік талаптарына сай еңбек етіп келесіз. Ұзақ жылдар республикалық басылымдарда жемісті қызмет атқарып, кәсіби шеберлігіңізбен, ұлт мүддесіне деген жанашырлығыңызбен көпшілік құрметіне бөлендіңіз. Қаламыңыздан туған тұщымды дүниелер оқырманның рухани дүниесін байытып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерудегі азаматтық ұстанымыңызды айқын танытып келеді. Алдағы уақытта да еңбегіңіздің жемісін көріп, абыройыңыз арта берсін» деп Аида Балаева тілектестік танытыпты.
Лебіздер легінен Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев та тыс қалмапты. Оның құттықтауын басқосуға қатысқан құрметті қонақ Қуат Бораш жеткізді. Министр хатында Ғабит Іскендерұлын масс-медиа саласының білікті менеджері ретінде бағалайтынын, ұлт баспасөзін өркендетуге сіңірген еңбегі еселі екенін айта келе, ізгі мұратына жетіп, абырой биігінен көріне беруіне тілектес екенін білдіріпті.
Сонымен қатар алқалы жиында бас редакторға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хаттары табысталды.
Басқосу барысында сөз алған замандас әріптестері мен ізбасар шәкірттері Ғабит Іскендерұлының қаламгерлік шеберлігімен қатар, ғибратты ұстаздық жолына кеңінен тоқталды. Жиналған қауым мерейтой иесінің адами болмысындағы зиялылықты, оның үлкенге де, кішіге де бірдей танытатын қамқорлығы мен шынайы кісілігін ерекше атай келе, бұл қасиеттердің бүгінгі жас буын үшін таптырмас үлгі екенін жеткізді.