Баспана басты нысана

15.10.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Қасым-Жомарт Тоқаев президент қыз­метіне кіріскелі баспана мәселесі әлеуметтік саясаттың негізгі бағытына ай­налды. 2019 жылдан бастап құрылыс қар­қынын үдету, тиімді несиелеу жол­дарын табу, осал топтарды қолдау мақ­са­тын­да кешенді қадамдар жасалды. Әсіресе көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шек­теу­лі жандар, жас мамандар мемлекет на­зары­нан тыс қалған жоқ.

Президент 2019 жылғы Жолдауында Үкіметке бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеуді тапсырған. Содан бері құрылыс қарқыны артты. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылы республика бойынша 19,1 млн шаршы метр пайдалануға берілген. 2025 жылы бұл көрсеткіш 20,1 млн шаршы метрге жеткен. Оның 13,52 млн шаршы метрі көппәтерлі тұрғын үйлерге, 6,42 млн шаршы метрі жекеменшік жер үйлерге тиесілі. Құрылыс көлемі жағынан ірі қалалар көш басында тұр. Былтыр Астанада 4,81 млн, Алматыда 2,61 млн, Шымкентте 1,38 млн шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне ұсынылды. Өңірлерде де оң өзгеріс байқалады: Жетісу облысында статистика 11 пайыз, Алматы облысында 10,2 пайыз, Қарағанды облысында 9 пайыз өскен. Биыл да құры­лыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Мысалы, қаңтар-тамыз айларында 11,33 млн шар­шы метр аудан бой көтерді. Мұның өзі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,6 пайыз жоғары.

Мемлекеттің әлеуметтік саясаты ха­лық­тың қаржылық құралдарын қатар да­мытты. «Нұрлы жер» бағдарламасы ая­­­­сын­да жаңа тұрғын үй алқаптарына су, электр, жылу, кәріз желілері тартылды, сондай-ақ кредиттік және жалдамалы баспана салу те­тіктері қалыптасты. «Отбасы банк» млн-даған адамның баспанаға қаржы құйып, қарыз алуына қарайласып жатыр. «Бақытты отбасы» бағдарламасы көп­ба­лалы, мүгедектігі бар бала өсіріп отырған, то­лық емес отбасыларға мүмкіндік сый­ласа, «7-20-25» бағдарламасы азамат­тар­дың бастапқы баспанаға қол жеткізуін көз­деді. Зейнетақы жинағының бір бөлі­гін пайдалану құқығы да халықтың тұр­мы­сын түзеуге септігін тигізді. Пре­зи­дент 2021 жылғы Жолдауында бұл бастаманың нәтижесіне ерекше тоқталды. Үлес­кер­лер­дің ақшасын алаяқтықтан қорғау үшін «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» та­рапынан кепілдік беру тетігі бекітілді.

Тұрғын үй құрылысының дамуы тек бір саламен шектелмейді. Жаңа ТК-лар са­лын­ғанда құрылыс материалдарына, ло­гис­тикаға, инженерлік жұмыстарға, жи­һаз-мүлікке, құрал-жабдыққа сұраныс ар­­тады. Жаңа мөлтек аудандарға су, электр, жы­лу желілері, жолдар, әлеуметтік ны­сан­дар қажет болады. Өз кезегінде бұл эконо­ми­ка­ның тамырына қайтадан қан жүгіртеді.

Ұлттық статистика бюросының мәлі­ме­тінше, 2025 жылы Қазақстандағы тұр­ғын үй қорының жалпы ауданы 448 млн шаршы метрге жуықтаған. Жан басына шақ­қанда баспанамен қамту көрсеткіші 25,1 шаршы метрді (қалада – 27,4, ауылда – 21,3 шаршы метр) құраған. Ендігі міндет – осы қар­қын­нан айырылмай, жан-жақ­ты қолдау шара­ларын әлі де жалғастыру.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью