Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Өкінішке қарай, ел аумағында бесіктен белі шықпай жатып балалардың өзі шектен тыс қатыгездікке тап болып жатқаны шындық. Салдарынан мектеп жасындағы өрімдей балалар арасында да түрлі қылмыс пен құқықбұзушылық көбейді.
Түйткіл Ақмола облысында да аса өткір күйде қалып отыр. Елдегі білім беру саласы қашан да болсын түрлі реформалар мен жобалардан, концепциялар мен тұжырымдамалардан кенде болған емес. Дегенмен таяуда Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың Ақмола облысындағы білім беру саласына қатысты баяндамасы өңірдегі талайдан бері қордаланған аса өткір жайттардың басын ашып берді. Әсіресе, балалар қауіпсіздігі мәселесі өзекті екені байқалды. Министрдің өзі өңірдегі кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алаңдатарлық жағдайға жеткенін ашық мойындаған.
– Ақмола облысында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша бірқатар проблемалық мәселе орын алуда. Мәселен, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жағдай әлі де алаңдатарлық. Бұл жүргізіліп жатқан шаралардың тиімсіздігін растайды. Нақты айтсақ, 2025 жылы кәмелетке толмағандар қатысқан 80 құқықбұзушылық тіркеліп, жасөспірімдер қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 2024 жылдың осы кезеңінде 65 жағдай тіркелген. Олардың ішінде жеке адамға қарсы құқықбұзушылықтар басым, – дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрліктің ресми деректеріне жүгінсек, өңірде кәмелет жасына толмағандардың қатысуымен жасалған құқықбұзушылық өткен жылы 19,4 пайызға дейін артқан.
Осындай жағдайда облыстық білім басқармасынан күтілетін іс көп. Басқарманың туындаған жағдайларға орай жүзеге асыратын жоба-жоспарын білмекке арнайы сауал жолдаған едік. Басқарманың ресми жауабында «Адал Азамат», «Дос болайық», «Қауіпсіздік сабақтары», «Прокурор сағаты» сияқты бұрыннан бар жобалар аталды. Алайда, басты сұрақ ашық күйде қалды. Егер осы орындалып жатқан бағдарламалар шынымен тиімді болса, онда құқықбұзушылықтардың саны неге еселеп артып отыр? Берілген жауапта бірде-бір аудан, бірде-бір мектеп бойынша нақты нәтижелік көрсеткіш, құқықбұзушылықтың қай жерде, қандай себеппен азайғаны немесе артқаны туралы талдау байқалмады.
Өкініштісі сол, өткен жылдың қарашасында бала өлімімен аяқталған қайғылы оқиға өңір тарихындағы аса ауыр трагедиялардың бірі болды. Целиноград ауданында 14 жастағы жап-жас жеткіншек пышақ жарақатынан қаза болды. Тұтас өңірді дүр сілкіндірген жағдай ел ішінде үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Аталған оқиғаға қатысты білім басқармасы жауапкершілікті ата-анаға ысырумен шектелген. Ресми түсініктемеде баланың ата-анасы профилактикалық жұмыстан бас тартқаны, ал мектеп барлық алгоритмді мүлтіксіз орындағаны алға тартылады. Алайда, бұл жерде аса маңызды сұрақ жауапсыз қалған. Егер ата-ана бас тартса, тұтас жүйе, яғни мемлекет пен мектеп өз жауапкершілігін толықтай алып тастай ма?
Министр баяндамасында аймақта балалар арасында жеке адамға қарсы құқықбұзушылықтардың да шамадан тыс көбейгені аталады. Әсіресе, Целиноград, Бұланды және Аршалы аудандарындағы ахуал алаңдатарлық күйге жеткені баян етіліпті. Алайда, басқарма жауабы тек жекелеген тәртіптік шаралармен ғана шектелген. Бір директор қызметінен босатылып, бірнеше орынбасарына тәртіптік жаза қолданылған. Болған жайттың себептерін анықтауға емес, салдарын жоюға ғана бағытталған іс.
Министр облыстағы балалар әл-ауқаты мен қауіпсіздігінің төмендігін ашық мойындап, оған өңірде өткен жылы 258 бірдей ата-анадан өтініш түскені айқын дәлел болатынын тілге тиек еткен.
– Ең көп өтініш Ақмола облысының білім басқармасына (100), Бурабай ауданының білім бөліміне (21) және Зеренді ауданының білім бөліміне (16) түскен. Сонымен қатар министрлікке жолданған өтініштердің басым бөлігі жергілікті атқарушы органдардың деңгейінде-ақ қаралуы мүмкін екенін атап өтемін. Бұл фактілер жергілікті атқарушы органдардың қызметін ұйымдастыруда жүйелі кемшіліктердің бар екенін көрсетеді, – дейді баяндама барысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
258 өтініштің басым бөлігі министрлікке тікелей жолдануы жүйеге деген сенімнің әлсірегенін көрсетпей ме? Егер жергілікті деңгейде тиімді жұмыс атқарылған болса, ата-аналар неге министрлікке тікелей жүгінуге мәжбүр? Басқарма ұсынған жауапта бұл өтініштердің қаншасы нақты шешілгені, қаншасы толық орындалғаны айтылмайды.
Министр баяндамасында өңірдегі мектептердің тәрбие жұмысының тым шатқаяқтап кетуінің негізгі себебін психолог қызметінің әлсіздігінен көреді. Психологтардың өзі кәсіби шекті деңгейден өте алмай тұрғаны министр баяндамасында тайға таңба басқандай айқын көрсетілген.
Жауапқа жүгінсек, білім ордаларында камералар орнатылып, турникеттер қойылып, дабыл түймелері іске қосылған. Дегенмен бұл камералар балаларға жанашыр болып олардың ішкі күйін анықтай ала ма? Тек болған қайғылы жағдайды айна-қатесіз көрсетіп беруге қауқарлы. Ал жағдайдың алдын алу үшін кәсіби психологтар мен жауапты басшылар қажет.
Балалар қауіпсіздігі жайлы министр баяндамасы мен басқарма жауабы бірін-бірі мүлде толықтырмайды. Мәселе тек Ақмола облысында ғана емес, тұтас ел аумағында бар екенін ешкім жоққа шығара алмас. Ойлантар тұс – біздің трагедиядан кейін ғана сөйлейтініміз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы