Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек нотариустардың микроқаржы ұйымдары, ломбардтар мен коллекторлардың пайдасына атқарушылық жазбаларды жаппай заңсыз беру фактілері туралы мәлімдеді. Бұл туралы ол бүгін нотариаттық қызмет мәселелері бойынша заң жобасын қарау барысында айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек нотариустардың микроқаржы ұйымдары, ломбардтар мен коллекторлардың пайдасына атқарушылық жазбаларды жаппай заңсыз беру фактілері туралы мәлімдеді. Бұл туралы ол бүгін нотариаттық қызмет мәселелері бойынша заң жобасын қарау барысында айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Депутаттың айтуынша, ұсынылып отырған түзетулер нотариустардың жауапкершілігін күшейтіп, нотариаттық қызмет саласында жиналып қалған түйткілді мәселелерді реттеуі тиіс.
Базарбек заң жобасында нотариаттық қызметті Кәсіпкерлік кодекстің реттеуінен шығару, дербес деректер бойынша талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік, азаматтардың ЭЦҚ-сын үшінші тұлғаларға беруге тыйым салу, сондай-ақ нотариустың мәмілеге қатысушылармен аффилирленген болуына қатысты шектеулер қарастырылғанын атап өтті.
"Осы уақытқа дейін заңнаманың әлсіздігінен қылмыстық ойы бар кейбір жосықсыз нотариустар, ашығын айтқанда, шектен шығып отыр. Бұл жай сөз емес. Бүгін қабылданып жатқан заң жобасы нотариат саласындағы осы озбырлықтың тамырына балта шабуға бағытталған", - деді мәжілісмен.
Ол Бас прокуратураның 2023 жылғы 28 қыркүйектегі ұсынысына сілтеме жасады. Базарбектің айтуынша, бұл құжатқа сәйкес, ел бойынша ондаған нотариус заңсыз қызметпен айналысқан.
"Нотариустар жалған қарыздар, жалақы, мемлекеттік сатып алулар бойынша заңсыз атқарушылық жазбалар беріп, азаматтардан микрокредит берешектерін өндіру кезінде заңдылықты жаппай бұзған", - деді ол.
Депутат заң бойынша атқарушылық жазба даусыз талаптар бойынша - борышкердің өзі қарызды және міндеттемелердің орындалмау фактісін мойындаған жағдайда ғана қолданылатынын еске салды. Алайда мәжілісмен бірқатар жағдайларда нотариустар борышкерлерден қарызды мойындау туралы жазбаша келісім мен растайтын құжаттарды талап етпегенін атап өтті.
"Микроқаржы ұйымдарының, ломбардтар мен коллекторлардың мүддесі үшін нотариустар ешқандай дәлелсіз жазбалар беріп, адамдарға ойдан шығарылған, дәлелденбеген қарызды немесе міндеттемелерді іліп қойған. Мұндай жағдайларда нотариустар атқарушылық жазба жасауға құқылы емес. Егер олар мұны жасаса, онда адамға кейде тіпті жоқ қарызды таңып берді деп есептей беріңіз", - деді Базарбек.
Депутаттың мәліметінше, республика бойынша жүргізілген тексерістер нәтижесінде даусыздық пен қарызды мойындау талаптарына сай келмейтін 280 мың атқарушылық жазба анықталған. Атап айтқанда, Алматы бойынша - 133 мың, Астанада - 15 мың, Қызылордада - 95 мың, Қарағандыда - 9 мың жазба тіркелген.
Сонымен қатар депутат жекелеген нотариустардың микрокредиттік және коллекторлық ұйымдармен аффилирленген болуы мүмкін екенін айтты.
"Іс жүзінде біз тек нотариустарды ғана емес, олармен ауыз жаласып, дәлелсіз, ойдан шығарылған қарыздарды өндіру схемасын ойлап тапқан микрокредиттік және коллекторлық ұйымдарды да қатаң жазалауымыз керек", - деді ол.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, әрбір мұндай атқарушылық жазба үшін нотариус микроқаржы ұйымдары мен коллекторлардан орта есеппен 5 мың теңгеге дейін алып отырған. Ол сондай-ақ түскен пайданың бір бөлігі үшінші тұлғалар арқылы немесе қолма-қол ақша түрінде микроқаржы және коллекторлық ұйымдардың қызметкерлеріне қайтарылып отырғанын мәлімдеді.
"3 жылдың ішінде бұл нотариустар микроқаржы және коллекторлық ұйымдардың қызметкерлеріне 400 миллион теңге аударған. Яғни, нотариустар арқылы жоқ қарыздарды өндіру жүйелі жолға қойылған. Бұл нотариат емес, бұл - заңдастырылған рэкет", - деп есептейді депутат.
Базарбек жекелеген нотариустардың фамилияларын атап, аударылған сомаларды жариялады. Сондай-ақ ол прокуратураның ұсынысы бойынша неліктен осы уақытқа дейін тиісті шаралар қабылданбағанына таңданыс білдірді.
Мән-жайы"Қандай микрокредиттік ұйымдар, ломбардтар мен коллекторлық ұйымдар жауапқа тартылды? Бұл сұраққа ешкім жауап бере алмайды. Түрмеге жабылғандар қайда? Қылмыстық істер қайда?" - деп сұрақ қойды депутат.
Бұған дейін бір жыл ішінде нотариустар мен сот орындаушыларының әрекетіне 40 мыңнан астам шағым түскенін жазған болатынбыз. Сол кезде Әділет министрлігі азаматтардың атқарушылық жазба туралы көбіне шоттарына бұғат қойылып, шектеулер енгізілгеннен кейін ғана білетінін түсіндірген еді. Мәселені шешу үшін ведомство тапсырыс хаттарды 1414 нөмірінен келетін SMS-ке және eGov-mobile-дың push-хабарламаларына алмастыруды ұсынды.
Сондай-ақ біз банк шотын бұғаттауды кім және не себепті бастауы мүмкін екендігі туралы айтқан болатынбыз. Себептердің қатарында кредиторлар алдындағы мерзімі өткен берешектер, салықтар, әлеуметтік аударымдар мен айыппұлдар бойынша қарыздар аталды. Атқарушылық құжат сот орындаушысына жұмысқа түскен кезде, борышкер тек қарызды ғана емес, сонымен бірге орындау бойынша шығындарды да төлеуге мәжбүр болатыны хабарланды.
Бүгін Мәжілісте қазақстандықтардың шоттарын бұғаттауға, шетелге шығуын шектеуге және қарыздарын сотсыз өндіруге негіз болатын нотариустардың атқарушылық жазбалары туралы мәселе көтерілді.