Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Іс-шараға Сенат депутаттарымен бірге сарапшылар қауымдастығының, ғылыми және талдау орталықтарының, салалық институттардың өкілдері, сондай-ақ Сенат жанындағы сарапшылар клубы мен Taldau Community мүшелері қатысты.
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан реформалардың стратегиялық маңызына назар аударды. Сондай-ақ ол жаңа Конституция жобасы қоғамның саяси жүйені терең жаңғыртуға қатысты сұранысының жарқын көрінісі екенін атап өтті.
«Конституциялық реформа – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздегі саяси жүйені терең және жүйелі жаңғыртуға бағытталған бастамаларының заңды әрі дәйекті жалғасы. Жаңа Конституция жобасының негізі заң мен тәртіп қағидатына, азаматтардың мүдделері мен құқықтарына, сондай-ақ табиғатты қорғауға жауапкершілікпен қарауға және орнықты даму бағдарына табан тірейді. Бұл – бекітілген нақты конституциялық нормалар арқылы Әділетті Қазақстан идеясын жүзеге асырудың айқын көрінісі», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы Конституция жобасы мәні жағынан Қазақстанның даму философиясын жаңартып, мемлекеттіліктің жаңа кезеңін айқындайтын тарихи құжат екенін айтты. Ол құжатты қоғамдық талқылаудың деңгейі ауқымды екенін және Конституциялық комиссия жұмысы ашық әрі жария түрде жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті.
«Конституциялық комиссияның жұмысы ашық және жария түрде жүргізілуде. Отырыстар тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Комиссияға азаматтардан көптеген өтініш-ұсыныс келіп түскені де белгілі. Іс жүзінде жаңа Конституция кең ауқымды қоғамдық талқылау барысында қалыптасуда. Бүгінгі дөңгелек үстел – осы ауқымды әрі жауапты диалогтың бір бөлігі. Алдағы кезеңде Конституцияда айқындалған құндылықтар мен идеяларды нақты тетіктерге, болашақ заңдар мен құқық қолдану тәжірибесіне көшірудің маңызы зор», – деді Сенат Төрағасы.
Басқосу барысында «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институтының директоры Мадина Нұрғалиева жаңа Конституция жобасына негіз болған басты ұстанымдарды атап өтті. Оның айтуынша, Негізгі заңға ұсынылып отырған өзгерістер елдің жинақталған тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстанның институционалдық даму жолын логикалық тұрғыдан жалғастырады.
«Қолданыстағы Конституция тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңінде қалыптасып, енді ғана дербес мемлекет ретінде орныға бастаған елдің ұстанымдары мен құндылықтарын бейнеледі. Ал жаңа Конституция жобасы Қазақстанды кемеліне келген, қалыптасқан мемлекет ретінде танытады», – деді Мадина Нұрғалиева.
Қазақстанда экологияны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жаңа Конституция аясында ерекше мәнге ие болып отыр. Сала мамандарының айтуынша, жаңа конституциялық нормалар мемлекетке қоршаған ортаны қорғау міндетін жүктеп қана қоймай, азаматтардың да бұл үдерістерге белсенді қатысуына құқықтық негіз қалыптастырады. Жиынға қатысқан «Ұлттық энергия үнемдеу орталығының» басқарма төрағасы Елдос Абақановтың сөзінше, жаңа Конституция экологияға деген көзқарасты түбегейлі өзгертеді.
«Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекет ретінде орнықты дамуды қамтамасыз етуге тиіс. Пайдалы қазбалар экономикалық өсімнің маңызды факторы болып отыр, алайда басым міндет – оларды қайта өңдеу арқылы қосылған құнды арттыру. Қазір жаңа Конституция аясында бұл қағидаттар кеңейтіліп жатыр. Мемлекет экологиялық және экономикалық қауіпсіздікті қатар қамтамасыз етеді, ал азаматтар табиғатты қорғау ісіне белсенді қатыса алады», – деді сарапшы.
Іс-шара барысында Парламент Сенаты Төрағасының орынбасарлары, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшелері Жақып Асанов пен Ольга Перепечина, Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің Төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Нұрлан Бекназаров сөз сөйледі. Сондай-ақ Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрайымы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Жұлдызай Ысқақова және білім беру саласының сарапшысы Мәдина Тыныбаева жаңа Ата Заңның жобасы жөнінде пікір білдірді.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша қатысушылар конституциялық реформаны сараптамалық тұрғыда сүйемелдеудің маңызды екенін айтып, алдағы уақытта сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екенін білдірді.