Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Партия үшін әрбір алматылықтың пікірі маңызды
Алматы қаласының қақ ортасында, Арбатта, «Әділет» партиясы тұрғындардың ұсыныстары мен талап-тілектерін қабылдайтын тұрақты қоғамдық алаңның жұмысын бастады. Үгіт-насихат науқаны аяқталғанға дейін бұл алаң күн сайын жұмыс істеп, әрбір алматылыққа партия кандидаттарымен тікелей кездесуге, өзекті мәселелерді көтеруге және қаланың дамуына қатысты ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік береді.
Қоғамдық алаң халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматы ретінде құрылды. Дәстүрлі кездесулерден ерекшелігі – мұнда күн сайын тұрғындарды қабылдау, кандидаттармен ашық кездесулер өткізу, ұсыныстар мен талап-тілектерді жинау ұйымдастырылады. Түскен барлық өтініштер жүйеленіп, партия кандидаттарына жолданып, ең өзекті бастамалар партия жұмысының басым бағыттарын айқындауға негіз болады.
Алғашқылардың бірі болып Құрылтай депутаттығына «Әділет» партиясынан ұсынылған кандидат Сергей Пономарев алматылықтармен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар Алматы қаласының Бас жоспарын іске асыру, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту, жол сапасы, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, қоғамдық көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экология және әлеуметтік салаға қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
«Алматы – белсенді әрі бейжай қарамайтын азаматтардың қаласы. Қаланы дамыту үшін қандай өзгерістер қажет екенін ең алдымен тұрғындардың өзі жақсы біледі. Сондықтан Арбаттағы қоғамдық алаң – әрбір адамның үні естілетін орын. Біз ұсыныстарды есеп үшін жинап отырған жоқпыз. Біз алматылықтардың идеялары мен талап-тілектерін тыңдап, оларды нақты бастамалар мен шешімдердің негізіне айналдыру үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді Құрылтай депутаттығына «Әділет» партиясынан ұсынылған кандидат Сергей Пономарев.
Қоғамдық алаң үгіт-насихат кезеңі аяқталғанға дейін күн сайын жұмыс істейді. Мұнда әрбір тұрғын партия кандидаттарымен тікелей кездесіп, өзекті мәселелерді көтеріп, Алматының болашағына қатысты өз ұсыныстарын білдіре алады.
«Әділет» партиясы бұл бастаманы қоғаммен ашық әрі тұрақты диалог орнатудың тиімді тетігі деп санайды. Партия үшін әрбір алматылықтың пікірі маңызды. Сондықтан тұрғындардың ұсыныстары мен талап-тілектері партияның алдағы жұмысы мен нақты бастамаларының негізіне айналмақ.
Қарапайым жұмысшылардың пікірі ескеріледі
Қарағанды облысында «Әділет» партиясының сайлауалды штабының мүшелері Qarmet компаниясының №2 жылу электр орталығының еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында энергетика саласының мамандары өндірісті жаңғырту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейту, кадр даярлау және өнеркәсіптік өңірлердің тұрақты дамуына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Ашық диалог форматында өткен жүздесуде қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Еңбек ұжымының сұрақтарына Құрылтай депутаттығына кандидаттар Вадим Басин, Арман Қалықов, Тілектес Адамбеков және Никита Шаталов жауап берді. Кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, онда өндіріс орындарында еңбек ететін азаматтардың ұсыныстары мен бастамалары ескерілгенін атап өтті.
Кездесу барысында сөз алған Құрылтай депутаттығына кандидат Вадим Басин өндірістік кәсіпорындардың дамуы мен еңбек адамының мүддесін қорғау партия жұмысының маңызды басымдықтарының бірі екенін айтты.
- Бүгінгі кездесулердің басты мақсаты – адамдарды тыңдау. Өндіріс орындарында еңбек етіп жүрген азаматтардың көтерген мәселелері мен ұсыныстары партия бағдарламасында көрініс табуы тиіс. Біз еңбек адамының құқығын қорғауға, қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруға және өнеркәсіптік өңірлердің әлеуетін арттыруға бағытталған нақты бастамаларды қолдаймыз, – деді Вадим Басин.
Өз кезегінде №2 жылу электр орталығының қызметкері Ержан Сейтов мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталды.
Бізді толғандыратын мәселелерді тікелей жеткізіп, нақты жауап алу маңызды. Бүгін еңбек ұжымы атынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Олардың назарға алынатынына сеніміміз бар. Ең бастысы – қарапайым жұмысшылардың пікірі ескеріліп, ашық диалогтың болуы», – деді ол.
«Әділет» партиясының сайлауалды штабы еңбек ұжымдарымен кездесулерді жалғастырады. Мұндай алаңдар азаматтардың ұсыныстарын жинақтап, өңірлерді дамытуға бағытталған нақты шешімдерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Еңбек адамын қолдау – экономиканы күшейтудің басты кепілі
Қызылордадағы ірі өндіріс ұжымында еңбек адамының әл-ауқаты, ауыл шаруашылығының келешегі және өңірдің экономикалық дамуы ашық талқыланды. «Әділет» партиясының Қызылорда облыстық сайлауалды штабының мүшелері мен Құрылтайға үміткерлер өндіріс орнында еңбеккерлермен жүздесіп, сайлауалды бағдарламадағы нақты бастамаларды таныстырып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кездесу «Абзал и К» толық серіктестігі ұжымында өтті. Басқосуға облыстық сайлауалды штаб мүшелерімен бірге Құрылтайға үміткерлер Мұрат Әбенов, Нұркен Бақытбекұлы және Мағжан Ералиев қатысты.
Жиныда еңбек адамын әлеуметтік қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру, өңірлік өндірісті дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бастамалар кеңінен таныстырылды.
Мұрат Әбенов өз сөзінде ел экономикасының тұрақты дамуы ең алдымен еңбек адамының жағдайына байланысты екенін атап өтті.
«Еңбек еткен адамның еңбегі әділ бағаланып, әлеуметтік қорғалуы қамтамасыз етілгенде ғана экономика тұрақты дамиды. Сондықтан еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру және адал еңбекті ынталандыру – басты міндеттердің бірі», – деді ол.
Өз кезегінде Нұркен Бақытбекұлы ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы стратегиялық маңызына тоқталды.
«Аграрлық секторды дамыту – тек ауылдың ғана емес, тұтас өңірдің әл-ауқатын арттырудың негізі. Мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, өнім өндірушілерге қолжетімді қаржыландыруды кеңейту, су ресурстарын тиімді пайдалану және ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту – басты бағыттардың қатарында», – деді үміткер.
Ал Мағжан Ералиев өндіріс орындарындағы еңбек ұжымдарымен ашық диалогтың маңызын атап өтті.
«Кез келген бағдарлама халықтың нақты сұранысына негізделуі тиіс. Сондықтан еңбек ұжымдарының ұсыныстары мен пікірлері алдағы жұмыстарды жетілдіруге негіз болады. Әрбір көтерілген мәселе назардан тыс қалмайды», – деді ол.
Кездесу барысында ұжым қызметкерлері еңбек қатынастары, әлеуметтік қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, жұмыспен қамту және өндірісті өркендетуге қатысты партияның әрбір бастамасы өз пікірлерімен үдесіп жатқанын тілге тиек етті. Штаб өкілдері ұжым мүшелерімен пікір алмасып, өзге де ұсыныстарын назарға алды.