Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Тұрақты оқырмандарымыз ел газетінің жас тілшілері Абзал Мақаш пен Елігімай Төңкерді жақсы білсе керек. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітіре сала екеуі де осы қара шаңыраққа тілші ретінде қабылданып, екі жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Қамшы салдырмайтын қабілетті өрендер жұмысқа орналасқалы танымдық, сараптамалық материалдар ұсынып, өзіндік машықтарымен көзге түсіп жүр. Көңіл де жарастырған екен. «Егеменде» елге таныла бастаған екі жастың бүгін үйлену тойы. Редакцияда көңіл қосқан жастардың шаңырақ көтеріп, өз алдына отау тіккені ата мен ананың және жастардың ғана емес, газеттің де қызық-қуанышы. Орайын тапқан қуаныш ұзағынан сүйіндіріп, елге қараған «Егеменнің» екі баласы бақытты болсын дейміз.
Өлеңге де таласы бар Абзал Мақаш бұған дейін шағын жыр жинағын шығарып үлгерген-ді. Жақында ғұлама Толстойдың төрт том күнделігін аударып, аталған туынды оқырманға жол тартты. Елігімайдың да жазған отты өлеңдері оқырманның жақсы бағасын алып үлгерді. Руханият әлеміне де қызмет етуге талпынған жарасымды жұп сана биігіне көтеріліп, баянды ғұмыр кешуге жазсын.