Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 1,8 есеге төмен.
Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, талдау балалар мен жасөспірімдер арасында АИТВ инфекциясы анықталмағанын көрсетті. Сырқаттанғандардың негізгі үлесі, яғни тең жартысы 40-49 жас аралығындағы адамдарға тиесілі. Бұл кезең әлеуметтік және еңбек белсенділігінің ең жоғары уақыты болып есептеледі, бұл өз кезегінде уақтылы алдын алу мен тестілеуден тұрақты өтудің маңыздылығын көрсетеді. Басқа жас топтарында ауру айтарлықтай сирек кездеседі.
- АИТВ инфекциясы деректерінің әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктеріне тоқталсақ, сырқаттанғандар арасында ер адамдар басым. Олардың үлесіне барлық жағдайлардың үштен екісі, ал әйелдерге үштен бірі тиесілі. Қазіргі уақытта өңірде АИТВ инфекциясы көбіне жыныстық жолмен, соның ішінде гетеросексуалды және гомосексуалды қатынастар арқылы беріліп жатады. Сонымен қатар жаңа жағдайлардың едәуір бөлігі әлі де парентеральды берілу жолымен, ең алдымен инъекциялық есірткіні тұтынумен байланысты болып отыр. Көрсеткіштің біршама төмендегеніне қарамастан, бұл мәселе өзектілігін жоғалтқан жоқ және алдағы уақытта да назар аударуды талап етеді, - дейді Н.Мұстаев.
Оның айтуынша, жыл басынан бері АИТВ инфекциясын қасақана жұқтыру фактілері тіркелген жоқ.
Маманның пікірінше, АИТВ инфекциясының алдын алу әрбір адам үшін маңызды болып қала береді және ол бірқатар қарапайым, бірақ тиімді шараларды қамтиды. Ең алдымен, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау: қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын сақтау, соның ішінде жастар арасында жыныстық өмірді ерте бастаудан тежелу, серігіне адал болу және жыныстық қатынастар санын азайту, сондай-ақ қорғаныс құралдарын пайдалану.
Инфекцияны уақтылы анықтауға және емдеуді бастауға мүмкіндік беретін тұрақты әрі құпия тестілеу маңызды рөл атқарады. Инъекциялық есірткіні тұтыну кезінде жұқтыруға жол бермеуге ерекше көңіл бөлу керек, яғни тек стерильді құралдарды пайдалану қажет.
Күнделікті алдын алу шараларының да маңызы кем емес: құлақ тесу және косметикалық процедураларды тек мамандандырылған кабинеттерге, ал татуировкаларды лицензиясы бар студияларға барып жасатқан жөн. Сондай-ақ тек жеке гигиена заттарын - ұстараларды, маникюр құралдарын пайдалану маңызды.
- АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу, соның ішінде жүктілік кезіндегі міндетті зерттеулер жеке бағыт болып табылады. Қауіп-қатері жоғары адамдар үшін инфекциямен жанасуға дейінгі және жанасудан кейінгі заманауи алдын алу әдістері көзделген. Жұқтыру қаупі туындаған жағдайда мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгіну керек, - деп қосты орталық басшысы.
АИТВ инфекциясы – адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындайтын созылмалы инфекциялық ауру. Ол иммундық жүйе жасушаларын зақымдап, ағзаның қорғаныс функцияларының біртіндеп төмендеуіне әкеледі. Бұл кезде ағза ауыр инфекциялар мен ісіктердің кейбір түрлеріне қарсы тұра алмайды.
АИТВ ондаған жылдар бойы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелердің бірі болып қалып отыр. Қазіргі заманғы терапия әдістері бойында аталмыш инфекция бар адамдарға толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 140-тан астам адамның жіті ішек жұқпаларымен ауырғанын жазған болатынбыз.