Батыс Қазақстанда ауыл тұрғыны жаралы аққуды даладан тауып алды

29.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Аталмыш ауыл тұрғыны, зейнеткер Серікқали Нұрадиловтің мәлім еткеніндей, көршісі Нұрлыбай Құспанов мотоциклмен қой бағып жүріп, 29 наурыз күні ауылдан үш шақырымдай жерден жаралы аққуды тауып алған.

- Содан кейін «Жүре алмай тұр, түлкі, қарсақ жеп кете ме деп қорқып тұрмын», деп маған хабарласты. Көлікпен барып, үйге алып келдім. Қазір қорада тұр, жем-суын бердім. Суын ішкен сияқты. Аудандық ветеринарлық станцияға хабар бердім. Ертең мамандарды күтіп, сосын Жақсыбай өзенінің қамысы, қоғасы қалың жеріне жібермек ойым бар, - деді С.Нұрадилов.

Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі облыстық экологиялық-биологиялық орталық директоры Гүлжайна Нұралиеваға хабарласқан еді.

Маманның сөзіне қарағанда, орталықта аққулар тұратын орын тар. Ол жерде солай жараланған аққулар тұр. Сырттан келген аққуды сыйыстырмай талайды.

- Аққуға бидай, арпа, сұлы, үгітілген сәбіз, орамжапырақ қабығын, асқабақ беруге болады, көк шөп жейді. Ас үйден қалған қалдық тамақты бермейді. Бейнетаспадан көрініп тұрғандай, тұмсығынан жараланған, ұшып келе жатып, қалып қойған болуы керек. Маман қараса, ішіне зақым келмесе, қорқынышты емес. Қазір күн жылы, ондай құстарды емдеп, табиғатқа жіберу керек, - деді Г.Нұралиева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 2024 жылғы тасқын кезінде Оралда зообақтағы жануарлар мен құстар қауіпсіз жерге көшірілгенін жазған едік.

Сондай-ақ Оралда мұз үстінде жүрген аққу бейнетаспаға түсіп қалды.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью