Батыс Қазақстанда ауырған ұсақ мал шығынға ұшырады

17.02.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

БҚО ветеринария басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 3 ақпан күні Қамысты ауылдық округіндегі ветеринариялық пунктке А. Есқалиевтің шаруа қожалығынан қаңтар айында 1 қой, 1 қозы, ақпанда 2 қозы өлгендігі жөнінде хабарлама түскен.

Сол күні ветеринар мамандармен барлық қой мен қозыларға ветеринарлық препарат егілген.

11 ақпан күні ветпункт меңгерушісі аудандық ветеринариялық станцияға Қамысты ауылы тұрғынына тиесілі ұсақ малдарының ауруы және өлімі тіркелгендігін хабарлаған.

12 ақпанда осы жағдайды анықтау мақсатында Жәнібек аудандық аумақтық ветеринариялық инспекциясының басшысы мен аудандық ветеринариялық станция директоры шаруашылыққа барды. Шаруашылықта барлығы 69 қой, 20 қозы бар екендігі анықталды. 11 қойда (мұрыннан бөлінді ағу, көздің жасаурауы) ауру белгілері байқалып, олар бөлек қораға оқшауланды.

— Қозылардың арасынан біреуі өлген, 5 басында ұқсас клиникалық белгілер тіркеліп отыр. Барлық ауру белгісі бар қозы мен қойға қажетті емдік шаралар жасалып, антибиотиктік ем жүргізілді. Жалпы шығын — 5 бас. Мал бірнеше күн бұрын өлгендіктен, патологиялық материал алу мүмкіндігі болмады. Мал иесіне қозылардың жатағын уақытылы тазалап, ауыстыру, ауру малды оқшаулау және ветеринариялық-санитариялық талаптарды қатаң сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда аталған жағдай ветеринар мамандардың жіті бақылауында, — деп хабарлады ведомстводан.

Жәнібек ауданы әкімдігі диагнозды нақтылау және эпизоотиялық жағдайға кешенді тексеру жүргізіліп жатқанын жеткізді.

— Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешімдер қабылданады. Лабораториялық зерттеулердің нәтижелері мен одан әрі қабылданатын шаралар туралы қосымша ақпарат барлық тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін ұсынылады, — делінген ресми мәліметте.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жылқылардың аштан өліп жатқаны рас па, соны жазған едік.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью