Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің мәлім еткеніндей, соның 293 мың гектары дәнді дақылдар (93 мыңы – күздік, 200 мыңы – жаздық бидай) болмақ.
Оның сөзіне қарағанда, сондай-ақ 123 мың гектарға (52 мыңы – күнбағыс, 71 мыңы – мақсары және басқалары) майлы дақылдар себілмек. 4 300 гектарға картоп, көкөніс-бақша дақылдары отырғызылады. Мал азықтық дақылдардың көлемі – 205 мың гектар (біржылдық шөптер – 19 мың га, сүрлемдік дақылдар – 1,7 мың га, көпжылдық шөптер – 33 мың га және өткен жылдардан қалған көпжылдық шөптер 151 мың га).
- Осы жоспар үдесінен шығу үшін тыңайтқыштар көлемін 60 900 тоннаға дейін арттыру, ауыл шаруашылығы техникаларының паркін 8 пайызға жаңарту, элиталық тұқымдардың үлесін 6,2 пайызға дейін жеткізу, сондай-ақ суармалы жерлердің алқабын 12,1 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Биыл өңірге көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 15,5 млрд теңге қаралды. Соның ішінде өсімдік шаруашылығын субсидиялау бағдарламалары мен қызметтер көрсетуге жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінсе, «Кең дала» және «Кең дала – 2» несиелеу бағдарламалары бойынша 12,9 млрд. теңге бөлінді, - деді Ж.Халиуллин.
Басқарма басшысының айтуынша, облыста субсидиялау бағдарламалары бойынша шаруалар алдында берешектер жоқ. 2025 жылдың соңында «күту парағына» түскен өтінімдер бойынша биыл толықтай төлем жасалды.
Күні бүгінге дейін биылға өсімдік шаруашылығына қаралған қаражаттар есебінен агроқұрылымдарға 249 млн теңге субсидия төленсе, «Кең дала» және «Кең дала – 2» несие бағдарламалары арқылы 4 млрд теңгеге жуық несие берілді. «Кең дала» және «Кең дала – 2» несиелеу бағдарламалары бойынша қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен олардың аудандардағы несие серіктестіктері, екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің ауыл шаруашылығы құрылымдарынан жинақтап ұсынған мәліметтеріне сәйкес жаздық егіске қажет 30 мың тонна тұқым толық дайындалды.
Қазіргі уақытта тұқым сатушылармен жасалған келісімшарттар негізінде кейбір диқандарға тұқымдар әлі де әкелініп жатыр.
Көктемгі дала жұмыстарына қатысатын барлық техникалар жөнделіп, дайындалуда. Бүгінде қолда бар техникалардың әзірлігі – 83 пайыз. Бұл жұмыс науқанға дейін толықтай аяқталмақ.
Маусымдық дала жұмыстарын сапалы әрі уақытылы атқару үшін диқандарды арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл шығынды азайтып, егіс науқанын кедергісіз өткізуге мүмкіндік береді.
- Егіске қажет дизель отынының көлемі өткен жылдың желтоқсан айында шаруалармен ұсынылған өтінімдер негізінде электронды түрде қалыптастырылды. Осы өтінімдерге сәйкес Батыс Қазақстан облысына Атырау мұнай өңдеу зауытынан 10,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі дизель отынына бекітілген баға бойынша нақты ақпарат ұсынған жоқ. Осыған байланысты жергілікті жерде дизель отынын жеткізуші операторды анықтау мәселесі уақытша кешеуілдеп тұр. Дегенмен бұл мәселенің жауабы жақын күндері белгілі болып, операторды анықтау бойынша тиісті шаралар қабылданады, - деп қосты Ж.Халиуллин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда шаруалар жем-шөптен тарықпауы үшін не істелуі керектігі туралы жазған едік.