Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Казталов ауданы Көмекші ауылының тұрғыны Айзада Улянованың мәлім еткеніндей, аталмыш жолдың Қабансай тұсында су молынан ағып жатыр.
— Телегей теңіз су. Қатынас қиынға айналды. Жылда қайталанатын, әбден жыр болған жағдай осы. Енді жаңбыр жауса, қатынас мүлдем тоқтайды. Асфальт салынады деп күткенімізге қанша жыл болды. Біз де тас жолмен жүргіміз келеді, — дейді А.Улянова.
Осыған байланысты Kazinform тілшісі Казталов ауданы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.
Әкімдіктен алынған мәліметке қарағанда, қар қатты ерігендіктен, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгеріміндегі аталмыш жолдың төмен орналасқан бөлігінде судың асып өтуі орын алуда. Жол — топырақ жамылғылы, ені 10 метр, су асып өткен бөліктің ұзындығы шамамен 100 м, тереңдігі 2-5 см.
— Аталған проблемалық учаскеде осы жолға қызмет көрсететін «SSS Stroy» ЖШС тарапынан тиісті жол белгілері орнатылып, ауыр арнайы техниканың кезекшілігі ұйымдастырылды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы орган тарапынан кезекшілік қамтамасыз етілді. Автокөлік қозғалысы бұзылған жоқ. Елді мекендерге қауіп жоқ. Жағдай аудан әкімдігінің бақылауында, — деп хабарлады ведомстводан.
БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиевтің нақтылауынша, Алгай-Жалпақтал-Жұлдыз-Қарасу жолының 70-90 шақырым бөлігіне (Қабансай жағы) қатқыл табанды жол салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалған.
— Қазіргі кезде құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. Бәрі де қаражатқа байланысты, жолдың қашан салынатыны әзірге белгісіз. Мүмкін, биыл бастап кетерміз, — деп қосты басқарма басшысы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда шалғай ауылдарға асфальт жол қашан салынатынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ БҚО-да тұрғындар жолдың нашарлығын айтып, наразылық білдірді.
БҚО-да жолды күтіп ұстамаған мердігер мекемеге айыппұл салынды.