Батыс Қазақстанда киіктердің малға ауру таратып жатқаны рас па

16.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, Казталов ауданы Қараоба ауылы маңында киіктердің ерні жара, аузынан сілекей ағып жүр. Бірқатар бейнежазбада басқа да ауылдарда өлген киіктер түсірілген.

– Жәнібек ауданы Ақоба, Күйгенкөл ауылдық округтерінде мал аузынан сілекей, көбік ағып, көптеп ауырып жатыр. Олардың бәрі де – егілген мал. Соған қарамастан, киіктен жұқтырғандықтан, осындай кеселге ұшырады. Ветеринарлар малдың ауыз қуысын емдеп жатыр, – дейді тұрғын. 

Осыған орай Kazinform тілшісі БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына арнайы сауал жолдады.

Басшының міндетін уақытша атқарушы Қайрат Қадешевтің мәлім еткеніндей, бейнетаспаға түсірілген киіктен ветеринарлық қызмет сынама алған.

– Сынаманы аса қауіпті аурудың бар-жоқтығын анықтау үшін «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» РМК-ға жолдайды. Нақты қорытындысы кейін белгілі болады, – деді Қ.Қадешев.

Оның айтуынша, жыл басынан бері табиғи жағдайда өлген 2 199 бас киіктің ұшалары жиналып, өртеу әдісімен жойылды.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы Ғайса Әбсатиров Қазақстанмен шектесетін мемлекеттер аумағында аса қауіпті аурулар бойынша эпизоотиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты бұл мәселенің өте өзекті екендігін жеткізді.

Ғалымның пікірінше, көршілес елдердің ұлттық ветеринария қызметтері келісілмеген әрекетке, атап айтқанда, аусылдың айқын белгілері бар малды Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға барып жатыр. Бұған ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің шекарадағы мамандары тарапынан тосқауыл қойылып та жатыр.

– Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында ақбөкендердің мекендеу және көшіп-қону аймағында киіктер арасында аусылдың көріністері тіркеліп отыр. Киіктің бір тәулік ішінде ұзақ қашықтықтықтарға бара алатындығын ескерсек, бұл мал шаруашылығы үшін үлкен қауіп туғызады. Сондықтан ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мамандардың оқиға орын алған жерлерге барып, эпизоотияға қарсы іс-шараларды шұғыл ұйымдастыруы қажет, – деді Ғ.Әбсатиров.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қанша киік ауланғанын жаздық.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью