Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Атақты Достоевский 1856 жылы 14 желтоқсанда Семейден досы Шоқанға жазған хатында «мен сізді жанымдай жақсы көремін. Мен сізді жақсы көргендей ешуақытта, ешкімді де, керек десе туған аға-інімді де жақсы көрген емеспін. Қымбатты Уәлиханым, менің ниетімнің таза екеніне, тегі, ешқандай дәлелсіз сенерсіз. Егерде бұл туралы мен он кітап жазсам да, көңілдегінің бәрін түгел жазып тауыса алмас едім. Қиялымның ішінде бір шындық бар, ол шындық – сіз өз халқыңыздан Еуропа біліміне қолы жеткен бірінші адамсыз», деп жазады. Шоқанды одан артық түсінген адам болды ма екен деген ой сап ете түсері анық. Даңқты орыс зиялысы осылай дей келе, «өз міндетіңізді ұғудың өзі сізге көп жауапкершілік жүктейді, сізге құдай жар болсын!» деген тілек айтады.
Шоқан Шыңғысұлының есімі қазақ даласын ендей өтіп, Ресей мен Еуропаның ғылыми орталарында да жоғары бағаланды. Қысқа ғана ғұмыр кешкеніне қарамастан, Шоқан бір өзі шығыстану, этнография, тарих, география, фольклортану ғылымдарына үлкен үлес қосты. Әсіресе, Батыс ғалымдары оның Қашқарияға жасаған сапары мен Орталық Азия жөніндегі зерттеулерін ерекше бағалады. Соның нәтижесінде қазірге дейін Орталық Азия туралы кітап жазған Батыс ғалымдары өз еңбектерінде ең алдымен Шоқанға сілтеме жасайды. Бір ғана мысал айтайық, америкалық ғалым Э.Аллуорз құрастырып, 1967 жылы АҚШ-та жарық көрген «Орталық Азияның Ресей отарындағы бір ғасыры» атты ғылыми еңбекте ғалымдар Шоқан Уәлихановтың аталған аймақ туралы ғылыми мақалаларына сілтеме жасайды.
Орыстың шығыстанушы ғалымдары Шоқанды «құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өткен ғалым» деп атағанын жақсы білеміз. Белгілі зерттеуші Н.И.Веселовский оның болашағынан зор үміт күткенін де жазған. Шоқанның еңбектері алғаш рет Еуропа ғылыми ортасына Ресей Географиялық қоғамы арқылы таныстырылды. Оның «Жоңғария очерктері», «Алтышаһарға сапар», «Қырғыздар туралы жазбалар» секілді еңбектері Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін Батысқа танытқан маңызды дереккөзге айналды.
Енді Шоқанның даңқы Батыс әлеміне сонау 1865 жылы жеткені туралы айтайық. Осы жылы Шоқанның «Орталық Азиядағы орыстар» атты кітабы ағылшын тіліне аударылып, Лондонда жарық көріпті. Бұл тарихи еңбек Джон және Роберт Мичеллдердің аударуымен басылып шыққан. Кітапта Ресей империясының Орталық Азияға қарай кеңеюі, Сырдария әскери шебі, сондай-ақ Хиуа, Бұхара және Қоқан хандықтарымен қарым-қатынасы кеңінен баяндалады.
Аталған еңбектің ерекше құндылығы – Шоқан Уәлихановтың 1858–1859 жылдары Қашқария мен Жоңғарияға жасаған сапарына қатысты жазбаларының енгізілуінде. Шоқанның зерттеулері арқылы Батыс оқырмандары Шыңжаң мен Жоңғария өңірінің географиясы, тұрмысы, этнографиясы және саяси ахуалы туралы маңызды мәліметтер алды. Кітапта Шоқан (Capt. Valikhanof), М.Венюков және басқа да орыс саяхатшыларының еңбектері пайдаланылған. Авторлар қазақ даласының Ресей империясы құрамына ену үдерісін, Орталық Азия хандықтарының саяси жағдайын және аймақтағы халықаралық бәсекелестікті жан-жақты сипаттайды. Батыс зерттеушілері бұл еңбекті XIX ғасырдағы Ресейдің Орталық Азиядағы отарлық саясаты мен «Ұлы ойын» кезеңін түсіндіретін аса маңызды дереккөздердің бірі деп бағалайды. Ал Шоқан Уәлихановтың Қашқария туралы жазбалары еуропалық ғылыми орта үшін бұрын беймәлім болған аймақ жөніндегі ең сенімді мәліметтердің қатарында саналады.
Батыс зерттеушілері Шоқанды тек ғалым ретінде ғана емес, Шығыс пен Батысты жалғаған мәдени көпір ретінде бағалады. Ағылшын және америкалық ғылыми еңбектерде ол «алғашқы еуропалық білім алған қазақ ғалымы» ретінде сипатталады. Шоқан туралы кейінгі шетелдік ғылыми кітаптарда да оның тұлғасына ерекше назар аударылған. Ағылшын зерттеушісі Ник Филдингтің «Шоқан Уәлиханов және ағылшын әлемі» (Chokan Valikhanov and the English-speaking world) атты ғылыми мақаласында Шоқанның XIX ғасырдағы ағылшын тілді ғылыми ортаға қалай танылғаны жан-жақты баяндалады. Автор Лондондағы Корольдік географиялық қоғам мүшелері Шоқан еңбектеріне ерекше қызығушылық танытқанын мақтанышпен айтады. Оның Қашқария туралы мәліметтері Батыс әлемі үшін аса құнды болғанын, себебі бұл аймақ туралы сенімді ақпарат өте аз екенін оқырманға жеткізді.
Сонымен қатар Батыс зерттеушілері Шоқанның фольклор саласындағы қызметіне де жоғары баға берген. Ол қырғыздың әйгілі «Манас» жырын алғаш ғылыми тұрғыдан зерттеп, Еуропаға таныстырған ғалымдардың бірі болды. Бұл туралы ағылшын тіліндегі энциклопедиялық еңбектерде арнайы айтылады. Шоқанның тұлғасы бүгін де халықаралық ғылыми ортада қызығушылық тудырып келеді. Оның ағылшын тіліне аударылған шығармалары Лондон мен АҚШ кітапханаларында сақтаулы тұр. 2000 жылы Кембридж университетімен бірлесіп жарық көрген «Шоқан Уәлихановтың таңдамалы шығармалары» (Selected Works of Chokan Valikhanov) жинағы Батыс оқырмандарына қазақ ғалымының мұрасын қайта таныстырды.
Шоқан Уәлиханов – қазақ ғылымының ғана емес, әлемдік шығыстану ғылымының да көрнекті тұлғасы. Оның еңбектері арқылы Батыс жұртшылығы қазақ даласының тарихы мен мәдениетін тереңірек таныды. Сондықтан Шоқан есімі әлемдік ғылым тарихында мәңгі жарқырай бермек.