Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасының мәліметінше, дәрігерлер барлық қажетті емдеу және диагностикалық шараларды жүргізгенімен, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
«Жүргізілген барлық емдеу-диагностикалық шараларға қарамастан, науқастың 14-ші күні жүрек қызметі тоқтады. Реанимациялық іс-шаралар жүргізілгенімен, биологиялық өлім тіркелді», деп хабарлады аурухана өкілдері.
Дәрігерлердің айтуынша, бойжеткен ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген. Ол анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде ем қабылдаған.
«Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Реанимация бөлімінде дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері тәулік бойы бақылау жүргізді. Аурухана марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады», делінген хабарламада.
Еске салсақ, 27 маусым күні Алматыдағы Баум тоғайында 19 жастағы қыздың үстіне ағаш құлаған болатын. Салдарынан ол комаға түсіп, мидағы қысымды азайту үшін дәрігерлер оның бассүйегінің бір бөлігін алып тастауға мәжбүр болды.
Марқұмның отбасы адвокат жалдап, кінәлілерді жауапқа тартуға ниетті. Ал Алматы әкімдігі құлаған ағаштың сараптамаға жіберілгенін мәлімдеді.