Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Қамырды майға қуырып пісіретін тағамды ыстық тамақпен де, тәттімен де жеуге, шаймен ішуге де болады. Сол себепті, қонақ шақырғанда, әр дастарханға қойыла береді.
Бауырсақтың алғаш қашан пайда болғаны нақты белгісіз. Бірақ көшпенді өмір салтымен байланысты шыққаны анық. Себебі тез дайындалады, ұзақ сақталады әрі жолға алып шығуға болады.
Ұлтымыз ежелден нанды қадір тұтып, қастерлейді. Сондықтан мейманның алдына бауырсақ қою – сый-құрметтің белгісі. Жолаушыларды қонақ қылу, ас-ауқат ұсыну – әлі де қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі.
Аталған тағамның атауының өзі туысқандық пен бірлікке меңзейді, яғни «бауыр», «бауырлас», «бауырласу» сөздерімен түбірлес.
Уақыт өте келе, оның символдық мәні тереңдей түсті. Түркі дәстүрінде бауырсақ молшылық, игілік, береке, жомарттық және қонақжайлықты білдіреді. Сондықтан бүгінде бұл тағам меймандарға да ұсынылады әрі күнделікті өмірде де пісіріле береді.
Бауырсақтың түрлері мен дайындау тәсілдері
Бұрын бауырсақты жануардың, әсіресе, қойдың майына қуырған. Бұл тәсіл тағамның сыртын қытырлақ, ішін жұмсақ қылған. Ал қазір ол, негізінен, өсімдік майына қуырылады. Дәстүрлі дәмді сақтау үшін жануар майын қосатындар да бар.
Бауырсақтың пішіні әртүрлі болады: дөңгелек, сопақ, төрт бұрышты, үш бұрышты, ромб тәріздес т.б. Бұл әр өңірдегі салтқа немесе әр отбасыда қалыптасқан дағдыға байланысты.
Тағамды пісіретін қамыр да әртүрлі. Біреулер ашытқымен, өзгелер ашытқысыз, ал кейбір қыз-келіншектер сүзбемен дайындайды. Қамырға ашыған сүт және жұмыртқа қосып, әзірлейтіндер де бар.
Фото: Мақсат Шағырбаев/ KazinformКөшпенді өмір салты бауырсақтың түрлерін де тудырған. Мысалы, «жол бауырсақты» жолға деп дайындаған. Қамырды ұзын әрі жіңішке қылып, илеген. Сосын жолда тамақ пісіргенде, шетінен үзіп алып, қызып тұрған майға салып, қуырған. Ал «ши бауырсақ» – аталған тағамның тәтті түрі. Жіңішке әрі қысқа қамырды қуырып, піскен соң, бал немесе қант қосқан.
Бауырсақты немен жейді
Бұл тағамды әркім талғамы мен тәбетіне қарай әртүрлі жей береді. Оны жүрек жалғау мақсатында талғажау етуге болады. Ыстық тамақпен не етпен нан орнына жеуге де келеді. Әрқилы тұздық қосатындар бар. Не болмаса, тосап пен балға малып, шаймен ішетіндер де кездеседі. Әдетте, қазақстандықтар тамақтан кейін шай ішетіндіктен, бауырсақты десерт ретінде қарастыруға да болады.
Мақаланың түпнұсқасын ағылшын тілінде мына сілтемеден оқи аласыз.
Айта кетейік бұған дейін ұлттық тағамдарымыз 2028 жылға қарай экспортта 50-80 млн долларға жетуі мүмкін екенін жазғанбыз.