Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Батыр атамыз осы сәлемхатын: «1942 жылғы 4 январьда Қазақстан делегациясының председателі, КК(б)П Орталық Комитеттің қызметкері Қабылбаев жолдас менімен әңгімелескенде, біздің дивизияны толықтыратын әскерлерді іріктеп алуға сізді айрықша қатынасып отырғаныңызды айтты. Бұл әңгімеден бірнеше күн өткеннен кейін бізді толықтыруға жаңа күштер келді. Мен оларға ерекше көңіл бөліп, жаңа келген жауынгерлерді бөлімшелерге таратуға қатынастым. Жасыратыны жоқ, бұлар ол кезде маған ұнамады. Стройда болмаған, икемділігі кем, өздері өте жас, алғашқы ұрыста-ақ қоянның көжегіндей жан-жаққа қашып кете ме деп ойладым. Қысқасы, жаңа келген жауынгерлермен бірінші ұрысқа шыққанға дейін мен ішімнен қауіптеніп жүрдім. Оларды даярлауға бізге тек бір апта уақыт берілді. Бұл уақыттың ішінде біз олармен әбден түсінісуге үлгере алмадық, ұйымдастыру мәселелерін үнемі асығыс шешіп отырдық. Бізге өте қиын, жауапты жауынгерлік міндет жүктелді. Солтүстік-Батыстың ызғарлы қысы жағдайында қырық градус аязда жолсыз ережелермен ұзақ жол жүріп, қиын жорық жасауға, майданды бұзып өтуге, гитлершілердің тонаушы армиясын тұтас армиялық топтарын бөліп алып, Қызыл Армияның басқа бөлімдерімен бірге күш қосып, оккупанттарды қоршап, құртуға тура келді» деп бастаған екен.
Баукеңнің хатында майданға келген қазақ жігіттерінің жауынгерлік икемділігі нашар екені айтылыпты. Осы арқылы Қазақстан билігіне майданға жіберген солдаттарды арнайы дайындықтан өткізіп, шынықтырып барып, соғысқа салуды ұсынады. Өйткені дайындықсыз келген ауыл адамдары жан беріп, жан алысқан шайқаста шыдас беруі екіталай. Тіпті өзінің қорғаныс шебін тастап, қаша жөнелуі әбден мүмкін. Мұндай жағдай туындаса хат иесі Бауыржан Момышұлы айтқандай, абыройсыздыққа тап болып, қазақ халқының атағына дақ салары хақ.
Әрі қарай батырдың хатын жүлгелеп түсіндірер болсақ, майдан шебіне табан тіреген қазақтар тез ысылыпты. Олар жолсыз жермен шеру тартып, күртік қарды кеше отырып, дұшпанның жерден және әуеден жаудырған оғы астында, 200 шақырым ілгері басқан екен. Нәтижесінде, 62 деревняны фашистердің тепкісінен азат етумен қатар, екі мың жаудың көзін жойыпты.
«Біздің бөлімше дұшпаннан 125 автомат, 13 танк, 16 зеңбірек пен миномет, көп оқ-дәрі, азық-түлік, соғыс жабдығын және басқа көп қару-жарақ қолға түсірді. Бұл кескілескен қатты ұрыстарда Қазақстанның ұлдары неміс оккупанттарға қарсы қалай күресіп, оларды қалай рақымсыз күйрету керек екенін тағы да айқын көрсетті. Өздерінің сүйікті социалистік отанына, өздерінің халқына, шын берілгендіктің үлгісін көрсетті. Біз Қызыл Армияның шын жауынгеріне, совет патриотына лайықты асқан ерлікпен, жан аямай соғыстық, батырлықтың, жүректіліктің үлгісін көрсеттік – дивизияның командованиесі біздің жауынгерлік қимылдарымызға осындай баға берді. Мен талай ұрыстарға қатысқан командирмін, сондықтан біздің жауынгерлердің командирлер мен саяси қызметкерлердің командованиеден ондай зор баға алуға лайықты жауынгерлік қимылдарын өз көзіммен көрдім. Сіздер жіберген жас жауынгерлер менің алғашқы қауіптенгенімдей болмай шықты, олар негізінде өздерін жақсы ұстап, ерлік, жүректілік, батырлық көрсетті. Жас жауынгерлер асқан күшті жігермен, жас қырандардай тайынбай ұрысқа ұмтылды», деп жазады батыр атамыз өзінің хатында.
Одан кейін батыр Баукең өз қолымен жазған хат мәтінінің ортасын ойып «Жарайсың, жігіттер, жарайсың, қазақ ұлдары» деп тақырып қойып, ұрыста ерлік көрсеткен жауынгерлердің іс-әрекетін тәпіштеп баяндайды. Атап айтқанда, майданға жаңа келген жас жауынгерлер – Лениногорск жұмысшысы Жұмажан Батталов, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы Сталин колхозынан Жалынбек Егенбердиев екеуі ерекше ерлік көрсетіп, үкіметтің наградына ұсынылғаны жайлы баяндайды.
«Әсіресе Лениногорск жұмысшысы гвардеец қызыл әскер Төлеген Тоқтаров үздік ерлік көрсетті. Ол ұрыстардың бірінде батыр өліммен қаза тапты. Біз Төлегенді үкіметтің ең жоғары наградына – Ленин ордені мен Советтер Союзының Геройы атағын беруге ұсындық», депті Бауыржан батыр.
Жоғарыдағы ұсыныс командование тарапынан қолдау тауып, 1943 жылы 30 қаңтар күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен қазақ азаматы Тоқтаровқа «Совет Одағының Батыры» атағы берілгенін білеміз. Ал бұл іске Б.Момышұлының қатысы барын көпшілік қауым біле бермейді.