Бейбіт күннің батырлары. Ақордада құтқарушылар қалай марапатталды?

19.10.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Ақорданың Мәрмәр залында аксельбант таққан офицерлер мен салтанатты форма киген генералдар марапаттау рәсіміне дайындалып жатты. Бұл құтқарушылар: 19 қазан - олардың кәсіби мерекесі.

ТЖМ офицерлері мен генералы Ақордада марапаттау рәсіміне дайындалып жатыр. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Мундир кигендер арасында мүлдем басқа стильдегі киім көзге түсті: жеңінде азаматтық авиация ұшқыштарына тән алтын түсті жолақтары бар костюм. Бұл Ми-8 тікұшағы экипажының командирі Александр Чеботкин болатын. Ол осы тікұшақпен Алматы маңындағы тауларда өрт сөндіріп, адамдарды 3 500 және 4 000 метр биіктікте құтқарады, өйткені ол жерден өзге жолмен эвакуациялау мүмкін емес.

Александр Чеботкин. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Оның авиацияда жүргеніне 52 жыл болған, қазір өзге ұшқыштардан емтихан қабылдайды. 19 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев оған "Ерлігі үшін" медалін табыс етті.

Бұл күні ол ғана емес, шен тақпаған тағы бірнеше адам марапатталды: тізімде Қызылорда және Абай облыстарынан келген екі шаруа қожалығының директоры болды. Ақордадағы рәсімге дейін, рәсім кезінде және одан кейін не болғанын Tengrinews.kz тілшісі баяндайды.

Бұл күні таңертең 13 адам марапатталуы тиіс еді, барлығы қобалжып тұрды. Бірі қобалжуын әзілмен жасырса, погон таққандар негізінен тік тұрып, үнсіз қалды: кительдері мен жеңдерін түзеп, галстуктарының қисайып кетпеуін қадағалап жатты.

Олардың өз уайымы бар. Президентке саптық адыммен, камералардың алдында бару керек және мұны әдемі орындағылары келді: шатаспай, өзін таныстырып, "Қазақстан Республикасына қызмет етемін!" деп айту - басты мақсат.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Құтқарушылар шақыртуға баратын жұмыс киімімен келгендер де болды: кеудесінде тегі жазылған, жеңінде туы бар, ауыр берц киген. Қара-қызыл күрте киген солардың бірі Чеботкиннің қасында тұрды. Оның галстугына қарап, қолын созып, түзеп қойды.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Бірнеше минуттан соң залға Президент кірді. Қасым-Жомарт Тоқаев рәсімді құттықтаудан және "құтқарушы" сөзінің мән-мағынасына тоқталудан бастады.

- "Құтқарушы" сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. "Құтқару" – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға.

Ол мамандыққа жоғары талап қойылатынын айтты: "Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды".

Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Президент ауқымды мәселелерге де тоқталды: реформалар, 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция және жаңа үлгідегі армия туралы айтты. Конституцияда адам мен оның өмірі ең жоғары құндылық екені бекітілгенін, ал құтқарушылар бұл қағиданы күн сайын қорғап жүргенін еске салды.

Құтқарушылар қозғалмастан мұқият тыңдап тұрды.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Сөйлеген сөзінде өткір пікірлер де айтылды:

- Апатқа көбіне адамдардың өзі себеп болатынын мойындау керек. Егер әркім өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындаса, апаттардың алдын алып, адамдардың өмірін сақтауға болар еді. Кейбіреулердің немқұрайдылығы мен салғырттығының салдары тым қымбатқа түседі.

Бұл сөздерді біреудің салғырттығынан туындаған қиындықтарды жоюға бірінші болып жететін адамдар тыңдады.

Содан кейін Президент сандарға көшті. Бес жыл ішінде құтқарушылар 750 мыңнан аса  шұғыл шақыртуға барған, бұл күніне шамамен төрт жүз шақырту деген сөз, 240 мыңға жуық адамға көмек көрсетті. Үш жыл ішінде оларға үш мыңға жуық техника, соның ішінде ұшақтар, тікұшақтар мен кемелер сатып алынған. 

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Тоқаев еліміздегі құтқарушыларды даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны - Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясын "тұтас саланың ұстаханасы" деп атады. Залда осы ұстахананың түлегі, академияның бөлім бастығы Алексей Цуркан тұрды. Бұл күні ол II дәрежелі "Айбын" орденін алды.

Алексей Цуркан саптық адыммен орнына қайтып барады. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Президент қиналған адамға көмек қолын созу – ұлтымыздың болмысына сіңген дағды деп атап өтті.

- Мемлекет осындай адамдарды ешқашан назардан тыс қалдырмайды, оларға лайықты құрмет көрсетеді, - деп атап өтті ол.

Осыдан кейін марапаттау рәсімі басталды.

Маңғыстау облысы мен Астана Төтенше жағдайлар департаменттерінің бастықтары ІІ дәрежелі "Даңқ" орденімен марапатталды. Олар: Қуанар Базарбаев және Марат Күлдіков. ІІ дәрежелі "Айбын" ордені, Алексей Цурканнан бөлек, Алматы ТЖД бастығының бірінші орынбасары Данияр Анриге берілді. Погон таққандар Президентке саптық адыммен жақындап, залда қайта-қайта: "Қазақстан Республикасына қызмет етемін!" деген сөздер естілді. 

Қуанар Базарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда баспасөз қызметі

"Құрмет" орденімен Шығыс Қазақстан облысы ТЖД бас маманы Елена Нарзиева марапатталды, ол марапат иелері атанған он үш адамның ішіндегі жалғыз әйел. Тағы екі "Құрмет" ордені министрлік өкілі Ерік Есмахановқа және Тимирлан Дзауровқа бұйырды, ол кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық штабын басқарады.

Гүл ұстаған - Елена Нарзиева, ШҚО ТЖД бас маманы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

"Ерлігі үшін" медалін төрт адам алды: "Барыс" қызметінің бас құтқарушысы Дархан Байдекенов, Қызылордадан келген аға өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрсұлтан Жалғасов, Алматы жедел әрекет ету орталығының құтқарушысы Дархан Рысбаев және Александр Чеботкин. Олардың үшеуінде погон болмады: екеуі жұмыс киімімен, үшіншісі ұшқыш кителімен келді.

Ұшқыштың галстугын түзеп берген Дархан Рысбаев марапатын алуға жұмыс киімімен шықты. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

"Ерен еңбегі үшін" медалі екі шаруа қожалығының директорына - Қызылорда облысынан Әбдіхамит Аралбаевқа және Абай облысынан Жанат Ибрагимовқа табысталды. Осылайша, бұл күні Қызылорда облысынан екі адам марапатталды: өрт сөндіруші мен фермер.

Шаруа қожалығының директоры Жанат Ибрагимов және Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Рәсімнен кейін мен Александр Чеботкиннен таңертең қандай сезімде болғанын және қазір не сезініп тұрғанын сұрадым. Таңертең бәріміз қобалжыдық, ал Президент шыққанда қобалжу сәл басылды, дейді ол.

- Бірақ онымен қол алысқанда, әйтеуір менде қатты толқу болды. Әрине, мұндай жағдай менде алғаш рет болып тұр.

Александр Петрович бұл жерде толқу ма, әлде марапат па, нақтыламады.

Марапат иелері. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Ол еңбек жолын спорттық ұшақтардан бастаған: Алматы аэроклубының нұсқаушысы болды, жоғары пилотаждан Қазақстан құрамасының намысын қорғады, Кеңес одағы құрамасына кандидат болды. Кейін азаматтық авиацияға ауысып, тікұшақ тізгінін меңгерді, содан бері соларды басқарып келеді. Адамдарды құтқаруға қалай келдіңіз деген сұраққа қысқа қайырды:

- Құтқару - біздің міндетіміз. Біз әртүрлі жұмысты атқарамыз.

Оның айтуынша, әртүрлі жұмыстың ішінде Медеу, Шымбұлақ және Ақбұлақтағы аспалы жолдар да бар: оларды монтаждауға осы тікұшақтар қатысқан.

Ол өзінің ең күрделі операциясы ретінде жақында болған оқиғаны атайды. Тауда бір қыз аяғын сындырып алған - ашық сынық. Оны басқа жолмен алып шығу мүмкін болмаған соң, экипаж оны әуеде қалқып тұрып, көтеріп алған.

- Қалқып тұру деген - тікұшақ бір орында қозғалмай тұрады, - деп түсіндірді Чеботкин.

Тікұшақ жарда қалқып тұрды, ал қызды жүк кабинасына құздың үстінде тұрып беріп жіберді.  

- Оны бортқа тиеу үшін бірнеше сантиметрге дейін жақындау керек болды.

Қыздың қасында болған альпинистер мұның бәрін жоғарыдан видеоға түсіріп алған. Рәсімнен кейін Чеботкин маған сол видеоны жіберді.

Маңғыстау облысы ТЖД бастығы, генерал-майор Қуанар Базарбаев салтанатты киімдегі сол генералдардың бірі болды. Ол бұл қызметке қырық жылын арнаған. Одан да есінде қалған операциясы туралы сұрадық.

Қуанар Базарбаев. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Ол 2019 жылды және Қаламқас кен орнын еске алды. Ол жерде жер астынан газ шығып, өрт тұтанған. Оттың биіктігі Бәйтеректің жартысындай болды. Лапылдаған ыстық маңайлатпады. Үш тәулік бойы сөндірді.

Өрттен кейін қоластындағы қызметкерлер не дегенін ол айтпады.

- Ең бастысы, жойдық, жеңдік. Ең негізгісі осы емес пе.

Оның ізін басып жиендері де осы саланы таңдаған: Мәскеудегі академияны бітірген, бірі Астанада, екіншісі Петропавлда қызмет етеді. Мамандық таңдауда бірде-бір рет өкінбегенін айтады генерал.

- Лайықты мамандық. Жақсылық жасайды. Біз де мұғалімдер, дәрігерлер сияқтымыз, біздікі бейбіт мамандық. Біз адамдарды құтқарамыз.

ТЖМ мәліметінше, жыл басынан бері құтқарушылар шақыртуларға 82 мыңға жуық рет шығып, 8,8 мыңнан аса адамды құтқарған. Осы уақыт ішінде 112 бірыңғай нөміріне 4,2 миллионнан аса қоңырау түскен.

Мәрмәр залдағы рәсім жиырма минуттан сәл астам уақытқа созылды. Орташа есеппен алсақ, осы уақыт ішінде 112 нөміріне екі жүзден аса қоңырау түсіп, құтқарушылар елімізде шақырту бойынша төрт рет жолға шығып үлгерді.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі 

Авторы: Айсұлтан Құлшыманов 

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью