Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Бейімбет Майлинге өлең жазуды қойдырған – Ілияс Жансүгіров. Бұл оқиға қалай болды?
Екеуі де құрдас әрі дос адамдар. Бейімбет Майлин поэзия мен прозада қатар қалам сілтеген қазақтың қарымды қаламгерлерінің бірі. Ілияс Жансүгіров "Құлагер" поэмасынан кейін "әдебиеттің Құлагері", "талант тұлпары" деген сияқты аттарға ие болған.
1936 жылы Ілияс "Құлагер" поэмасын жазып бітеді. Жалпы, сол кезде қазақ әдебиетінде түрлі жанрлар пайда бола бастайды. Фельетон, пьеса, роман, повесть деген сияқты... Қашан да дастан, қисса, батырлар жырларын білген қазақ қоғамына "поэма жанры қандай?" деген қызығушылық болады.
Ілияс бұл поэманы бітіргеннен кейін Қазақстан жазушылар одағында арнайы оқыған екен. Оны тыңдауға Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароков, Әбділдә Тәжібаев сияқты кейінгі буындар да болған. Осы поэма жарық көргеннен кейін Ілиястың аспандап даңқы кетеді. Кейіннен Бейімбет Майлиннен бір кездесуде "неге өлең жазбай кеттіңіз?" деген кезде ол:
"Ілиястың "Құлагер", "Күй", "Күйші" поэмаларынан кейін өлең жазу бекершілік. Өлеңді Ілиясқа тастадым", – деген екен.
Бұл енді бірден қойып кетпеуі де мүмкін. Ара-тұра жазған да болар. Бірақ та бұл қаламдас досына, құрдасына, қазақ поэзиясының ақтангеріне берген бағасы деп қабылдауға да болады. Бұл туралы Тоқтар Бейісқұловтың "Құлагер ақынның қазасы" туралы кітабынан оқи аласыздар.