Бекіре 2026 : Батыс Қазақстанда 890 миллион теңге шығын келтірген браконьерлер ұсталды

09.06.2026

Azh.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Көрнекі сурет

Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында өткен «Бекіре-2026» кең ауқымды балық қорғау акциясы қорытындыланды. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 8 тонна 461 келі балық тәркіленді. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұрлыбек Гайсин баспасөз мәслихатында мәлім еткендей, акция барысында инспекторлар полиция және Шекара қызметімен бірлесіп, Жайық және Қиғаш өзендерінің криминогендік учаскелерінде, сондай-ақ Каспий теңізі акваториясында бақылауды күшейтті.

Тәркіленген өнімнің 1 тонна 235 келісі бекіре тұқымдас балық болса, 10 келі 724 грамм бекіре уылдырығы анықталған. Сонымен қатар 1 237 дана балық аулау құралы мен 106 бірлік жүзу және көлік құралы тәркіленді.

- Екі ай ішінде 1 239 құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Оның ішінде 936 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 57 іс сотқа жолданған. Құқық бұзушыларға жалпы сомасы 25,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Акция аясында 33 қылмыстық іс қозғалды. Қазір құқық бұзушылардан балық ресурстарына келтірілген залалды өндіру жұмыстары жүргізілуде. Келтірілген шығын көлемі шамамен 890 млн теңгені құрайды, – деді Нұрлыбек Гайсин.

Ал Атырау облысы бойынша 4 тонна 941 келі балық тәркіленді. Оның ішінде 925 келі 300 грамы бекіре тұқымдас балық. Сондай-ақ шамамен 1 келі бекіре уылдырығы, 26 балық аулау құралы және 10 су көлігі тәркіленген.

Өз кезегінде Атырау облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Аманжан Жұмалиев «Бекіре-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында өңірде 236 құқық бұзушылық анықталғанын айтты.

– Оның 222-сі заңсыз балық аулау және балық аулау қағидаларын бұзу деректеріне қатысты. Ал 12 факт балық пен балық өнімдерін заңсыз тасымалдау және әкету бойынша тіркелді, – деді ол.

Акция қорытындысы бойынша Атырау облысында ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша 10 қылмыстық іс, 335-бабы бойынша 1 қылмыстық іс тіркелді. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 383-бабымен 221 адам жауапкершілікке тартылды.

Бүгін, 16:02

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью