Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
– Бексұлтан аға, әңгімемізді жеке шығармашылығыңыздан бастасақ. Мемлекеттік сыйлықты алған «Ай, дүние-ай» романыңызды оқығанда 1916 жылғы Қарқара көтерілісінің ащы шындығын көзбен көріп, қан майданның ішінде жүргендей әсер алдық. Роман басында осы тарихи оқиға туралы мол дерек қалдырған ақын Көдек Байшығанұлы туралы қысқаша айтылады да, сосын ол тұлғаның образына мүлдем қайта оралмайсыз.
– Сұрағыңды түсіндім. «Көдектің әдеби образын неге жасамадыңыз?» дегелі отырсың ғой. «Ай, дүние-ай» романына ұзақ жылғы дайындықпен келдім. Ол шығармадағы әрбір сюжет, әрбір деталь шынайы өмірден алынды. Сондықтан қаламгер ретінде тарихи тұлғаның бейнесінен гөрі халықтың басынан өткен жағдайларды, cол бір қилы кезеңдегі бұқараның хәл-күйін оқырманға жеткізуді маңызды деп білдім. Романның басында Көдек ақын домбырамен ән айтып отырғанын суреттеп, сосын бұл тұлғаға қайта оралмауымның өзіндік себебі бар. Біріншіден, Көдек Қарқара көтерілісінен кейін елмен бірге үркіп, шекара асып кетті. Көтеріліске басынан-аяқ қатысқан жоқ. Екіншіден, менің романымның өзегі – бергі бет. Демек, шекараның арғы жағындағы Көдекке қайырыла соғудың қажеттілігі болмады. Үшіншіден, басты кейіпкер Тазабек Көдектің домбырамен ән айтып отырғанын көреді, сосын онымен қайыра кездеспейді. Біз де өмірде бір тұлғамен жарқ етіп жүздесіп, кейін оны көрмеуіміз қалыпты жайт қой. Демек, өмірдегі жағдай да дәл осы шығармадағыдай өрбіген деп ойлауға болады. Осыны біле тұра бұл араға өтірік қыстырсам, тарихи шындықтан алыстап кетер едім.
– Сіздің «Ерлі-зайыптылар», «Бір өкініш, бір үміт», «Күтумен кешкен ғұмыр», «Бейтаныс әйелдің құпиясы» сынды туындыларыңызды ертеректе жұрт таласа оқыды. Кейіннен бірыңғай тарихи тақырыпқа ойыстыңыз. Сіз ғана емес, замандас қаламгерлеріңіз де осы жолды таңдап, дені өткен заманды жазып кетті. Мұның себебі неде?
– Өзгеге жауап бере алмаймын, өз басым ұлттың өткенін зерттегенді жақсы көремін, тарихты бүкіл ғылымның атасы деп білемін. Сексенінші жылдардың басында кеңес одағы мен қытай арасындағы тоң жібіп, барыс-керіс ұлғайды. Ол жақтан келгендерден көрші елдің мектептерінде Балқашқа дейінгі атамекенімізді «Цин империясына тиесілі жер» деп оқытатынын естідім. Бұған төзуге болмайтынын ойлап, қазіргі Жетісуға ешкімнің көз алартуға хақысы жоқ екенін нақты тарихи деректермен дәлелдеп, ұрпағымыздың санасына сіңіру керектігіне көзім жетті. Осы ниетпен 1984 жылы «Өзендер өрнектеген өлке» деген кітабым жазылды. Кітап жарыққа шығысымен дүрбелең басталды. Өзім білетін екі-үш замандас жазушы Қазақстан Орталық партия комитеттің хатшысы Зақаш Камалиденовке кітаптағы кей деректердің астын қызыл қарындашпен сызып тұрып апарып беріпті. Содан бір-ақ күнде баяғы байлар мен билерді, хандар мен батырларды жоқтаушыға айналып, алашордашылар жазған деректерге сүйенгенім үшін басыма қара бұлт үйірілді.
– Нақты қандай дерекке сүйенгеніңізді айта аласыз ба?
– Мұхаметжан Тынышбаевтың Ташкентте басылған кітабына сілтеме жасағанмын. Тынышбаев 1921–1922 жылдары Түркістан автономиясының Жер-су комиссариатында жұмыс істеген. Сол тұста жазған еңбектері кәдеме жарап еді. Меніңше, ол сілтемелерде тұрған ештеңе жоқ. Үстіме арыз түсіргендердің мақсаты «Жалын» баспасындағы қызметімнен кетіріп, орныма басқа адамды басшы ету еді. Олар дегеніне жетіп, Қазақстан Орталық партия комитетінің съезінде «Өзендер өрнектеген өлке» кітабы Қонаевтың аузымен сыналып, арада бірнеше күн өткен соң «Жалын» баспасындағы жұмысымнан қуылдым. Осылай 1985 жылдың 15 наурызынан бастап, 1989 жылдың 28 қарашасына дейін табаны күректей төрт жыл жұмыссыз жүрдім. «Шиеттей бес баласы бар еді, інісімен, келінімен бір үйде тұрушы еді. Обал болды-ау» деген жан болмады. Осылай тарихты жазамын деп бүкіл дүние қараң қалды.
Желтоқсан көтерілісінен кейін жұмыстан негізсіз қуылғанымды айтып, Колбинге шағым түсірдім. Колбин шағымды Олжас Сүлейменовке жолдапты. Жазушылар одағының басқармасы арызымды деректі шығармалар секциясына қарауға жіберіп, секция жетекшісі Сапар Байжанов тарихшылар мен жазушыларды жинап кітабымды талқылауға шығарды. Қазіргі Мәмбет Қойгелді бастаған тарихшылар да, өзіміздің мүйізі қарағайдай жазушылар да кітаптағы деректерден қателік таппады. Талқылауға қатысқандардың айтқандары «Шындыққа шаң жұқпайды» деген тақырыппен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланып, әділдік орнап, қызметіме оралдым. Осы бір оқиғадан кейін халықтың кешегісін қопарып жазудан безіп кетудің орнына одан әрі ширыға түстім. Бір ғалымның «Саған біреулер өре түрегеліп қарсы шықса, онда шындық сенің жағыңда» деген сөзі бар. Сол сөз демеу беріп, тарихқа біржола бет бұрдым десем де болады.
– Тарихты қаузай берсек, әңгімеміз ұзап кетер, аға. Сұхбатымыздың өзегін алғашқы повесіңіздің жариялануына септігі тиген Мұқағалиға қарай бұрсақ. Қазір Мұқағали туралы түрлі естелік айтатындар көбейді. Соларға қарата «аруақ алдында өтірік айтудан қорқу керек» деп айтқан екенсіз.
– Әдебиет табалдырығын аттаған сәтте-ақ Мұқаң ағалық алақанымен маңдайымнан сипады. Ағаның да ағасы болады ғой. Кейде «Мұқағалиға көзінің тірісінде інілік жасап жарытпадым-ау» деп қиналатын кездерім де болады. Мені өкіндіретіні кейбіреулер Мұқағалиды үнемі ішіп жүретін алқаш атағысы, енді біреулері ол жағын жасырып, мақтай бергісі келеді. Ең дұрысы – шындықтан алыс кетпеу. Қандай ақын болсын, өзінің көңіл күйін жазады ғой. Сырттан қарасаң, Мұқағали да сол ақындар жазған сөз бен ұйқасты қолданады. Бірақ әсері басқаша. Неге? Біз қайғыны «қайғырған адам не істеуі мүмкін?» деп елестетіп отырып жазамыз, ал Мұқаң өйтіп елестетпейді, өзі қайғырып отырып қағазға түсіреді. Сондықтан оның өлеңі өмірдің өз туындысы болып шығады.
Мұқаңның бүкіл өмірі көз алдымда өтті дей алмаймын. Десе де, аз араластық деуге де келмейді. Бүгін ойлап қарасам, Мұқағали аға болмаса «Кінәлі махаббат» атты алғашқы повесімді жарыққа шығара алмас едім. Бақытыма қарай, күтпеген жағдайда алдымнан Мұқағали Мақатаев шығып, екі жыл табандылықпен күресіп жүріп, шығармамды «Жұлдыз» журналына жариялады. Осылай «Кінәлі махаббат» әдебиеттегі жолымды ашты. Кейін 1969 жылы қызмет бабымен Алматыға ауысып, Мұқаңмен жиірек жүздесетін болдық. Алайда «сол бір кездесулердің бәрі бастан-аяқ есімде, ұмытқам жоқ» деп өтірік айта алмаймын. Есімде қалғандарын естеліктерімде жаздым. Оны қазір қайталап айтып жатудың керегі шамалы. Қажет адам тауып оқыр. Мұқағалидың інісі ретінде бүкіл шығармаларын жинақтап, бәрін жарыққа шығаруға көмегімді аяған жоқпын. Қалай десек те, ағамның аруағы маған разы болар деп ойлаймын.
– Бізде о дүниелік тұлғаларды біржола әулиеге айналдырып алатын мінез байқалады. Тіпті ел басқарған азаматтарды бір-біріне қарсы қоятындар да жоқ емес.
– Жұртты кеңес идеологиясы өтірікке әбден үйретіп тастаған. Мәселен, орыстың бүгінгі ғалымдары мен журналистері мұрағаттарды қопарып, кеңес дәуіріндегі жалғандық пен зұлматты ашып көрсетіп жатыр. Ал бізде нақты құжатқа сүйену жоқ. Өзің айтқандай о дүниелік болғандардың денін «әулие» қылып жібердік. «Өлген адамның жаманы жоқ» деп кейбір тұлғалардың ұлтқа жасаған қиянатын, өмірінің көлеңкелі тұстарын, пендешілігін айтқымыз келмейді. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген мәтел жалған екен. Кейінгі отыз жылда өтіріктің тым өміршең болатынына көзім жетті. Осындай жалғандықтарды әшкерелей алмай отырып, кеңестік кезеңдегі ел басқарған тұлғаларды, ұлттың зиялыларын бір-біріне қарсы қоятын, яғни қисынсыз аруақтарды арпалыстыратын психология пайда болды. Мысалы, Дінмұхаммед Қонаев пен Жұмабек Тәшеновті, Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановты бір-бірімен жауластырғаннан бүгінгі қазақ не ұтады? Қонаев пен Тәшенов – бір команданың адамдары. Ол кезде әрбірінің саяси қызмет, лауазымы, халқына деген әділдігі болды.
Біз ең алдымен, Қонаевтың тәуелсіз мемлекеттің басшысы емес екенін ұмытпауымыз керек. Ол кеңес одағына толықтай бодан күйдегі Қазақстанды басқарды. Бұрындары «При Кунаеве казахи пришли в себя» деген әңгіме жиі айтылатын. Осы сөзде шындық бар. 1932 жылдардағы ашаршылықтан бастап, тың игеруге дейін ұлтымыз қаншама қырғынды, қуғын-сүргінді көрді. Тек Қонаев заманында ғана қазақ есін жиды. Ол төңкеріс жасап, тәуелсіз ел болуға талпынбаған шығар. Бірақ кеңестік жүйеде отырып, елімізге салыстырмалы түрде тұрақтылық орнатты. Мәселен, Неміс автономиясы құрылмақ болғанда Қонаев Одақ басшыларының шешіміне ашық қарсы шықса, орталықпен қатынасы үзіліп, ал келіссе халықтың алдында қарабет болар еді. Осындай екі оттың ортасында тұрған Қонаев Тәшеновтің қажыр-жігерін пайдалана отырып, жеріміздің тұтастығын сақтап қалды. Ал Тәшенов болса, ел айтқандай бір өзі неміс автономиясына қарсы болып, солтүстігімізді қорғап қалды десек қателесеміз. Оның қасында Кәкімжан Қазыбаев бастаған Қонаев командасының адамдары жүрді. Егер неміс автономиясын құруға Қонаев келіссе, орталық Тәшеновтің пікірімен санаспас та еді. Яғни екі тұлға бір мақсатта елге қызмет етті. Бізде қазір осындай ақиқатты жоққа шығарғысы келетіндер көп.
– Жоғарыда «Өзендер өрнектеген өлке» атты кітабыңызды Қонаевтың сынағанын айттыңыз.
– «Өзендер өрнектеген өлкені» Қонаев сынап, бірнеше жыл жұмыссыз жүргенім рас. Мені бірінші хатшы емес, оның баяндамасын дайындап бергендер тұқыртпақ болды. Осындай қисынды көре тұра ақиқаттан аттап, тарихи тұлғаны біржақты қаралай берсем кім болғаным? Қонаев заманын ақтағым да, даттағым да келмейді. Осыған дейін ақты – ақ, қараны – қара деп келемін.
– Бексұлтан аға, былтыр әдебиеттегі таңдаулы 100 кітапты анықтадық. «Солардың ішінде кеңестік кезеңнің идеологиясын насихаттайтын, соцреализмнің шырмауында жазылған кітаптар да жүр» деген сын айтылды. Осы пікір қаншалықты әділетті?
– Жүз кітап мәселесіне біржақты қарау дұрыс емес. Мысалы, Сәбит Мұқановтың «Ботагөзі» мен «Өмір мектебін» оқыған ұрпақ сол заманның тыныс-тіршілігін сезіне алады. Ол туындыларды бүгінгі көзқараспен мың рет сынасаң да, «Өмір мектебі» сияқты танымдық кітап таппайсың. Голощекиннің Қазақстанды басқаруға келген жылдардағы адам жанын түршіктірер тарихи шындықты Мұқановтай жазған кім бар? Кеңестік кезеңдегі қаламгерлердің әдебиеттегі орнына баға бергенде саяси жүйені де қаперде ұстау керек. Кешегі аға буын жазушылар коммунистік жүйеге қарсы тұрған жоқ, бірақ түрлі қысымын көре жүріп, шынайы өмірді туындыларына арқау етті. Енді оларды күресінге лақтырамыз деу – қателік. Ұрпақ кешегіні де, бүгінгіні де салыстырып оқуға хақылы.
Рас, бүкіл ел болып жүз кітапты таңдадық делік. Мені сол таңдаудан кейінгі қадамымыз ойландырады. Ол туындыларды қайтадан басып шығарамыз ба? Оны ел-жұртқа қалай насихаттаймыз, қалай оқытамыз? Осы сұрақтарға жауап іздеген жөн. Менің ойымша, жүз авторды тізімдеп қоя салумен іс бітпеуге тиіс. Ол туындыларды әр облыс, әр ауданның мәдениет бөлімдері арқылы насихаттамақ керек. Сонда ғана кітап таралымы өсіп, оқитын ұлтқа айналамыз.
– Кітапты қайта басу дегеннен шығады. Сіз басқарған «Жалын» баспасының кітаптары, өз туындыларыңыз Ахмет Байтұрсынұлының емлесімен жарық көріп келеді. Елден ерек болып, кейінгі ғалымдар бекіткен жазуды қолданбауыңыздың себебі неде?
– Қазақ тілінің дамуына Ахмет Байтұрсынұлы мен Халел Досмұхамедұлындай еңбек сіңірген адам жоқ. Бұл екеуі ғалым ретінде қазақ тіл ғылымының негізін салды. Бірақ отарлаушы билік бізді алдымен араб әліппесінен латынға, кейін латыннан кириллицаға көшірді. Кириллицаға көшірудегі негізгі мақсат қазақ тілінің заңдылықтарын бұзып, біржолата орыс тіліне бейімдеу болды. Осының салдарынан орыстардан енген сөзді өзгертпей жазу талабы орнықты, әліппемізге тілімізде жоқ таңбалар енді. Ахмет Байтұрсынұлы ақталғалы қырық жылға жуық уақыт өтті. Бірақ біздікілер оның емлесіне қайта оралуға батылдық ете алмай отыр. Қазақ тілі құрылысы жағынан – жалғаулы тіл. Демек, түбір сөздің соңғы дыбысы жуан болса, оған жалғанатын қосымша да жуан, жіңішке болса жіңішке болуға тиіс. Қазір біз осы үндестік заңын сақтамай, тілімізді құртып тынатын болдық. Бұл мәселеге қатысты қаншама мақала жазып, мәселе көтердім. Сөзімді тыңдар адам болған жоқ. Сосын қайтеміз, өзіміздің кітаптарды, жазған шығармаларды ескі емлемен басып шығарып, Ахмет Байтұрсынұлы сынды «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп дөңбекшіп жатамыз да қоямыз.
Бүгінгі қазақ қарнының тоқтығына мәз. Олар тілінен, тарихынан, ұлттық санасынан айырылып бара жатса да – бейқам. «Өзім аман болсам болды» деген түсінік ұлтымызды орға жығып тынатын болды. Қазір тойда немересінің орысша, не ағылшынша сөйлегеніне мақтанатындарды көріп жүрміз. Ұрпағыңның қазақ болмайтынына мақтанудан асқан қасірет бар ма? Ұлтты біріктіретін ең басты күш – тіл. Америкада немесе Ресейде қанша ұлт бар, соның бәрін бір ғана тіл біріктіріп отыр. Бүгінгі Қазақстанды да қазақ тілі біртұтас етуге тиіс. Қазіргі фильмдердің екі тілде шұбарланып кеткенін, эфирде тіл тазалығының мүлде жоқтығын көргенде қалай ренжімейсің, қалай түңілмейсің?
– Биыл Құдайдың қалауымен 85 жасқа толып жатырсыз. Осы ғибратты ғұмырыңыздың түйінін түңілуге әкеп тірегеніміз қисынды ма, аға?
– Жоқ, ішке сыймаған дүниелерді айтамыз ғой. Ертеңге деген үміт шырағы ешқашанда сөнбеуге тиіс. Мәселен, қазақтың қазақтығын сақтап тұрған – ән. Небір керемет әншілеріміз бар. Ән, күй, жыр өлмесе – ұлт өлмейді. Өнері бар халық мәңгі жасайды. Қазір ән-күй туралы хабарларды, әсіресе Қытайдағы қазақ әншілерін көп тыңдаймын. Шекараның арғы жағындағы сол әншілерімізді көмейінде баяғы қазақтың әуезді үні мен жоғалмаған жаны бар. «Бізді тарихи Отанымыз тыңдап отыр екен, халыққа үніміз жетіп жатыр екен» десін деп, қытайдағы қазақ әншілері туралы мақала жаздым. Құдай бізге тәуелсіздікті берді. Енді оны сақтап қалсақ екен деп шырылдаймыз. Әйтпесе, жеке бастың қайғысымен түңілетіндей жөніміз жоқ.
– Бексұлтан аға, кейінгі жылдары «Ата жау» атты роман мен «Ғылыми Шыңғыс қаған және оның құпиялары» атты зерттеу еңбек жаздыңыз. Шыңғыс ханға қатысты шығармалардың шу болмағаны сирек. Тағы да бір дау басталады деп ойламайсыз ба?
– Бағана өзің айтқан «Ай, дүние-айды» ойымда әбден пісіріп, жазуға отырғанымда кейбір деректерді нақтылау керек болып, ел аузынан естіген, білетін дүниелерімді мұрағат деректерімен сәйкеспейтініне көзім жетіп, архивке бардым. Осылай алты айдан аса уақыт мұрағатта отырдым. Сол кезде жанарыма зақым келіп, көзім көрмей қалды. Дәрігерлер «жанарыңыздың тор қабығы тозған» дейді. Қазір тіпті жазғандарымды толық оқудың өзі – тауқымет. Жазбаларымды адам жалдап жазғызып, оқытып, тыңдап, түзету енгізіп, қайта жазып өмірім өтіп жатыр. Осындай арпалыспен өзің айтқан «Ғылыми Шыңғыс қаған және оның құпиялары» мен «Ата жауды» жазып шықтым. Баяғы көзім көретін кездегіден жүз есе қиналып еңбек еттім. Осылай арпалысып отырып, дау туады екен деп қорқамын ба? Бұрынғы қазақ сөзге тоқтайтын еді. Қазір сөзге тоқтаудан қалдық. Сондықтан да «Ғылыми Шыңғыс қаған және оның құпияларында» ғылыми деректер мен архив құжаттарына ғана сүйендім. Сөзге тоқтамайтындар мен мысалға келтірген жүздеген құжаттық дерекке қарсы дау айта алмайтынына сенемін.
Әңгімелескен –
Қанат БІРЛІКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Соңғы жаңалықтар
Саясат • Бүгін, 08:48
Төрт жасында 6-сыныптың есебін шығарады
Аймақтар • Бүгін, 08:45
Құқықтық мәдениетті нығайтатын қадам
Қоғам • Бүгін, 08:43
Тіл тазалығы – ғасырға ұласқан мәселе
Тарих • Бүгін, 08:40
Қоғам • Бүгін, 08:38
Басылым • Бүгін, 08:35
Бұқтырылған киік еті саудаға шықты
Өндіріс • Бүгін, 08:32
Таным • Бүгін, 08:30
Еңбек нарығы: маман көп, жұмысшы тапшы
Еңбек • Бүгін, 08:28
Бексұлтан Нұржеке, Қазақстанның Халық жазушысы: Келешекке деген үміт шырағы ешқашан да сөнбеуге тиіс
Сұхбат • Бүгін, 08:25
Ақтауда урологиялық операция жасалады
Медицина • Бүгін, 08:23
Отаншылдық ұғымын қалай түсінесің?
Жастар • Бүгін, 08:20
Қауіпті дертті сәулемен емдейді
Аймақтар • Бүгін, 08:17
Жастар • Бүгін, 08:15
Коалиция мүшелері Алматы облысы жұртшылығымен жүздесті
Реформа • Бүгін, 08:12