Бектенов Ақмола облысындағы индустриялық жобалардың жүзеге асуын тексерді

05.03.2026

Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту және инвестициялық жобалардың іске асу барысымен танысты.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. Үкімет басшысы Көкшетау қаласындағы Kokshe Industry индустриялық аймағын аралап, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған бірқатар жобаларды көрді. Олардың қатарында «ММ Brick» кірпіш зауыты, «Содружество Казахстан» майлы дақылдарды өңдеу кешені және Kedentransservice компаниясының Қазақстан-Қытай құрғақ портын салу жобасы бар.

Қала әкімі Әнуар Күмпекеевтің айтуынша, индустриялық аймақтың жалпы аумағы 600 гектарды құрайды. Қазір 2026-2027 жылдары іске қосу жоспарланған, жалпы құны 22,7 млрд теңге болатын жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар шамамен 670 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал 2030 жылға дейін өңірге 520 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 40-қа жуық жоба іске асырылмақ.

Сапар барысында Премьер-министр «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» кәсіпорнына да барды. Компания 2025 жылы 65 млрд теңгенің 4 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын өндірген. Өндірісті кеңейту нәтижесінде жылдық қуат 5 мың техникаға дейін артып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Алдағы уақытта өндірісті жылына 6 мың техникаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Олжас Бектенов индустриялық жобаларды жедел іске қосу және машина жасаудағы жергілікті өндіріс үлесін арттыру маңызды екенін атап өтті. Жауапты министрліктер мен өңір әкімдігіне инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, қажетті инфрақұрылымды уақтылы қамтамасыз ету тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью