Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Ақтөбе облысында Шалқардағы өндірістік учаскеде бензин құю кезінде болған өрт салдарынан "Қазақстан темір жолының" екі қызметкері жансақтау бөліміне түсті. Зардап шеккендер бірінің қызының айтуынша, әкесінің денесінің 80 пайызын күйік шалған. Отбасы қауіпсіздік талаптары бұзылуы мүмкін екенін айтып, оқиғаның мән-жайын тексеруді талап етті. Оқыс оқиғаны арнайы комиссия тергеп жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"ҚТЖ" магистральдық желі дирекциясының мәліметінше, оқиға 13 қазанда қорғаныш орман екпелері дистанциясының Шалқар өндірістік учаскесінде болған. Күнделікті нұсқаулықтан өткен екі жұмысшыға 200 литрлік бөшкеден бензин қалдығын төгу туралы тапсырма берілген. Алайда осы уақытта қайғылы оқиға болды.
"АИ-92 маркалы бензинді құю кезінде кенет өрт шыққан. Оқиға салдарынан екі қызметкер әртүрлі дәрежедегі термиялық күйік алды. Зардап шеккендерге дереу алғашқы көмек көрсетіліп, Шалқар қаласы аудандық ауруханасына жеткізілді. Қазір оқиғаның мән-жайы заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік еңбек инспекциясының қатысуымен тергеліп жатыр", - деп хабарлады "ҚТЖ" ҰК АҚ магистральдық желі дирекциясының баспасөз қызметі.
Зардап шеккендер бірінің қызы Алмагүл Қасымова әкесі Жұбандық Дүйсенбаевтың денесінің 80 пайызы күйіп, қазір жансақтау бөлімінде жатқанын айтады. Оның сөзінше, отбасы болған жағдай туралы бірнеше сағаттан кейін ғана білген.
Сондай-ақ қыз әкесіне тиесілі өртенген телефонның суретін көрсетті.
"Қазір әкемнің өмірі үшін күрес жүріп жатыр, бүкіл отбасымызбен оның сауығып кетуін тілеп отырмыз. Біздің басшылыққа қояр сұрақтарымыз бар. Адам өміріне қауіп төнетін нысанда қажетті қауіпсіздік шаралары неге сақталмаған? Әкем жүргізуші міндетін атқара тұра, неге бензин құюы керек еді? Бұл жұмыс оның тікелей лауазымдық міндеттеріне кірмейді. Бұл тапсырманы оған кім берді? Біз қызметкерлерге берілетін тапсырмалардың заңдылығы мен қауіпсіздігі тексерілуі тиіс деп санаймыз", - деді зардап шеккеннің қызы Алмагүл Қасымова әкесі отбасындағы жалғыз асыраушы екенін атап өтіп.
Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
"Бұл жағдай "Ақтөбе орман екпелері дистанциясы" кәсіпорнында болды. Ол "ҚТЖ" ҰК құрылымдық бөлімшесі. Бүгінде комиссия құрамы анықталды, мемлекеттік еңбек инспекторының төрағалығымен жазатайым оқиғаны тергеу жұмыстары басталып жатыр. Тергеу 10 жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Аяқталғаннан кейін қорытынды жасалып, себебі анықталады", - деп түсіндірді Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының орынбасары Талғат Исқарин.
Комиссия өрттің шығу себептерін анықтап, еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік талаптары сақталды ма, жоқ па тексеруі тиіс. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен екі адам Шалқар аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу