Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Осы ретте Сырдың бойын жайлаған диқан қауымы үшін әр көктем үміттің бастауына айналып, күзгі мол өнімге деген сенімін еселей түседі. Мұның артында дала еңбеккерлерінің аптап ыстыққа да, су тапшылығына да, табиғаттың тосын мінезіне де қарамай жасаған тынымсыз еңбегі жатыр.
Еңбек мерекесі, диқанның берекесі
Сырдарияның қос қапталындағы тіршіліктің тамыры ежелден егінмен біте қайнасып жатыр. Көктемде жерге дән сепкен диқан үшін күзгі орақ науқаны жыл бойғы еңбектің нәтижесі таразыланатын жауапты кезең саналады.
Биыл да Сыр елінің егіншілері жылдағы дәстүрден жаңылмай дала төсіндегі жауапты науқанды ұйымшылдықпен бастап, алтын дәннен тау тұрғызуға кірісті. Өңірде күздің берекелі кезеңі Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылында облыстық «Дала күні – 2026» шарасы аясында күрішке алғашқы орақ салу рәсімімен бастау алды. Бұл – Сыр топырағында ғасырлар бойы қалыптасқан диқан еңбегіне көрсетілген құрметтің, елдің ырысын еселеп жүрген еңбек адамдарына деген ықыластың белгісі.
Бұл жолғы «Дала күні – 2026» шарасының маңызды бөлігі Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелік егістік алқабында өтті. Қатысушылар күріш шаруашылығына енгізіліп жатқан заманауи технологиялармен танысып, суды үнемдеу, топырақ құнарлылығын арттыру және егіс өнімділігін жоғарылату бағытындағы ғылыми әзірлемелерге назар аударылды. Сондай-ақ күріш өсіруге арналған жаңа техникалар мен жабдықтардың мүмкіндіктері көрсетілді. Өңірдің табиғи жағдайына бейімделген, өнімділігі жоғары күріш сорттары көпшілік назарына ұсынылды.
Бұл ретте егін шаруашылығының өнімділігін арттыруда ғылым мен өндірістің байланысын күшейтудің маңызы зор. Себебі бүгінгі егіншілікте технологияға, ғылыми ізденіске және суды ұтымды пайдалануға тәуелділік басым.
Жалпы биыл Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы дақылдары 193,7 мың гектар жерге орналастырылды. Оның ішінде 91,2 мың гектарға дәнді дақылдар, 9,6 мың гектарға майлы дақылдар, 75,9 мың гектарға мал азықтық дақылдар егілді. Сондай-ақ картоп, көкөніс және бақша дақылдарының көлемі 17 мың гектарды құрады. Ал Сыр өңірінің брендіне айналған күріш дақылы биыл 70 мың гектар алқапқа орналастырылған. Әр гектардың артында қаншама еңбек тұрғанын бір ғана санның өзі аңғартады. Бұл Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының берген мәліметі.
Егісті әртараптандыру – заман талабы
Қай кезде де су ресурстарының шектеулі жағдайында егін шаруашылығын бұрынғы қалыппен жүргізу мүмкін емес. Сондықтан облыста егісті әртараптандыруға ерекше басымдық беріліп отыр.
Бұл тұрғыда күріш алқаптарын оңтайландыру арқылы су үнемдейтін, нарықтық әлеуеті жоғары дақылдардың көлемі арттырылуда. Соның айқын дәлелі ретінде өңірде дәндік жүгері дақылын егу бастамасы қарқын алғанын ерекше атап өтуге болады.
«Жалпы, өңірде ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытындағы жұмыстардың нақты нәтижесінің бірі – дәндік жүгері алқабының ұлғаюы. Өткен жылы облыс бойынша небәрі 2 мың гектарға жүгері егілсе, биыл бұл көрсеткіш 11 мың гектарға дейін жеткізілді. Яғни бір жылдың ішінде жүгері алқабы бірнеше есеге артты. Бұл алдымен шаруалардың жаңа дақылға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар биылдан бастап осы бағытта облыста бірқатар ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Мұндай жобалар жүгері өндірісін жолға қоюмен қатар, оны өңдеу, қосымша құн қалыптастыру және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру маңызды», – деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметінен.
Негізінен, кейінгі жылдары Сырдария суының жағдайы аграрлық саясатқа тікелей әсер етіп тұр. Бұл тұрғыда климаттың өзгеруі, су ресурстарына түсетін қысым, трансшекаралық өзенге тәуелділік бірінші кезекте егін шаруашылығына бұрынғыдай қарауға мүмкіндік бермей отыр. Соған орай өңірде суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін оңтайландыру мәселесі күн тәртібіне шықты. Осы ретте жүгері дақылын кеңейтуге басымдық берілуі заңдылық. Өйткені дәндік жүгері күріш сияқты алқапты ұзақ уақыт суға бастырып ұстауды қажет етпейді. Яғни бұл дақыл да суаруды, агротехниканы, тыңайтқышты, өсімдікті қорғауды талап еткенімен, күрішке қарағанда тиімділігі жоғары. Сондықтан Сырдың бүгінгі ауыл шаруашылығы үшін бұл қадам ең маңызды өлшемдердің біріне айналып тұр.
Жалпы жүгері Сыр үшін мүлдем жаңа дақыл емес. Кеңес дәуірінде аймақта жүгері дақылы едәуір көлемде өсірілген. Алайда кейін күріш өндірісі күшейіп, жүгерінің алқаптағы үлесі кеми бастады. Ұзақ жылдар бойы ол көбіне мал азығы ретінде қабылданды.
Ал бүгінгі жағдай мүлде басқа. Қазір жүгері тек мал азығы емес, өңдеу өнеркәсібіне қажетті стратегиялық шикізат ретінде қарастырыла бастады. Осы ретте облысқа қарасты Сырдария ауданында жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін зауыттың құрылысы бастау алғаны осы сөзімізге айқын дәлел. Жалпы құны 40 млрд теңгеге бағаланған жоба толық іске қосылған кезде 550 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Зауытта жүгеріден крахмал, шәрбат және басқа да өнімдер шығару көзделген.
Өңірде алдағы жылдар еншісінде жүгері алқабының көлемін одан әрі ұлғайту жоспары да бар. Мәліметке сәйкес, 2027 жылы оның көлемін 28 мың гектарға дейін жеткізу көзделсе, ал 2028-2029 жылдары 37 мың гектарға жеткізу жоспары қарастырылуда.
Суды үнемдеуге бетбұрыс басым
Кейінгі жылдары Сыр өңірінің егін шаруашылығы үшін су тапшылығы ең өзекті мәселелердің біріне айналып тұр. Сондықтан облыста су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары кеңейіп келеді.
Басқарманың мәліметіне сәйкес, өткен жылы мұндай технологиялар 8,1 мың гектар алқапта қолданылса, биыл бұл көрсеткіш 14,2 мың гектарға жеткен. Бұл бастама өңір шаруаларының суды үнемдеуге бағытталған заманауи технологияға бет бұрып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар аймақта күріш алқаптарын лазерлік тегістеу жұмыстары да қарқын алып тұр. Былтыр 60 мың гектар күріш алқабы лазерлік тегістеуден өткізілсе, биыл бұл көрсеткіш 65 мың гектарға жеткізілген. Сонымен қатар биыл шаруашылықтар ауыл шаруашылығы техникаларымен, жанар-жағармаймен және минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген. Нәтижесінде өңірде ерте егілген дәнді дақылдарды жинау жұмыстары толық аяқталған. Қазір шаруалар мал азықтық және майлы дақылдармен қатар, көкөніс пен бақша өнімдерін де жинауға кіріскен.
Ал күріш дақылына келсек, биылғы кезеңге алқапқа 17 мың 500 тонна күріш тұқымы себілген. Оның ішінде отандық сұрыптарың үлесі 3 пайызды құраса, шетелдік сорттар 97 пайызға тең екен. Қазір күріш алқабының 65 пайызы жақсы, 30 пайызы қанағаттанарлық және 4 пайызы нашар деп бағаланып отыр. Соңғы деректерге сәйкес, орта өнім 49 центнерден айналуда екен.
Көктемде жерге түскен дәннің жайқалып, ақ маржан күрішке айналуы диқан қауымының өлшеусіз еңбегі саналады. Сондай-ақ Сырдың күріш шаруашылығы өзінің жылдағы дәстүрін сақтай отырып, жаңа технологияларға бет бұруы ұтымды үйлестірілген жұмыстың нәтижесін аңғартады.
Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасын тапса, Сырдың егін шаруашылығының жаңа сапалық деңгейге көтерілуге мүмкіндігі артары сөзсіз.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы