Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Кездесу барысында Берік Асылов 2010 жылғы Астана саммитінің декларациясында белгіленген қағидаттарға сәйкес ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап көрсетті. Ол прокуратура қызметінің негізгі бағыттары туралы ақпарат берді, оның ішінде азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды қолдау, қадағалау қызметін цифрландыру, есірткі қылмысына қарсы күрес және мемлекетаралық цифрлық платформа құру арқылы есірткі бизнесінің қаржылық ағындарын анықтау, бақылау және тоқтату шаралары туралы айтты.
Басқосуда прокуратура органдары мен ЕҚЫҰ арасындағы мемлекетке активтерді қайтару саласындағы ынтымақтастық пен халықаралық ұйымның Қазақстанға көрсетіп отырған қолдауы талқыланды. Сонымен қатар ЕҚЫҰ-ның қатысуымен Құқық қорғау органдары академиясында қызметкерлерді даярлау және олардың кәсіби деңгейін арттыру жұмыстары қаралды. Бұл бағытта оқу орнының сараптамалық және әдістемелік базасын жаңарту мәселелері қарастырылды.
2025 жылы ЕҚЫҰ-мен бірлесіп кибер және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, адам саудасы, сыбайлас жемқорлыққа және ақшаны жылыстатуға қарсы күрес, сондай-ақ азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара әрекеттесу мәселелері бойынша 13 ғылыми-білім беру шарасы өткізілді. Осы іс-шараларға прокуратура, полиция және экономикалық тергеу қызметінің 400-ден астам қызметкері қатысты.
2026 жылы трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру тақырыбында ЕҚЫҰ-мен бірлескен 12 білім беру іс-шарасын өткізу жоспарланған.
Кездесу соңында ЕҚЫҰ Бас хатшысы прокуратура органдарының заң үстемдігін қамтамасыз ету саласындағы жетістіктерін атап өтіп, ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Еске салсақ, осыған дейін Бас прокуратура балалардың терезеден құлауына байланысты тұрғындарға ескерту жасағанын жазғанбыз.