Arasha.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Ұлан-Баторда өтіп жатқан Boxing Asian Championship аясындағы Азия чемпионатында ширек финалдық жекпе-жектер басталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
48 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын қорғаған Әйгерім Сәттібаева Өзбекстан спортшысы Сабина Бобокуловамен қолғап түйістірді.
Тәжірибелі қарсылас саналатын Бобокулова бұған дейін Болгарияда өткен беделді "Странджа" турнирінде жеңімпаз атанған. Сондай-ақ ол 2025 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Назым Қызайбайға жол берген еді.
Жекпе-жек тартысты өтті. Алғашқы раундта өзбекстандық боксшы қарымта шабуылдарға сүйеніп, дәл соққыларымен басым түсіп, кезеңді 4:1 есебімен өз пайдасына жазды.
Екінші раундта Сәттібаева қарқынын күшейтіп, қарсыласын қысымға алды. Нәтижесінде бұл кезең төрешілер шешімімен 4:1 есебімен қазақстандық боксшының пайдасына аяқталды.
Шешуші үшінші раундта екі спортшы да ашық айқасқа көшті. Бұл сәтте Әйгерімнің соққылары дәлірек болып, раунд 3:2 есебімен оның еншісіне жазылды.
Осылайша, Әйгерім Сәттібаева жартылай финалға жолдама алып, кем дегенде қола медальді қамтамасыз етті.
Айта кетейік, спортшыны боксқа 2004 жылы әкесі әрі бапкері әкелген. Кейін ол белгілі боксшы, 2015 жылғы Азия чемпионы және Олимпиада қатысушысы Олжас Сәттібаевқа тұрмысқа шыққан.
Бірнеше рет ана атанғанына қарамастан, Әйгерім үлкен спортқа қайта оралып, бүгінде бес баланы тәрбиелеп отыр. Ол – 2024 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері әрі Қазақстан чемпионатының қазіргі жеңімпазы.