Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қазақстанда 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық басталып кетті. Биыл электр станцияларын жөндеуге 384 миллиард теңге бағытталады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға артық. Бұл туралы Tengrinews.kz үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қай ЖЭО-лар қауіпті аймақта?
Үкімет мәліметінше, қазіргі уақытта "қызыл" аймақта тұрған бес ЖЭО ерекше бақылауда. Олар: Семей, Орал, Тараз қалаларындағы ЖЭО-лар, Ақтаудағы 2-ЖЭО және Теміртаудағы 1-ГРЭС.
Жыл қорытындысы бойынша электр станциялары жабдықтарының орташа тозу деңгейін 52 пайызға дейін төмендету жоспарланған.
2026 жылы 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу көзделіп отыр.
Бүгінгі жағдай:
2 энергия блогының жөндеу жұмыстары толық аяқталды, тағы 2-еуі жөнделіп жатыр; 13 қазандық күрделі жөндеуден өтті, тағы 27-сінде жұмыстар жүріп жатыр; 8 турбина дайын, тағы 16 нысанда жөндеу жалғасып жатыр.Бұдан бөлек, 500-ден астам қосалқы жабдық бірлігі ағымдағы жөндеумен қамтылды.
Электр желілерінің жай-күйі қандай?Электр желілері шаруашылығын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде 6,3 мың шақырымға жуық электр беру желісі, 135 қосалқы станция және 1 253 тарату пункті жөнделді.
Жыл соңына дейін 17 мың шақырымнан астам электр беру желісін және 3,4 мыңнан астам тарату пунктін жаңарту жоспарланған.
Жоспарланған 377 шақырым жылу желісінің 65 шақырымы жөнделді, тағы 278 шақырымында жұмыстар атқарылып жатыр. Үкіметтің хабарлауынша, кестеден қалу жағдайлары тіркелмеген.
Дайындық қашан аяқталады?Климаттық ерекшеліктерге байланысты дайындық мерзімдері өңірлер бойынша әртүрлі. Елдің солтүстігі мен шығысында жылу желілері 1 қыркүйекке дейін толық дайын болуы тиіс, ал электр станцияларындағы негізгі жөндеу жұмыстары 15 қыркүйекке дейін аяқталады.
Оңтүстік және батыс өңірлерде негізгі жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін бітіру жоспарланған.
Көмір қоры ұлғайтылдыЭнергия көздерінің қоймаларында 3,5 миллион тоннаға жуық көмір жиналды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға көп. Сондай-ақ 143 мың тонна мазут қоры қалыптастырылды.
Алдағы жылыту маусымында халық пен коммуналдық сектор үшін 7,3 миллион тонна көмір қажет болады.
Еске сала кетейік, мамыр айында премьер-министр Олжас Бектенов егер өңірлер биылғы жылыту маусымына дайын болмаса, облыс әкімдеріне жеке жауапкершілік жүктелетінін ескерткен болатын.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу