Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Әзербайжан астанасы Бакуде өткен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы күрестен әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін табысты аяқталды. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінің жиынтық нәтижесі бойынша еліміздің жасөспірімдер құрамасы 225 ұпай жинап, жалпыкомандалық есепте әлемнің үздік бес күрес державасының қатарына енді.
Жалпы командалық есеп нәтижесі бойынша 305 ұпай жинаған Ресей құрамасы көш бастады. 294 ұпай еншілеген АҚШ екінші орынға жайғасса, 250 ұпаймен Үндістан үздік үштікті түйіндеді. Иран құрамасы 231 ұпаймен төртінші сатыдан көрінді. Ал Қазақстан құрамасы 225 ұпай жинап, бесінші орынға ие болды. Осы нәтижемен отандастарымыз Өзбекстан, Украина, Жапония, Әзербайжан және Түркия балуандарын артта қалдырды. Бұл көрсеткіштің салмағы бөлек. Қазақстан тек әлемдік үздік бестікке еніп қана қоймай, Азия құрлығындағы үздік үш құраманың бірі атанды. Құрлық елдері арасында біздің команда Үндістан мен Ираннан кейін үшінші нәтиже көрсетсе, Орталық Азия мемлекеттері ішінде көш бастады.
Бозкілемдегі қос біріншілік
Қазақстан балуандары жалпы 8 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 2 алтын, 2 күміс және 4 қола жүлде бар. Дияр Аманәлі грек-рим күресінен 55 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанса, Бақдәулет Ағабек еркін күрестен 48 келіде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Грек-рим күресінен Әли Алмас 48 келіде күміс, Әлинұр Төлеуғали 71 келіде қола жүлдеге қол жеткізді. Әйелдер күресінде Айша Әбдімәлік 65 келіге дейінгі салмақта финалға дейін жетіп, күміс медаль иеленді. Ал Інжу Баққожа 46 келіде қола жүлде алып, әлем біріншілігінде екінші жыл қатарынан жүлдегер атанды. Еркін күрестен Мардан Орынбасар 60 келіде, Әділет Рысбай 71 келіде қола медаль жеңіп алды.
Қазақстан құрамасының алғашқы алтынын Дияр Аманәлі сыйлады. 55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен грек-рим күресінің өкілі финалға дейін төрт қарсыласын жолдан шығарды. Ол іріктеу кезеңінде Грекия балуанын 8:0 есебімен ұтып, кейін Ресей және Грузия спортшыларынан сәйкесінше 3:1 және 2:1 есебімен басым түсті. Жартылай финалда болгариялық Данимир Йордановты 8:1 есебімен жеңіп, шешуші белдесуге жолдама алды.
Алтын медаль үшін өткен кездесуде Дияр Венгрия өкілі Кеве Вазул Ковачпен белдесті. Тартысты өткен финал 1:1 есебімен аяқталды. Алайда алғашқы нәтижелі әрекет қазақстандық балуанның еншісінде болғандықтан, UWW ережесіне сәйкес жеңіс Дияр Аманәліге берілді. Осылайша, ол Қазақстан құрамасының Бакудегі алғашқы әлем чемпионы атанды.
Екінші алтын еркін күрестен бұйырды. 48 келіге дейінгі салмақта белдескен Бақдәулет Ағабек турнирде бес кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Ол алғашқы айналымда Тәжікстан өкілі Муслихиддин Ходжиевті 10:0 есебімен ұтса, 1/8 финалда Болгария балуаны Эмир Джеватовты дәл осындай есеппен мерзімінен бұрын жеңді. Ширек финалда Моңғолия өкілі Тэмүүлэн Усухбаярды небәрі 36 секундта 10:0 есебімен ұтып, жартылай финалда өзбекстандық Фаррух Махмудовтан 7:3 есебімен басым түсті. Финалда Бақдәулет Үндістан балуаны Аарьянмен кездесті. Қазақстандық спортшы шешуші белдесуді жоғары қарқында бастап, қарсыласына мүмкіндік берген жоқ. Есеп 10:0-ге жеткен сәтте белдесу техникалық басымдықпен мерзімінен бұрын аяқталды. Осылайша, Бақдәулет Ағабек әлем чемпионы атанды.
Бұл жеңістің тарихи мәні бар. Қазақстан еркін күрестен U17 әлем чемпионатында 2022 жылдан бері алтын жүлде ала алмай келген еді. Бақдәулет Ағабек осы үзіліске нүкте қойды. Бір жыл бұрын әлем біріншілігін бесінші орынмен аяқтаған жас балуан биыл жаңа салмақта барлық қарсыласын жеңіп, чемпиондық деңгейге көтерілді.
Жүйелі дайындықтың жемісі
Биылғы нәтиже Қазақстан жасөспірімдер құрамасының барлық күрес түрінде бәсекеге қабілетті екенін көрсетті. Грек-рим күресінің өкілдері бір алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алып, жүлденің үш түрінен де нәтиже көрсетті. Еркін күресте былтырғы үш қола жүлденің орнына биыл бір алтын мен екі қола бұйырды. Әйелдер күресінде екі жүлделік көрсеткіш сақталып, оның бірі күміс медальға айналды. Былтыр Афинада өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бір алтын, екі күміс және жеті қола медаль еншілеген еді. Ал биыл Бакуде алтын жүлде саны екеуге жетіп, финалға шыққан қазақстандық балуандар қатары көбейді. Бұдан медаль саны ғана емес, жүлде сапасының да артқанын байқауымыз керек. Жалпыкомандалық есептегі бесінші орын да осы тұрақты өсімнің айқын дәлелі. Әсіресе үш күрес түрінің жиынтық нәтижесінде үздік бестікке ену Қазақстан күресінің жас буынында әлеует жоғары екенін байқатты.
Қазақстан күрес федерациясының басты бағыттарының бірі – жас балуандардың дайындығын күшейту, олардың әлеуетін толық ашу және халықаралық аренадағы бәсекеге қабілетін арттыру. Федерация мәліметінше, ұлттық құраманың халықаралық додаларға сапалы дайындалуына тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. U17 әлем чемпионаты аясында да оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, медициналық қолдауға және спортшыларға қажетті жағдай жасауға басымдық берілді.
Бакудегі әлем чемпионаты Қазақстан жасөспірімдер құрамасының әлемдік бозкілемдегі орны нығайып келе жатқанын айқын көрсетті. Ендігі міндет – осы қарқынды сақтап, алтынға таласатын салмақ қатарын көбейту.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ