Би тілімен бедерленген тарих

16.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

«Астана Балет» театрының XIII маусымын қорытындылаған «Алтын гүл» ұлттық балеті осы үнсіз өнердің қаншалықты қуатты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қойы­лымның дүниеге келуі театр­дың репер­туарын жаңа спектакльмен толықтыру ғана емес, қазақ бале­тінің ұлттық тақырыптарды игерудегі жаңа ізденісін аңғартты. Бүгінде әлемдік театр кеңістігінде ұлт­тық кодты заманауи сахналық тіл­мен жеткізу ерекше мәнге ие болса, «Алтын гүл» осы талапқа жа­уап бере алған қойылым ретінде ерекшеленді.

Балеттің драматургиялық өзегі – Теңлік қорғанынан табылған, біздің дәуірімізге дейінгі III–II ғасырларға жататын алтын табақшадағы қыз­ғал­дақ бейнесі. Әдетте архео­ло­­гия­лық жәдігер ғылыми зерт­теу­дің нысаны болса, бұл жолы ол сахналық драматургияның өзе­гіне айналды. Себебі қазақ даласында қызғалдақтың орны ерек­ше. Ол – көктемнің алғашқы лебі, даланың ажары ғана емес, таби­ғаттың қайта түлеуінің бел­гісі. Сондықтан спектакльдегі қызғалдақ бейнесі де табиғаттың сәні ретінде емес, өмірдің үзілмес жал­­ғастығының рәмізі ретінде ұсы­­нылды. Қойылымда қызғалдақ бірде махаббатқа айналады, бірде үмітке, бірде мәңгіліктің белгісіне айналып, көрерменнің санасында жаңа мағына тудырады. Өнердің құдіреті де осында. Ол бір ғана образ арқылы мың түрлі ойға жете­лейді.

Либретто авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков тарихи артефактіні көшіріп баяндауды мақсат етпеген. Керісінше, көне жәдігердің айналасында философиялық аңыз өріп, зергер бейнесі арқылы өнердің мәңгілігі туралы ой қозғайды. Осы тұрғыдан келгенде спектакльдің дра­матургиясы нақты тарихи оқи­ғаға емес, тарихи рәміздің көркем интерпретациясына негіз­делген. Бұл – қазіргі театр өнеріндегі маңызды үрдістің бірі. Өйткені бүгінгі сахна өткенді қайталау емес, оны жаңаша пайымдау арқылы өміршеңдікке жеткізеді.

«Алтын гүлдің» ең басты жетіс­тігі – оның пластикалық тілі. Қойы­­лымның хореографы, ­Қазақ­­с­тан­ның еңбек сіңір­ген қайраткері Мұқарам Авахри классикалық балет канондарын бұзбай, оларды қазақ дүниетанымына тән қимыл плас­тикасымен сабақтастырады. Спектакльде академиялық би техникасы, неоклассика мен заманауи хореография табиғи үндестік тап­қан. Мұнда ұлттық нақыш сыртқы этнографиялық безендірумен ғана шектелмейді. Ол әрбір қозғалыстың ішкі табиғатынан сезіледі. Қимыл­дардың иірімі кең даланың тынысын еске түсірсе, ансамбльдік көріністер көшпелі өркениеттің үйлесімін аңғартады. Ал басты кейіпкердің пластикалық шешімі қызғалдақтың қауыз жаруы мен адамның рухани кемелденуін астас­тыра бейнелейді. Яғни өнертану талаптары тұрғысынан тарқатсақ, бұл – рәміздік пластикаға құрыл­ған спектакль. Әрбір би эпизоды сюжетті дамыту ғана емес, көркем ойды тереңдететін сахналық метафора қызметін атқарады.

Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ренат Ғайсин спектакльдің музыкалық құрылымын эмоционалдық дра­ма­­тур­гияның негізгі арқауына айналдырған. Музыка сахнадағы әрекетке жай сүйемел болмайды. Ол кейіпкерлердің ішкі психологиясын ашып, сахналық ырғақты қалыптастырады. Кей тұста нә­зік лиризмге құрылса, енді бір сәтте драмалық қуаты күшейіп, бидің эмоциялық салмағын арттыра түседі. Композитордың өзі қойылымдағы музыка балет әртістерінің пластикасы арқылы жаңа өмірге ие болғанын атап өтті. Бұл пікір спектакльдің бас­ты ерекшелігін дәл айқындайды. Себебі балетте музыка мен би бір-бірінен бөлінбейтін тұтас көркем ағза болуға тиіс.

Ал костюм суретшісі Әйгерім Алтыбасарова жасаған сахналық бейнелер ұлттық нақышты зама­науи эстетикамен үйлестірген. Костюмдер тарихи дәлдікті ғана емес, спектакльдің рәміздік таби­ғатын ашуға қызмет етеді. Жа­рық режиссурасы, сахналық ке­ңістік пен түстік шешімдер де шығарманың философиялық маз­мұнын толықтыра түседі. Нәти­же­сінде, көрермен нақты уақыт пен кеңістіктен алыстап, мифтік әлемге енеді. Бұл – қазіргі балет режиссурасында маңызды саналатын визуалды драматургияның сәтті көрінісі.

Премьераның екі күндік көрсе­тілімі­не көрерменнің ерекше қызығушылық танытуы спектакль­дің қоғам сұранысына жауап бер­­­генін айқын аңғартты. Театр залының лық толуы, ұзаққа созыл­ған қошемет – шығармашылық ұжым еңбегінің әділ бағасы.

Театрдың көркемдік жетек­ші­сі Нұрлан Канетов атап өткен­дей, «Алтын гүл» XIII театр мау­сы­мының лайықты қорытын­ды­сына айналды. Расында да, бұл қойылым маусымды жабатын ке­­зекті спектакль емес, театр­дың шығар­­машылық ұстаны­мын ай­қындайтын көркем манифест іспетті. Өйткені бүгінгі ұлттық театрдың басты міндеті – дәстүрді сақтап қана қою емес, оны қазіргі көрерменнің көр­кемдік талғамына сай жаңа тілмен сөйлету. «Алтын гүл» – осы мін­­дет­ті абыроймен орындаған туынды. Яғни айтулы қойылым қазақ балетінің көркемдік мүмкіндігінің кеңейіп келе жатқанын, ұлттық тақырыптың әлемдік сахна тілімен үндесе алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал сахнада жайқалған «Алтын гүл» көрерменге көне тарихты ғана көрсеткен жоқ. Ол ұлттық өнердің тамыры тереңде екенін, ал оның мәңгілік гүлі уақыт өткен сайын жаңа бояумен қайта қауыз жая беретінін сезіндірді.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью