Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
22 жастағы Бибисараның есімі қазірдің өзінде шахмат тарихында алтын әріптермен жазылған. Блицтен әлемнің үш дүркін чемпионы атанып, бұл белесті бағындырған ең жас шахматшы ретінде Гиннес рекордын жаңартқан.
2025 жылы Варшава мен Самарқандтағы жеңісті жолын жалғап, үшінші алтынын иелену арқылы ол осы турнирге жолдама алды. Оның қоржынында Олимпиаданың күміс жүлдесі мен ерлер арасындағы «Tata Steel Chess Challengers 2026» турниріндегі үздік бестікке енген жетістігі де бар.
Бибисараның алдында тұрған асу оңай емес. Оған әлемнің ең таңдаулы 7 шахматшысы қарсы тұрады:
Қытайлық Чжу Цзиньэр – (23 жас, Қытай, рейтингі 2578) 2024–2025 жылдардағы Гран-при додасының жеңімпазы.
Александра Горячкина – (27 жас, ФИДЕ-нің бейтарап қатысушысы, рейтингі 2534) 2024–2025 жылдардағы Гран-при додасының күміс жүлдегері.
Дивья Дешмух – (20 жас, Үндістан, рейтингі 2497) 2025 жылы Батумида (Грузия) өткен әлем кубогының жеңімпазы.
Хампи Конеру – (35 жас, Үндістан, рейтингі 2535) 2025 жылы өткен әлем кубогының күміс жүлдегері.
Тань Чжунъи – (34 жас, Қытай, рейтингі 2535) ) 2025 жылы өткен әлем кубогының қола жүлдегері. Сондай-ақ 2017-2018 жылдардағы әлем чемпионы.
Вайшали Рамешбабу – (14 жас, Үндістан, рейтингі 2470) Самарқандта өткен 2025 жылғы ФИДЕ Үлкен швейцариялық жарысының жеңімпазы.
Катерина Лагно – (36 жас, ФИДЕ-нің бейтарап қатысушысы, рейтингі 2508) 2025 жылғы ФИДЕ Үлкен швейцариялық жарысының күміс жүлдегері.
Бұл қатысушылардың төртеуі бұған дейін әлем чемпионы атағы үшін бақ сынаған. Ал Бибісара үшін бұл алғашқы белес. 35 жастағы қытайлық шахматшы Цзюй Вэньцзюнь 2018 жылдан бері әлем чемпионы атағын ешкімге бермей келеді. Осыған дейін Хампи Конеру, Катерина Лагно, Александра Горячкина және Тань Чжунъи сияқты мықтылар чемпиондық матчтарда Цзюй Вэньцзюньге есе жіберген болатын.
Бибісара Асаубаева бұл додаға алғаш рет қатысып отырса да, оның соңғы кездегі жетістіктері мен әлемдік рейтингінің үздік ондығына енуі үлкен үміт сыйлайды.
Айта кетейік, жарыс 14 турдан тұратын айналмалы жүйе бойынша өтеді. Классикалық шахматтың тәртібі бойынша әр ойыншыға алғашқы 40 жүріске 90 минут, ал партия соңына дейін 30 минут беріледі. Жалпы жүлде қоры 300 000 еуроны құрайды.
Ерлер арасында өтетін жарысқа елімізден ешкім қатыспаса да, бүкіл елдің назары Бибісарада болмақ.
Еске сала кетейік, Бибісара бұған дейін шахматтан 12-ші әлем чемпионын жеңген еді.