Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков көпшілікті «Соңғы қоңырау» мерекесімен құттықтай келе, университет базасынан ашылған «Shakarim High School» мектебінің басқа білім беру нысандарынан айырмашылығына тоқталды.
– «Shakarim High School» мектебі – заманауи талаптарға сай құрылған, болашаққа бағытталған жаңа форматтағы білім ордасы. Мектебіміздің алғашқы оқу жылы қазақтың бес арысының бірі, ұлы ойшыл, философ, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі ерекше тарихи әрі рухани мәнге ие болды. Сондықтан мектебіміз тек білім беру мекемесі ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін рухани орталыққа айналып отыр. Қазір мектебіміз үшінші оқу жылын табысты жалғастырып келеді. Бүгінде 10–11 сыныптарда 136 оқушы білім алады. Биылғы оқу жылында бірнеше оқушымыз «Алтын белгі» мен «Үздік аттестатқа» үміткер болды. Бұл – ұстаздар мен оқушылардың жүйелі еңбегінің нәтижесі. Басты мақсатымыз – әлемдік деңгейде ойлайтын, көптілді, білімді, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлға қалыптастыру. Бүгінде мектеп тек білім беретін орын ғана емес, оқушының қабілетін ашатын, өмірге бейімдейтін орта болуға тиіс. Сондықтан балаларға академиялық біліммен қатар сыни ойлау, цифрлық сауат, зерттеушілік, көшбасшылық, командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуға басымдық береміз, – деді ректор.
Бұл замануи талапқа толықтай сай мектептегі 10–11 сыныпта 136 оқушы білім алады. 2025–2026 оқу жылында «Shakarim High School» мектебінің 7 оқушысы «Алтын белгіге», 7 оқушы «Үздік» аттестатқа тәмамдап жатыр.
– Мектебіміздің басты ерекшелігі – университет базасында құрылуы. Бұл оқушыларға ғылыммен ерте жастан айналысуға мүмкіндік береді. Шәкәрім университетінің профессорлық-оқытушылық құра-мы, жас ғалымдары мен PhD арнайы дәріс өткізіп, ғылыми зертханаларда практикалық сабақтар ұйымдастырады. Осы арқылы оқушылар ғылым мен білімнің байланысын терең түсінеді. Биыл 68 түлек мектебімізден қанат қаққалы отыр, – дейді мектеп директоры Бақыт Сейітқалиева.
Шәкәрім университеті 2024 жылы Абай облысы көлемінде 221 білім үздігіне «Шәкәрім білім гранты» сертификатын берсе, биыл облысымыздың 434 «Алтын белгі» үміткеріне сертификат табыстады.
СЕМЕЙ