Білім мен ғылымның жаңа бағдары

10.09.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Президенттің қатысуымен жыл сайын өтетін Тамыз конференциясы еліміздің білім беру жүйесі үшін айрықша маңызы бар қоғамдық диалог алаңына айналды. Мемлекет басшысы пленарлық отырыста білім беру саласының өзекті мәселелерімен қатар еліміздің жаңа тарихи дәуірде адам капиталын қалыптастыру, жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу, педагог мәртебесін арттыру, ғылым мен инновацияны дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісіне енгізу, білім сапасындағы алшақтықтарды азайту және кәсіби маман даярлау сияқты ауқымды стратегиялық міндеттерді белгілеп берді. 

Осы тұрғыда айта кететін жайт, елі­міздің жаңа Конституциясының сая­си бастамашысы, Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев адами ка­питалды жетілдіру, ұлттың жаңа са­пасын қалыптастыру мәселесінің өзек­тілігін үнемі баса айта жүріп, осы идеяның конституциялық тұрғыдан бекітілуіне айрықша үлес қосты. Жаңа Халық Конституциясы 3-бабының 2-тармағында: «Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде таниды», – делінген. 

Меніңше, бұл – еліміздің даму философиясындағы аса маңызды өзгеріс. Білім, ғылым және инновацияның стратегиялық маңызы алғаш рет мем­ле­кеттің басты құжатында осындай деңгейде орнықтырылып отыр. Бұл мемлекетіміздің болашақтағы басымдықтарын нақты көрсетеді. Яғни ендігі кезеңде адам капиталына инвестиция салу, білім мен ғылымды дамыту – белгілі бір саланың ғана міндеті емес, тұтас мемлекеттік саясаттың іргелі бағыты.

Бүгінде осы конституциялық қағи­даттың нақты істермен сабақтасып отыр­ғанына баршамыз куә болып отырмыз. Президенттің нақты қолдауы мен ауқым­ды реформаларының нәтижесінде оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім беру са­ла­ларында елеулі нәтижелерге қол жет­кізілді. Соңғы жеті жылда білім сала­сына бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 триллион теңгеге жетті. Бұл – білімнің мемлекет дамуындағы стратегиялық рө­лінің айқын көрінісі.

Білімге жасалған инвестиция – ең алдымен адамға жасалған инвестиция. Ал адам капиталының сапасы – мемлекеттің ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі фактор.

Мемлекет басшысы айқындаған жоғары білімге қолжетімділікті қамтама­сыз ету, кәсіби маман даярлау жөніндегі стратегиялық міндеттерді іске асыру аясында Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігінің жүйелі жұмысы мен қол­дауының нәтижесінде мемлекеттік білім беру гранттарының көбеюі де маңыз­ды көрсеткіш. Кейінгі бес жылда республика бойынша мемлекеттік білім беру гранттарының саны шамамен 30 мыңға артты. 2025-2026 оқу жылында олар­дың жалпы саны 93 232-ге жетті. Оның ішінде 77 084 грант бакалавриатқа, 13 229 грант магистратураға, 2 919 грант докторантураға бөлінді.

Бұл – жастардың сапалы білім алуы үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған нақты мүмкіндік. Білім алуға жол ашылған сайын қоғамның зияткерлік мүмкіндігі де, экономиканың әлеуеті де арта түседі. Осы мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін өз университетіміздің бүгінгі тынысынан да анық көруге болады.

2026-2027 оқу жылында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне барлық деңгейдегі 1 148 мемлекеттік грант бө­лінді. Оның ішінде бакалавриатқа – 825 грант, магистратураға – 145, док­торантураға – 53, дайындық курсына – 35, университет жанынан ашылған Жү­сіпбек Аймауытов атындағы колледжге 90 грант қарастырылды.

Оның ішінде университеттің өз бастамасымен бөлінген білім гранттарын да атап өткен жөн. Биыл университеттің білім беру гранты ретінде бакалавриатқа – 100 грант, докторантураға 20 грант бөлдік.

Жаңа оқу жылында бакалавриат білім беру бағдарламалары бойынша барлығы 2 439 талапкер студент атанды. Ал магистратураға – 290, докторантураға 55 талапкер қабылданды. Сонымен қа­тар университет жанындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы көпсалалы кол­леджге 177 білім алушы қабылданды.

Бұл көрсеткіштер университетке де­ген талапкерлер сенімінің жоғары екенін көрсетумен қатар, педагогикалық білімге деген қоғамдық сұраныстың да сақталып отырғанын айғақтайды.

Осы орайда айта кетуіміз қажет, мем­лекет тарапынан жоғары білім саласына көрсетіліп отырған қолдау білім гранттарын бөлумен ғана шектелмейді. Университеттердің материалдық-тех­никалық базасын жаңғыртуға және білім алушыларға заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға да айрық­ша мән берілуде. Соның нақты мыса­лы – Жәнібеков университетінің ин­фра­құрылымдық әлеуетінің артып, уни­верситеттің екі жаңа оқу корпусымен толықтырылуы. Бұл – білім беру сапасын арттыруға, студенттер үшін қолайлы академиялық орта қалыптастыруға және университеттің заманауи талаптарға сай дамуына жасалған маңызды қадам.

Мемлекет басшысы Тамыз кон­ференциясының пленарлық отырысында: «Елімізге тағы да 5 мыңнан астам мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келеді. Соңғы жылдары салынып жатқан мектептердің де саны едәуір көп. Осы жағдай педагог мамандарға деген сұранысты арттырып отыр», – деді. 

Расында да, мектептер саны көбей­генімен, олар қанша жерден заманауи болғанымен, мектеп қабырғасында білікті әрі өз ісіне берілген ұстаздар болмаса, білім сапасын арттыру мүмкін емес.

Бұл ретте ғасырға жуық тарихы бар Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті педагогикалық білімнің ел болашағын қалыптастырудағы шешуші рөлін терең сезіне отырып, заман талабына сай білікті, жаңашыл әрі бәсекеге қабілетті ұстаз даярлауды басты миссиясы санайды. Жүз жылға жуық уақыт ішінде университет 90 мыңнан астам ұстаз даярлап шығарды. Сондықтан бұл – жай ғана жоғары оқу орны емес, талай буын педагогтің кәсіби қалыптасуына жол ашқан, бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай еңбек сіңіріп жүрген қаншама мұғалімдер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері түлеп ұшқан, білім кеңістігінде өзіндік орны бар іргелі қара шаңырақ. Университетіміз сан мыңдаған жасқа сапалы білім беріп, еліміздің педагог кадрларға деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету ісіне едәуір үлес қосып келеді. 

Мемлекет басшысы пленарлық отырыста жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізудің маңызын атап өтті. Президенттің: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз», – деген сөзі бүгінгі кезеңнің сипатын дәл көрсетеді. 

Сол себептен де бүгін біз педагог даярлаудың дәстүрлі моделінен жаңа парадигмаға көшу кезеңінде тұрмыз. Қазіргі мұғалім тек білім беруші емес. Ол – зерттеуші, цифрлық технологияларды меңгерген маман, деректермен жұмыс істей алатын сарапшы, оқушының жеке қажеттіліктерін түсінетін тьютор және қоғамның құндылықтарын қалыптас­тырушы тұлға.

Осы тұрғыдан алғанда, педагогикалық жоғары білімнің басты міндеті – дипломы бар маман даярлау емес, өзгермелі еңбек нарығына, цифрлық трансформацияға және жасанды интеллект дәуіріне бейім­деле алатын сапалы адами капитал қа­лып­тастыру.

Мемлекет басшысының цифрлық технологияларды ұтымды пайдалану, жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу жөнінде белгілеген стратегиялық басымдықтарды жүзеге асыру шеңберінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен жоғары білім саласында AI-Sana инновациялық бағдарламасы әзірленіп, бүгінде сәтті іске асырылуда. Студенттердің жасанды интеллект сала­сындағы білімін, цифрлық дағдылары мен практикалық құзыреттерін дамытуға ба­ғытталған бұл бағдарлама аясында университетіміз жүйелі жұмыстар жүр­гізуде.

AI-Sana бағдарламасы кезең-ке­зеңі­мен іске асуда. Жәнібеков уни­вер­ситетінен 1 289 студент осы бағдар­ламаның екінші кезеңіне өтіп, оның ішінде 1 024 студент Қазақстандық Platonus Academy платформасы мен Стэнфорд университетінің ма­ман­дарымен әзірленген Smile платфор­масында 135 сағаттық сабаққа қатысып, сертификаттарын алды. 10 апталық бағ­дарлама барысында студенттер жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу, вайбкодинг, машиналық оқыту модель­дерімен, Google Colab және Jupyter платформаларымен жұмыс істеу, үлкен тілдік модельдерді қолдану, ЖИ этикасы, дизайн-ойлау және стартап идеясын өнімге айналдыру бағыттары бойынша практикалық білім алды.

Бағдарлама аясында универ­ситеті­міздің студенттері ZerAql атты оқу аналитикасы және оқу процесін сүйе­мелдеу платформасын әзірледі. Жоба студенттердің үлгерімін талдап, оқу барысындағы тәуекелдерді 92% дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар AI-Sana бағдарламасы аясында Astana Hub-пен бірлесіп ұсы­нылған Lerna және Skillbox платфор­маларындағы «ЖИ негіздері: ChatGPT» курсын университеттің 8 151 білім алушысы және 444 оқытушысы то­лық аяқтап, сертификатталды. Бұл – университет қауымының цифрлық құзыреттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Осы бастамалардың барлығы бола­шақ мамандарды цифрлық дәуірдің талаптарына сай даярлауға, білім беру сапасын арттыруға және жасанды интел­лект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланатын жаңа буын қалыптастыруға бағытталған.

Президент пленарлық отырыста: «Балалардың ғылымға қызығушылығын оятпасақ, адам әлеуетін нығайту мүмкін емес», – деп атап өтті. Бұл бағытта уни­верситетімізде адами капиталды дамытуға және жас ұрпақтың ғылыми-зерттеушілік әлеуетін арттыруға тікелей бағытталған бірқатар ғылыми жобалар жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, ауылдық және шағын жинақты мектептерді дамытудың концептуалдық негіздерін әзірлеуге ба­ғыт­талған 450 млн теңгелік ірі бағ­дарламалық-нысаналы жоба іске асырылуда. Сонымен қатар оқушылардың әлеуметтік-эмоционалдық жағдайын жасанды интеллект арқылы талдау және болжау, мұғалімдердің зерттеушілік құзыреттерін дамыту, университет білім алушылары мен түлектерінің кәсіби дамуы мен мансаптық кеңесіне арналған IT шешімдерді әзірлеу, химия мен биологияны оқытуда виртуалды және толықтырылған шындық техно­логияларын қолдану бағыттарында жо­ба­лар жүзеге асуда. Осы ғылыми жо­балардың жалпы қаржыландыру көлемі 734 млн теңгеден асады. Бұл жұмыстардың басты ерекшелігі – ғылыми зерттеулердің нәтижесі университет қабырғасында қалып қоймай, нақты білім беру тәжірибесіне енгізіліп, мектептерді дамытуға, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға және жас ұрпақтың ғылымға қызығушылығын қалыптастыруға бағыт­талуында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында еліміздің әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдасуының маңыз­дылығын атап: «Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздеп отыр... Сондықтан әлемдік ака­демиялық кеңістікке шығуға саналы түрде маңызды қадам жасадық», – деді.

Осы тұрғыда Президент шетелдің жетекші жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, олардың Қазақстандағы филиалдары мен бөлімшелерін ашу, бірлескен білім беру бағдарламалары мен жобаларын дамыту, сондай-ақ озық халықаралық тәжірибені отандық жоғары білім беру жүйесіне енгізу жөніндегі міндеттерді айқындап, осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп, өз нәтижелерін беруде.

Аталған міндеттерді іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Университетіміз халықаралық ғылыми кеңістікке ықпалдасуға бағытталған стратегиялық бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруда. 

Бүгінде Жәнібеков университеті базасында Түркияның беделді зерттеу университеттерінің бірі – Гази универ­ситетінің филиалы жұмысын бастап, биылға 80-ге жуық студент қабылдады және 2026-2027 оқу жылына оның «Шет тілі мұғалімдерін даярлау» бағдарламасы бойынша 100 білім алушыға мемлекеттік білім беру тапсырысы белгіленген.

Халықаралық ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – қос дипломды білім беру бағдарламалары. Қазір қазақ­стандық жоғары оқу орындары шетелдік университеттермен бірлесіп халықаралық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда. Жәнібеков университеті мен Қытайдың Сиянь шет тілдер уни­верситетінің серіктестігі де – осы бағыт­тағы нақты нәтижелердің бірі. Осы оқу жылынан бастап қос диплом бағдар­ламасы бойынша 10-нан астам студент білім ала бастайды.

26 тамызда өткен Тамыз конферен­циясының пленарлық отырысында Президент «Білім мен тәрбие – кез келген қоғамның қос тұғыры» екенін атап өтті. Біз бұл қағиданы жоғары білім беру жүйесінің де негізгі ұстанымдарының бірі деп білеміз. Жоғары оқу орнының түлегі кәсіби тұрғыдан білікті болғаны аз. Ол адалдықты, еңбекқорлықты, жауапкершілікті, отаншылдықты бойына сіңірген азамат болуға тиіс. 

Осы тұрғыдан алғанда Жәнібеков университеті жастар тәрбиесіне де айрықша көңіл бөледі. Университетте студенттердің азаматтық жауапкершілігін, патриоттық сезімін, көшбасшылық және әлеуметтік белсенділік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған кешенді тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Студенттерді қоғамдық жұмыстарға, волонтерлік бастамаларға, мәдени-шығармашылық және спорттық іс-шараларға тарту арқылы олардың тұлғалық дамуына қолайлы орта қалып­тастырылуда.

Жалпы, университет қабырғасында білім алып жатқан студент – ертеңгі күні өңірлердегі мектептерде мұғалім, колледждерде оқытушы. Сондықтан болашақ педагогтің кәсіби білімімен қатар тәрбиесі қаншалықты жоғары болса, елдің келешек ұрпағы да соншалықты мықты болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясының пленарлық отырысында: «Ұстаз – ұлттың шамшырағы», – деп атап көрсетті. Бұл сөздің астарында ұстаз еңбегінің қоғамдағы орны мен жауапкершілігі жатыр. 

Кейінгі жылдары Президент айқын­даған нақты міндеттер аясында ұстаз беделін арттыру және жан-жақты қолдау жөнінде белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заңның қабылдануы, оған кейіннен қосымша құқықтық және әлеу­меттік кепілдіктердің енгізілуі, 5 қазанның ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілуі – мұғалім еңбегінің мемлекет тарапынан жоғары бағалануының айқын көрінісі. Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағының енгізілуі де – педагог мамандығының абыройын көтеруге бағытталған маңызды қадам. Қазірдің өзінде 100-ге жуық мұғалім осы мәртебелі атақпен марапатталды. Кейінгі үш жылда үш мұғалімге ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. 

Президент тарапынан ұстаздарға көрсетіліп отырған жүйелі қолдау м­ұ­ғалімнің қоғамдағы мәртебесін арттырып, кәсіби жауапкершілігін күшейтеді. Ұстаз еңбегінің бағалануы педагогтердің өз ісіне деген сенімін нығайтып, білім сапасына оң ықпал етеді. Сонымен қатар мұғалім мамандығының беделін көтеру жастардың педагогикалық мамандықты саналы әрі болашағы зор кәсіби бағыт ретінде таңдауына серпін береді. 

Бүгінгі білім мен ғылымның жетістігі – ертеңгі Қазақстанның келбеті. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың 26 тамыздағы пленарлық отырыста айқындаған басымдықтары бізге үлкен мақсат пен зор жауапкершілік жүктейді. Бұл міндеттерді орындау үшін мемлекет, білім беру ұйымдары, ұстаздар, ғалымдар, ата-аналар мен жастар бір бағытта жұмылуы қажет. Ғылымы мықты, білімі терең ұрпақ – қуатты мемлекеттің тірегі. Халқымыздың «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген тағылымды сөзі бар. Ендеше елдің ертеңі үшін бірге еңбек етейік, бірге ізденейік, бірге биік белестерді бағындыра берейік!

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы 

ОҚПУ Басқарма 

Төрағасы – Ректоры

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью