Білімменен бала өсер

27.08.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Өңірде «Мектепке жол» акциясы 1 тамызда басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Оның аясында қайырымдылық іc-шараларымен қатар, мектеп жәрмеңкесі, профилактикалық рейд және балалардың қауіпсіздігіне бағытталған жұмыстар ұйымдастырылады.

– Акция аясында бірқатар іс-шара  ұйым­дастырылады. Атап айтқанда, «Балаларға жақсылық сыйла», «Ауыл балаларына мектепке сыйлық», «Отбасы отбасына көмектеседі», «Баланы мектепке бірге даярлайық» қайырымдылық акциялары өтеді. Сондай-ақ «Түнгі қаладағы балалар» және «Қамқор» профилактикалық рейдтері жүргізіледі. Сонымен қатар облыстың барлық қаласы мен ауданында отандық өндірушілер мен кәсіпкерлердің қатысуымен мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Ата-аналар мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын қолжетімді бағамен сатып ала алады, – дейді Қарағанды облысының Білім басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Сыздықов.

Мұндай жәрмеңкелердің маңызы – ата-ана­лардың мектепке қажетті тауарларды бір жерден таңдап, бағасын салыстырып алуына мүмкіндік беруінде. Ал акцияның қайырымдылық бөлігі әлеуметтік жағдайына байланысты қосымша көмек қажет ететін балаларды қамтуға ба­­ғыт­тал­ған.

Бұған дейін ата-аналар отбасының табысын растайтын бірқатар құжатты жинап, мектепке тапсыруы керек болатын. Енді бұл талап жеңілдетілді. От­басының қаржылық жағдайы туралы қажетті мә­ліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Яғни, ата-анаға бұрынғыдай анықтама жинап, бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Жүйе отбасының цифрлық картасындағы және басқа мемлекеттік ақпараттық ресурстардағы деректер­ді пайдаланып, көмек алуға құқығы бар-жоғын анықтай­ды. Мейіржан Сыздықов бұл өзгерістің негізгі мақсаты – көмек көрсету процесін жеңілдету және оны барынша ашық ету екенін атап өтті.

– Енді ата-аналар мектепке табысы туралы анықтамаларды өздері ұсынбайды. Қажетті мәліметтер отбасының цифрлық картасы және мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы Ұлттық білім беру базасына автоматты түрде түседі. Осы мәліметтердің негізінде жүйе отбасының табыс деңгейін және мемлекеттік қолдау алуға құқығының бар-жоғын автоматты түрде анықтайды. Бұл көмек тағайындау процесін анағұрлым ашық, жедел әрі ыңғайлы ете­ді, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Қарағанды облысында жаңа оқу жылына дайындықтың басқа бағыттары да қатар жүруде. Биыл өңірдегі 265 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 29 мектеп жаңғырту жоспарына енгізілген, ал 35 ауыл мектебінде жаңарту жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар химия, биология, физика, робототехника және STEM бағыттары бойынша 77 жаңа модификацияланған кабинет сатып алынған.

Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесі кеңейтіледі. Жаңа оқу жылында Қарағандыдағы №4 мектеп-интернат 130 орынға арналған №11 арнайы мектеп-интернат болып қайта ұйымдастырылады. Сонымен қатар өңірде аутизмі бар балаларды қолдайтын екі орталық ашу және «Уақыт мүмкіндіктері» ерте көмек көрсету қызметінің қамту аясын кеңейту жоспарланып отыр. Инклюзивті білім беруді дамыту іс-шаралары тамыз конференциясында талқыланды.

Бүгінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 92 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Қарағанды қаласы мен Шет ауданында түзету кабинеттері жұмыс істейді. Қажетті жағдайлардың жасалуының арқасында бұған дейін үйде білім алған 364 бала мектепке ауысты.

– Біз балаларға көмек көрсетудің бірыңғай жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Оның құрамына мектепке дейінгі ұйымдар, ПМПК, түзету кабинеттері және денсаулық сақтау жүйесі кіреді. Мамандардың бірлесіп жұмыс істеуі, біліктілігін үнемі арттыруы, сондай-ақ ата-аналардың баланы қолдау процесіне белсенді қатысуы маңызды, – деді Қарағанды облысы  Білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.

Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Мектептерде педагог-психологтардың жұмысы күшейтіліп, «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіледі. Буллинг пен кибербуллингтің алдын алуға да айрықша назар аударылады. Биыл облыста Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмысты күшейтіп, барлық жауапты қызметтердің өзара іс-қимылын жолға қоюды тапсырды. Сонымен қатар Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларында балалардың құқықтарын қорғау бөлімдерін құру мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық білім беру ұйымдарында мүгедектігі бар балалар үшін қажетті жағдайлардың қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырды. 

Орталық педагогикалық, медициналық және әлеуметтік көмекті бір жерге біріктіріп, Шахтинск қаласындағы ғана емес, Саран және Абай аудандарындағы балаларды да қамтиды. Келер жылы осындай кешенді міндеттерді облыстың өзге де өңірлерінде жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Әділ БЕК

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью