Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Алматының перинаталдық орталығында бір айдың ішінде екі бірдей үшем дүниеге келді. Дәрігерлер мұны мекеме тарихындағы сирек оқиға деп бағалап отыр. Алты сәби де мерзімінен бұрын - жүктіліктің 32-аптасында туған. Нәрестелердің салмағы 1,3-тен 2 келіге дейін, - деп хабарлайды Tengri Health.
Екі аптада алты сәби
Алғашқы үшем 14 тамызда дүниеге келді. 27 жастағы Алматы тұрғыны Мөлдір Советханова екі ұл мен бір қыздың анасы атанды. Бұл оның табиғи жолмен біткен екінші жүктілігі болатын.
Сәбилер 32-аптада кесар тілігі арқылы өмірге келді. Ұлдарға Айхан және Айбын, ал қызға Айза есімі қойылған.
Олардың туған кездегі салмағы 1800, 1480 және 1400 грамм болды.
"Уақтылы және білікті көмектің арқасында үшемдердің жағдайын тұрақтандыру мүмкін болды. Жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесіндегі емнен кейін сәбилер жоғары күтімді қажет ететін нәрестелер бөлімшесіне ауыстырылды", - деп түсіндірді перинаталдық орталық өкілдері.
Онда мамандар үшемдерді бақылап, күтіп жатыр. Үйде балақайларды әкесі Әлібек пен төрт жасар ағасы Айқын күтіп отыр.
Екінші үшем 31 тамызда дүниеге келді. Рахат Бигельдиева да жүктіліктің 32-аптасында кесар тілігі арқылы босанды.
Отбасында екі қыз және бір ұл дүниеге келді. Ата-анасы балаларға Халима, Әмина және Ахмет есімдерін қойды.
Ұлдың салмағы 1998 грамм, қыздардікі - 1412 және 1347 грамм болды.
Қазір үшеуі де жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесінде жатыр. Дәрігерлер оларға қажетті көмек көрсетіп, тыныс алуды қолдау үшін инвазивті емес желдету әдісін қолданып жатыр.
Шала туған нәрестелер дәрігерлер бақылауында қаладыПеринаталдық орталық мамандары шала туған сәбилер үшін алғашқы уақытта медициналық бақылаудың аса маңызды екенін айтады. Мамандар олардың жағдайын қадағалап, қажетті ем-дом жүргізіп, бейімделуіне көмектесіп жатыр.
"Нәрестелердің жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесі дәрігерлерінің жұмысы ерекше атап өтуге лайық. Мамандардың кәсібилігі, тәжірибесі мен үйлесімді жұмысының арқасында шала туған нәрестелер өмірінің алғашқы минуттарынан бастап қажетті медициналық көмекті алады", - деп хабарлады қалалық перинаталдық орталық.
Енді дәрігерлердің басты міндеті - балалардың ширап, тиісті салмақ қосуына көмектесу. Содан кейін ғана сәбилер үйлеріне жіберіледі.
Тамызда екі аптадан аса айырмашылықпен туған екі бірдей үшем жалғыз жағдай емес.
2024 жылдың басынан бері Алматы қалалық перинаталдық орталығында барлығы төрт үшем дүниеге келді. Алғашқы екеуі қаңтар және ақпан айларында туған болатын.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу