Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Жуырда «Мәңгілік бала бейне» шығармасы Arman-PV баспасынан қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көріп, Германияда өткен халықаралық кітап көрмесінде көпшілік назарына ұсынылған еді. Бұл – қазақ әдебиетінің жауһар туындыларының бірі саналатын шығарманың халықаралық деңгейде танылуына жол ашқан маңызды қадам. Семей ядролық полигонының адам тағдырына салған жазылмас жарасын суреттейтін туындының шетелдік оқырманға жол тартуы да айрықша мәнге ие. Өйткені «Мәңгілік бала бейне» – бір ғана халықтың қасіретін емес, адамзатқа ортақ трагедияны арқау еткен шығарма. Арада отыз жыл өтсе де, туындының көркемдік құндылығы мен көтерген мәселесінің өзектілігі жойылған жоқ. Керісінше, жаңа тілде жарық көріп, жаңа оқырманмен қауышуы шығарманың өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.
Оқырман сұранысына орай шығарма әртүрлі форматта жарияланатыны белгілі. Бұл спектакль-кітаптың да ерекшелігі осында: ол ұлт қасіретін арқау еткен шығарманың ғұмыры да мәңгілік екенін айшықтап тұрса керек. Спектакль-кітап алғаш рет жарық көріп отыр.
Шығарма туралы әлем әдебиетін зерттеп жүрген ғалымдар да ойларын бөлісті. Германиялық ғалым Верена Цабель шығарманың басты ерекшелігі ядролық жарылыстың өзін емес, оның адам тағдырына тигізген зардабын көрсетуі екенін атап өтті. Оның айтуынша, шығармада адамгершілік құндылықтар ерекше көрініс тапқан. Ләйлә мен жарық ай арасындағы байланыс арқылы қоғамдағы кемсітушілік мәселесі ашылады. Адамдар оны мүгедек деп қабылдаса, жарық ай оның жарақатын емдеуге тырысады. Ең қызығы, «Мәңгілік бала бейнені» түпнұсқадан оқу үшін әдебиеттанушы қазақ тілін үйреніп алыпты. Шығарма туралы ойын да қазақша жеткізді.
Әңгіменің сахнаға алып шығып, бағын ашқан – белгілі режиссер Болат Атабаев. Ол қойған «Мәңгілік бала бейне» көрерменнің есінде мәңгі қалды. Ләйлә рөлін ойнаған Данагүл Темірсұлтанова мен Нұржан Бексұлтанованың да образдары көпшіліктің есінен шыққан жоқ. Ләйлә – полигон қасіретін шеккен халықтың жиынтық образы еді. Жазушы сол образ арқылы елдің жазылмас жарасын суреттеді.
Arman-PV баспасының бас директоры Дидара Алина: «Біз осындай салмақты дүниені ағылшын тіліне аударғанымызға қуанамыз. Бұл шығарманы аудару – бізге де үлкен жауапкершілік жүктеді. «Мәңгілік бала бейненің» көтерген жүгі жеңіл емес, бұл қасіретті тағдырды суреттейтін шығарма. Көркем дүниені ағылшын тіліне ғана емес, тағы бірнеше тілге аудару ойымызда бар» деді.
Қазақстанның халық әртісі Нұрқанат Жақыпбай «Мәңгілік бала бейнені» сахнаға шығаруды біраз уақыт жоспарлағанын, оны қоюға жүрексінгенін айтады. Кейінірек режиссер Шыңғыс Айтматов, Оралхан Бөкей, Роза Мұқанова шығармалары желісінде ортақ бір дүние жасап, Ләйләнің жаңа сахналық бейнесін өмірге әкелді.
Кеңес жылдарында Семей полигоны да, Арал қасіреті де айтылған жоқ. Кеңестік цензура бұл тақырыптардың шығуына тыйым салды. Әдебиетте де, тіпті газетте де жазылмады. ХХ ғасыр Семей қасіретін осылай «жабулы қазан жабулы күйінде» қалдырды. Сол уақытта мұндай тақырыпқа бару – Роза Мұқанованың ең үлкен ерлігі еді. Ал оны сахнаға шығарып, көрерменге тарту еткен Болат Атабаев болатын.
«Биыл бұл әңгімеге отыз жыл толды. Отыз жылда өзінің оқырманы да, көрермені де қалыптасты деп ойлаймын. Бұл туындының халықтық болуының бір себебі, тәуелсіздікке дейін қазақ әдебиетінде қаншама жабық тақырыптар болды. Ал сол «жабық» тақырыптарды ашуға мүмкіндік берген – Тәуелсіздік еді. Егер тәуелсіз ел болмағанымызда, «Мәңгілік бала бейне» сияқты шығармалар жазылмайтын еді. Сондықтан мұндай тақырыптарға халықтың ықыласы да ерекше болды. Бұл шығарманы жолы болған туынды деп айтар едім. Өйткені осы әңгіменің негізінде пьеса жаздым. Оны талантты режиссер, реформатор Болат Атабаев сахнаға қойды. Кейін Сатыбалды Нарымбетов әңгіме желісі бойынша «Қыз жылаған» фильмін түсірді. Бұл кино әлемді шарлады, халықаралық жүлделерге ие болды. Бүгінгі кездесу «Мәңгілік бала бейненің» спектакль-кітап болып жарық көруіне орай ұйымдастырылып отыр. Мұндай кітап бұрын-соңды шыққан емес. Оның ерекшелігі – шығармадағы кейіпкерлердің графикалық суретпен салынған бейнелері. Оқырман әр кейіпкердің бейнесін көре алады әрі әр кейіпкердің образы жақсы ашылған. Оны салған – талантты суретші Алмас Сырғабаев. Оның еңбегін ерекше атап өткім келеді» дейді жазушы Роза Мұқанова.
«Мәңгілік бала бейне» – өз көрерменін тапқан спектакль. Ләйләға арнап, талай ақын жыр жазды. «Уақыты келген кезде Ләйлә опера да болады, Ләйлә балет те болады. Өйткені Ләйлә көтеріп тұрған жүк – ұлттың жүгі» деген екен бір режиссер. Расында, Семей полигонынан шеккен азап – ұлттың үлкен жарақаты. Ләйләлар кешкен қасірет – халықтың жанына түскен ауыр жарасы.
Француз аудармашысы Филипп Риго «Мәңгілік бала бейнені» әлемнің кез келген еліндегі оқырманына ерекше әсер беретін туынды деп бағалаған екен. Демек, бұл оның (әңгіменің) ұлттық әдебиет шеңберінен шығып, жалпыадамзаттық мәселелерді көтеретін дүниеге айналғанын аңғартады. Отыз жыл өтсе де, ойдан да, көңілден де кеткен жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын туындының мәні тереңдеп, адамзатқа ортақ қасіреттің көркем шежіресіне айналып келеді.
Гүлзина БЕКТАС