Бір апталық іздеу және 63 сүңгу Зайсан көлінен екі балықшының денесі табылды

30.09.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көлінде 22 қыркүйекте жоғалып кеткен екі балықшыны іздеу жұмыстары аяқталды. Бір аптадан кейін олардың денелері бір күн айырмашылықпен табылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Балықшылар көлден оралмады

22 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Балықшы ауылдық округінде 1979 және 2001 жылы туған екі ер адам Зайсан көліне балық аулауға шығып, қайтып оралмаған.

ТЖМ құтқарушылары үздіксіз іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Оларға өз қайықтарымен жергілікті тұрғындар да қосылған.

Іздеудің алғашқы күні жағалаудан 3–4 шақырым қашықтықта суға батқан қайық табылған.

29 қыркүйекте жергілікті тұрғындар 2001 жылы туған ер адамның денесін тапты. 30 қыркүйекте құтқарушылар судан 1979 жылы туған екінші балықшының денесін шығарды.

Іздеу жұмыстары кезінде ТЖМ құтқарушылары су астына 63 рет түсті. Олар жағалау сызығы мен көл акваториясын, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен тексерді. Құтқарушылардың жұмысын ауа райының қолайсыздығы қиындатқан. Қатты жел мен көлдегі толқын іздестіру топтарының су бетімен қозғалуына және сүңгуірлердің жұмысына кедергі келтірген.

Маңғыстау облысындағы қасірет

Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз жаттығулары кезінде әскери қызметшілерді Каспий теңізіне ағызып әкеткен болатын. Олар жағалауда оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жүрген кезде ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Бастапқыда 19 әскери қызметші туралы хабарланған болатын, кейінірек әкімдік 17 адам екенін нақтылады. Төтенше жағдай салдарынан 14 адам қаза тауып, үшеуі аман қалды.

Трагедияны зерттеу үшін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия құрылды. Әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты. Ол 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью