Бір күндік хиттердің соңынан қуған емеспін : Димаш сынға жауап берді

03.08.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

31 шілдеде жарық көрген «Aqerke» әнінің бейнебаяны әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Тыңдармандардың басым бөлігі жаңа жұмысты жоғары бағаласа, кейбірі әншіге авторлық әндердің аздығы, мықты продюсердің жоқтығы және опералық вокалға жиі ден қоятыны туралы сын айтты.

Осыған байланысты Димаш Құдайберген Instagram парақшасында видеоүндеу жариялап, өзін қолдаған жанкүйерлерге де, орынды сын айтқан тыңдармандарға да алғыс білдірді.

Әншінің айтуынша, «Aqerke» халық әнінің жаңа нұсқасы шетелдік аудиторияны қазақ музыкасына жақындату мақсатында әзірленген. Ол шығармада etno pop пен dance pop элементтерін ұштастырып, халық әнінің табиғатын өзгертуді емес, оны қазіргі заман тыңдарманына түсінікті әрі жақын етіп жеткізуді көздегенін айтты.

Мексикалық жанкүйерлер Димаштың алып мүсінін әуе шарларынан жасады

Сондай-ақ өнер иесі өзінің тек классикалық немесе опералық бағытта ғана ән айтатыны туралы пікірлермен келіспейтінін жеткізді.

– Соңғы он жыл ішінде классикадан бастап рэпке дейінгі түрлі жанрда өнер көрсеттім. Репертуарымның негізін өзімнің авторлық немесе өзім продюсерлік еткен әндер құрайды. Сол туындылардың бірқатары шетелдік тыңдармандар арасында танымал болып, халықаралық чарттарға енді. Мен үшін ең үлкен марапат – әлемнің әр түкпіріндегі адамдардың қазақ тіліндегі әндерді бірге орындауы, – деді Димаш.

Әнші өзінің басты мақсаты қысқа уақытқа ғана танымал болатын хиттер жасау емес, қазақ мәдениетін әлемге танытып, сапалы музыкалық туындылар ұсыну екенін атап өтті.

Димаш Құдайбергеннің жаңа әні Жапония радиосының эфирінде шырқалады

Оның сөзінше, Азия, Еуропа және Америкадағы концерттері барысында шетелдік көрермендерге тек авторлық әндерін ғана емес, қазақтың халық әндерін де таныстыруға мүмкіндік туған.

– Егер шетелдік тыңдарман қазақ әнін тыңдап, оның тарихына, халқымыздың мәдениетіне қызығушылық танытса, онда еңбегімнің ақталғаны. Мен ешқашан бір күндік хиттердің соңынан қуған емеспін. Бар күш-жігерімді жүректен шыққан әндерді кәсіби деңгейде орындап, тыңдарманға сапалы күйінде ұсынуға арнап келемін, – деді өнер иесі.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью