Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
– 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент жағдайында заңдар ұзақ талқылауларсыз, жедел қабылданады. Бұл Парламент мүшелерінің жауапкершілігін күшейтіп, шешімдердің уақытылы әрі нақты бекітілуін қамтамасыз етеді. Нәтижесінде демократиялық институттардың тиімділігі артады, - деді депутат.
Сондай-ақ пропорционалдық сайлау жүйесі партияларды нығайтып, саяси бәсекелестікті дамытуға және қоғам мүддесін нақты жеткізетін саяси жүйе қалыптастыруға бағытталған. Бұл бизнеске қолайлы орта құрып, мектептер мен ауруханалар салу, инфрақұрылымды жақсарту сияқты маңызды бастамаларға қажет заңдардың жедел қабылдануына мүмкіндік береді.
Айдарбек Қожаназаров биліктің халық алдындағы ашықтығы артып, цифрлық технологиялар арқылы есеп беру мәдениеті күшейетінін атап өтті. Оның айтуынша, реформалар бизнеске қатысты заңдар мен талаптардың тұрақты әрі түсінікті болуын қамтамасыз етіп, кәсіпті ұзақ мерзімге жоспарлауға жол ашады.
Депутат ел болашағына қатысты пікірін ашық білдірген мыңдаған қазақстандықтың үнін ескере отырып, «Халық кеңесі» идеясы қалыптасқанын айтты. Бұл «еститін мемлекет» қағидатының нақты іске асып жатқанын көрсетеді.
– Осындай реформалар жас ұрпақтың алаңсыз болашағы үшін қолға алынып отыр. Экономиканың заманауи талаптарға сай дамуы, жаңа мүмкіндіктердің пайда болуы жастардың білімін, қабілетін ел ішінде жүзеге асыруын қамтамасыз етеді. Осылайша, дарынды жастар өз болашағын шетелде емес, Қазақстанда жасайды, - деді ол.
Бұған дейін «Ақ жол» партиясы азаматтар мен бизнестің жекеменшік құқығын қорғауды күшейтуді ұсынды.