Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Қарағандыда бір қабірге таласқан екі отбасының дауын эксгумация шешетін болды. Бір тараптың арызы бойынша Қарағанды облысының апелляциялық коллегиясы қабірді қазып, онда жатқан кімнің мүрдесі екенін анықтауға рұқсат берді, деп хабарлайды Aikyn.kz сайты "КТК" арнасына сілтеме жасап.
Сотқа Қарағанды тұрғыны Айгүл Жәмиленова арызданған.
Айтуынша, ол 2024 жылғы 19 қарашада Құрылыс ауылы маңындағы бейітке анасын жерлеген. Рәсімнен кейін қабір айналасын тағы үш адам сыятындай өлшеп, қадасын қағып, жібін тартып кеткен.
- Келесі жылы жазда келсем, белгіленген жерде басқа біреудің мазары қойылған. Қарағандының басқа тұрғыны мұнда өз апасын 2024 жылдың 26 қарашасында жерлеген. Қабір қазушы топырағы кеппеген қабірді қайта қазатындай "әруақтан аттауым мүмкін емес" деп отыр, - дейді ол.
Айгүл Жәмиленова алғашында аудандық сотқа арызданып, жеңіліп қалған. Ал апелляциялық шағымы қанағаттандырылды. Енді сот шешімімен эксгумация мен ДНК сараптамасының шығынын қабірде жатқан мүрдеге қатысы жоқ тарап көтеретін болады.
"Жерлеу рәсімінде барлық туысқаны болған. Ол жерде жасы да, кәрісі де бар, бәрі Айгүлдің анасы жерленгенін бірауыздан айтып отыр. Апелляциялық коллегия арызымызды қанағаттандырды. Эксгумация мен ДНК сараптамасын жүргізуге міндеттеді. Менің ойымша, бұл дауға нүкте қою өте маңызды", - дейді арызданушының адвокаты Бауыржан Ізділеуов.