Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Made in Kazakhstan брендінің танымалдылығын арттыруға бюджеттен бірде-бір теңге бөлінген жоқ. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Журналистер отандық брендті ілгерілету науқанына мемлекет тарапынан қанша қаражат жұмсалғанын сұрады.
"Бір тиын да бөлінген жоқ. Сонымен қатар бүкіл экожүйені ағымдағы міндеттеріміз аясында өз күшімізбен жасап шықтық", - деп жауап берді Шаққалиев.
Оның айтуынша, Made in Kazakhstan белгісі елдік бренд, сондықтан оны насихаттау жалғаса береді.
Сондай-ақ министр кезінде Made in Kazakhstan белгісін жекешелендіру әрекеттері болғанын, алайда министрлік бұған жол бермегенін айтты.
"Made in Kazakhstan белгісін жекешелендіргісі келгендер болды. Ашығын айтайын, мұндай жағдайлар кездесті. Бірақ біз бұл әрекеттердің жолын кестік", - деді министр.
Шаққалиев Made in Kazakhstan белгісі жеңілдіктер немесе мемлекеттік қолдау алу үшін негіз ретінде қабылданбауы тиіс екенін атап өтті.
Оның сөзінше, мемлекеттің міндеті - бұл брендті Swiss Made, Made in Japan немесе Made in Germany таңбалары сияқты сапамен байланыстыру.
Министр премьер-министрдің тапсырмасы бойынша жыл аяғына дейін отандық өнімді ілгерілетудің кешенді жоспарын жаңарту жоспарланғанын хабарлады. Оның негізгі мақсаты - қазақстандық тауарлар экспортын арттыру және Made in Kazakhstan брендін шетелде танымал ету.
"Бүгінде Қазақстанда сәтті өндірілген өнім ел ішінде сатылып қана қоймай, экспорттық нарықтарға шығып, сол жерде танымал болуы тиіс", - деді Шаққалиев.
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов сауда желілерінің иелерін қазақстандық өнімдерге деген көзқарасты өзгертуге шақырды. Премьердің пікірінше, отандық өнімнен бұрын импорттық тауарларға басымдық беру "құқықтық тұрғыдан ғана емес, моральдық тұрғыдан да дұрыс емес".
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу