Бір топ депутат коммуналдық кәсіпорындарды жекешелендіру кезіндегі келеңсіздіктерді жеткізді

04.03.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Бүгінгі мәжіліс отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері мен депуттар Берік Бейсенғалиев, Альберт Рау, Дүйсенбай Тұрғанов, Ерлан Саиров, Мархабат Жайымбетовтің Премьер-Министр Олжас Бектеновке коммуналдық кәсіпорындарды жекешелендіру кезінде туындаған мәселелер жөнінде депутаттық сауалын жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Олардың айтуынша, биыл 10 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселені көтерген. Дегенмен құзырлы органдар Президент Жарлығында көрсетілген тапсырмаларға атүсті қарайтынын сөз етті. 

– Өткен жылдың қазан айында Үкімет 2026–2030 жылдары жекешелендіруге жататын 473 нысанның тізімін бекітті. Бұл шешім экономиканы дамытуға бағытталған маңызды қадам екені анық. Алайда, биыл қаңтар айында өңірлерге барып, Қостанай, Атырау, Қызылорда облыстарының сайлаушылармен кездесулер барысында мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру мәселелерін қатысты алаңдаушылық жиі айтылды. Халық, әсіресе, жекенің қолына өткен кәсіпорындардың қызметі болашақта қандай қауіп-қатерлерге әкелуі мүмкін екенін сұрауда.

Атап айтқанда, тізімге енген нысандардың басым бөлігі – коммуналдық кәсіпорындар. Олардың арасында қалалар мен елді мекендерді жылумен, сумен қамтамасыз етіп отырған өмірлік маңызы бар кәсіпорындар бар. Сайлаушылардың айтуынша, бұл кәсіпорындардың кейбірінің балансында жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық нысандар бар. Сонымен қатар, сайлаушылар бұрын жекешелендіріліп, кейін қайтадан мемлекет меншігіне өткен, елеулі мемлекеттік инвестиция салынып, енді қайта жекешелендіруге қойылған коммуналдық кәсіпорындардың теріс тәжірибесін айтқан.

Мәселен, 2020 жылы Рудный қаласының жылу желілері қайтадан мемлекет меншігіне өткен кезде кәсіпорынның жағдайы нашар болды. Жылу желілерінің тозуы 71%-ға жетіп, 313 апат тіркелген. Қызмет сапасы талапқа сай болмаған, кәсіпорын 740 млн теңге шығынға ұшырап, 1 млрд 366 млн теңге кредиторлық берешек жинақтаған. Кәсіпорынның мемлекет меншігіне қайтарылуы жылумен жабдықтаудың толық тоқтап қалу қаупінің алдын алып, саланың тұрақтылығын қамтамасыз етті. 2020 жылдан бастап қомақты мемлекеттік қаражат есебінен жылу желілері жаңартылып апаттық жағдайлар елеулі төмендетілді.

Қазіргі таңда осы кәсіпорынмен бірге Қостанай, Арқалық жылу энергетикалық компаниялары, «Лисаковскгоркоммунэнерго», «Жітіқаракоммунэнерго»  қосқанда барлығы 18 коммуналдық кәсіпорынды жекешелендіру жоспарланып отыр. Үкіметтің есінде болса, аталған кәсіпорындардың бәрі бұрын да жекешелендіру жоспарына енгізілген, бірақ, Екібастұздағы апаттан кейін алынып тасталған. Сонда біз Екібастұздың жылу желілерінің жеке меншікте болғаны қандай салдарларға әкелгенін тез ұмытқанымыз ба, – деді Берік Бейсенғалиев.

Дүйсенбай Тұрғанов та бұл сұрақтар еліміздің көптеген өңірлерінде де қойылған қозғады. 

– Мәселен, Қызылорда бойынша облыс орталығы мен Қазалы ауданының Айтеке би кентіне жылу беруші «Қызылорда жылу электр орталығы» және оның «Қазалы-темір жол Жылу» филиалы, Атырау облысының орталығы мен Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға және Мақат аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Атырау облысы Су Арнасы», сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында Алтай және Серебрянск қалаларының жылу-су  орталықтары мен «Зайсан» көп салалы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны сияқты Қазақстан бойынша көптеген стратегиялық маңызды насандарды жекешелендіру жоспарлануда. 

Осы ретте кейбір кәсіпорындар, мысалы – Шымкент су арнасы стратегиялық деп мемлекет меншігіне қайтарылып жатқанда неге басқаларын сатылымға қою керек?  Бұл бір жүйенің болмауында ма, әлде құзырлы органдардың мәселеге бей-жай қарауында ма?, –  дейді Дүйсенбай Тұрғанов.

Олардың айтуынша, бесінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев энергетикалық қуат көздерінің жеткілікті болуы – мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты екенін атап өтті. Осыған байланысты олар стратегиялық және әлеуметтік маңызы бар коммуналдық және энергетикалық нысандарды жекешелендіру талаптарын күшейтуді ұсынды. 

– Мемлекеттік коммуналды кәсіпорын инфрақұрылымының жай-күйін және жекешелендіру қажеттілігін егжей-тегжейлі талдау керек. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес коммуналды мүлікті жекешелендіру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу міндеттеп, елді мекендердің энергетикалық қауіпсіздігіне қауіп төнбеуі үшін алдын алу шараларын қарастыру қажет, – дейді Ерлан Саиров.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью