Біреудің үстіне құламас үшін әдейі құлату. Алматыдағы Студенттер сарайының шатыры қалай опырылды?

25.09.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

ҚазҰУ Студенттер сарайының шатыры 24 қыркүйекке қараған түні ортасына түсіп, алматылықтардың арасында біраз сұрақ туғызды.

Алайда бұл реконструкция аясында апатты жағдайдағы шатырды жоспарлы түрде бөлшектеу екен. Tengrinews.kz өз репортажында ғимараттың неге мұндай күйге түскенін, кейінгі екі жылда онда не болғанын және реконструкциядан кейін Студенттер сарайы қандай болуы керек екенін баяндайды.

Таңдағы тосын көрініс

Алматылықтарды 24 қыркүйек күні таңда тосын жаңалық күтіп тұрды. Түнде реконструкция жүріп жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ө. А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы шатыры опырылғаны белгілі болды.

Ресми хабарламалар шыққанға дейін әлеуметтік желі қолданушылары шатырдың 24 қыркүйекке қараған түні құлағанын анықтап үлгерді. Бірақ ол сәтте ешқандай түсініктеме мен мәлімет болмағандықтан, тұрғындар түрлі болжам жасап жатты.

Көбінесе шатыр сапасыз жұмыс салдарынан құлады деген пікірлер басым болды. Алматылықтар бұған құрылысшыларды немесе әкімдікті кінәлады.

Threads желісінен скриншоттар

Кейінірек университет ресми мәлімдеме мәлімдеме жасады, бірақ онда шатырдың неге опырылғаны туралы бір ауыз сөз айтылмады. Оның орнына оқу орнының әкімшілігі 30 жылға жуық пайдалану мерзімінде ғимаратта бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмегенін, ал реконструкция қажеттілігі 2023 жылғы тексеру кезінде мамандар анықтаған құрылыс конструкцияларының тозуымен байланысты екенін түсіндірді.

Атап айтқанда, сарапшылардың бағаналардың коррозияға ұшырауын және ішінара бұзылуын, темірбетон бағаналардың қисаюын, ригельдер мен бағаналардың қосылған жерлерінің бұзылуын, темірбетон ригельдердің майысуын, жекелеген көтергіш элементтердің жоқтығын, сондай-ақ шатырдың металл конструкцияларының коррозиясы мен деформациясын тіркегені айтылды.

"Жоғарыда айтылғандардан Студенттер сарайының кезінде-ақ бірқатар өрескел заңбұзушылықтармен пайдалануға берілгені шығады. Университет Студенттер сарайының тарихи-мәдени құндылығын сезіне отырып (...) нысанды сақтап қалу және қалпына келтіру туралы шешім қабылдады", - делінген мәлімдемеде.

Университет әкімшілігі мәлімдемесінен ғимараттың шұғыл жөндеуді қажет еткені белгілі болды. ЖОО ғимараттарға әр 20–25 жыл сайын күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі туралы нормаларға сүйенді. Ал мамандар анықтаған көптеген ақауларды ескерсек, реконструкция өте маңызды болған.

Алайда бұл әлі де шатырдың неге опырылып түскенін түсіндірмеді. Сондықтан біздің тілшілер тікелей ЖОО әкімшілігіне пікір алу үшін жүгінді. Шатырдың құлауы - шатырды бөлшектеу жұмыстары аясында әдейі жасалған әрекет екенін анықтадық. Бұның бәрі жоспармен бекітілген.

"Қауіпсіздік мақсатында және оқу процесіне кедергі келтірмеу үшін барлық жұмыс түнгі уақытта орындалды", - деп хабарлады ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі.

Сонымен қатар университет бұған дейінгі ресми мәлімдемелер мен сұхбаттарда ғимараттың шекті тозуы мен ауқымды жөндеу жұмыстарының қажеттілігі туралы алдын ала ескертілгенін атап өтті.

"Түсіруге тыйым салынады"

Біз ғимараттың қазіргі кейпін өз көзімізбен көру үшін ҚазҰУ-ға бет алдық. Көрініс көңіл көншітпейді. Сәулет өнерінен хабары жоқ адамның көзімен қарағанда, қазір Студенттер сарайы бомбалаудан кейінгі ғимаратқа көбірек ұқсайды.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Бір қызығы, біз тілдескен студенттер Студенттер сарайында не болып жатқанынан бейхабар екен. Олардың айтуынша, шатырдың опырылғанын таңертең Threads желісінен немесе жаңалықтардан білген.

"Біздің балалардың бірі түнде қатты дыбысты естіпті. Шаң қатты көтерілді десті, бірақ бұл түнде болды, жатақханалар жабылып қалған еді. Сондықтан оны ешкім дәл көре қоймаған шығар", - деді бізге екінші курс студенті.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Тілшіміз осы суретті түсіріп жатқанда, артынан кенеттен университеттің қауіпсіздік қызметінің қызметкері келіп, аумақта түсірілім жасауға тыйым салынғанын, ол үшін университеттен рұқсат керек екенін әдеппен жеткізді.

Айтпақшы, түсірілім жасауға тыйым салынған алғашқы адамдар біз емеспіз. Бұл туралы басқа журналистер мен тіпті қарапайым әлеуметтік желі қолданушылары да жазған болатын. Кейін белгілі болғандай, бұл тыйым - университеттің өкімі.

Күзетшімен бюджет есебінен жөнделіп жатқан мемлекеттік нысан аумағында фототүсірілім жасаудың заңдылығы төңірегінде шағын "мәдени" дау туындады. Соңында ол бізге толығырақ пікір алу үшін ЖОО әкімшілігін күтуді ұсынды. Біз, әрине, бұған қуана келістік.

Ал сол уақытта төбемізде дрон ұшып жүрді, ол да біз сияқты ғимараттың қираған шатырын түсіріп жатқаны анық еді.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Қауіпсіздік қызметкері дронды көре сала, рация арқылы бұл туралы хабарлауға асықты. Алайда дронның түсіруіне ешкім тыйым сала алмады.

"Ол бәрібір құлар еді"

20–30 минут күткеннен кейін журналистердің алдына ҚазҰУ күрделі құрылыс департаменті басшысының міндетін атқарушы Айту Қонысбаев пен Студенттер сарайын реставрациялау жобасының бас сәулетшісі Сергей Фартуков шығып, қайта жаңғырту жұмыстары мен шатырдың ортасына түсуіне қатысты барлық сұрағымызға жауап беруге келісті.

Мамандар оқиғаның мән-жайын түсіндіру үшін алдымен қайта жаңғырту жұмыстарының себептеріне тоқталды. Олардың айтуынша, күрделі жөндеуді бастамас бұрын ғимарат төрт рет тексерілген. Алғашқы сараптама 2023 жылы жүргізіліп, сол кездің өзінде оның нәтижелері мамандарда күдік тудырған. Қонысбаевтың сөзіне қарағанда, сарапшылар жүк көтергіш және қоршау конструкцияларының қосылған жерлерінің жай-күйін көру үшін жекелеген учаскелерді таңдамалы түрде ашып тексерген.

Қонысбаевтың айтуынша, тексеру жұмыстары біртіндеп тереңдей түскен. Мамандар еденнің кейбір тұстарын бұзып, ғимарат ішіндегі конструкциялардың қалай орнатылғанын зерттеген. Нәтижесінде бір қызық дерек анықталды.

"Зерттеу барысында ғимарат архитектурасында сейсмикалық күшейтуге жауап беретін бағаналардың (колонналардың) жоқ екені белгілі болды. Ригельдерде де дәл сондай жағдай. Олар төбенің бойымен жүреді де, кенеттен үзіліп қалады. Яғни, бағаналар үшін негіз бар, бірақ бағананың өзі жоқ. Кей жерде бағана келе жатады да, ары қарай жалғасы болмайды. Бүкіл ғимарат бойынша мұндай орындар өте көп", - деді ол.

Ол өз сөзін растау үшін Студенттер сарайының ішінде түсірілген фотосуреттерді көрсетті.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Қонысбаев ғимаратты сейсмикалық нығайтуға жауапты болуы тиіс кейбір элементтердің мүлдем жоқтығын ерекше атап өтті.

"Сейсмикалық күшейту конструкциялары болуы тиіс жерлерде олар жоқ болып шықты. Осыны анықтаған кезде біз өте күрделі жағдайға тап болғанымызды түсіндік", - деді ол.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Басқа құрылыс элементтерінде де осындай мәселелер болған. Мысалы, ғимараттағы кейбір бағаналардың қисайғаны сонша, уақыт өте келе құлап қалуы мүмкін еді. Ал кейбіреулерінде тесіктер болған. Бұл жерде сөз бетон туралы болып отыр.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Мамандардың айтуынша, осы ақаулардың бәрін анықтаған соң, олар мұқият тексеру жүргізуге шешім қабылдаған. Сондықтан тексеру жұмыстары төрт рет өткізілді. Кейін, Қонысбаевтың айтуынша, сарапшылар шатырды тексеріп, оны ұстап тұрған металл конструкциялардың деформацияланғанын және майысқанын анықтаған. Мамандар зерттеуді тереңдеткен сайын ғимараттың жай-күйіне қатысты сұрақтар көбейе берген.

"Осыншама жыл бойы жұмыс істеп тұрғанда, оның ішінде не барын және неден тұратынын ешкім білмеген. Мұның бәрін көргенде мен ішке кіруге қорықтым. Негізі мен арматурадан ұстап алып тоғызыншы қабатқа дейін өрмелей беремін, бірақ мына жерде маған шынымен үрейлі болды. Бағаналар бір бөлек, тіпті қабырғадағы бетондарда тесіктер бар", - деді Қонысбаев.

Қорытындысында көңіл көншітпейтін шешімге келді: металдың жағдайы өте нашар, ал Алматыдағы сейсмикалық белсенділікті ескерсек, ғимарат кез келген сәтте ортасына түсуі мүмкін еді. Сондықтан шатырды тез арада демонтаждау мәселесі туындады. Бірақ оны жай ғана іске асыру мүмкін болмады, бұл жаңа мәселеге айналды.

"Шатырдың жай-күйі нашар деген қорытынды алғаннан кейін біз демонтажды қалай жүргізіп, барлық металды қалай ауыстыруды ойлана бастадық. Металдың бәрі шіріп кеткен, ал оның бәрін кесу үшін шатырға қандай да бір жабдық қою қауіпті әрі қиын болды", - деп түсіндірді Қонысбаев.

Бізбен сұхбаттасқан мамандардың айтуынша, шатырды әдеттегі тәсілмен бөлшектеу де мүмкін болмаған. Мамандар крандарды пайдаланып, металл тіректерді кезең-кезеңімен кесу нұсқасын қарастырған, бірақ жұмысшыларға төнетін қауіпке байланысты бұл идеядан бас тартқан. Конструкция кенеттен адамдардың үстіне құлауы мүмкін еді. Сондықтан соңында басқа әдіс - "аралап кесу" әдісі таңдалды.

Бұл әдістің мәні - шатырдың негізгі тіреу нүктелерін анықтап, оларды аралап кесу және осыдан кейін қауіпті аймақтан кету. Сәулетші Сергей Фартуковтың айтуынша, мамандар негізгі тіректер әлсірегеннен кейін шатыр өздігінен құлайды деп есептеген. Қысқасы, тіректерді кесіп кетіп қалды, біраз уақыттан кейін табиғи салмақтың әсерімен шатыр төмен түсті.

"Түсініңіздер, біз қазір ештеңе ойдан шығарып отырған жоқпыз немесе ақталуға тырыспаймыз. Біз көрсеткен фотосуреттердің өзі уақыттың аз қалғанын, мұның бәрі кез келген сәтте құлауы мүмкін екенін дәлелдейді. Негізінде, шатыр бәрібір құлайтын еді, бірақ ол күтпеген сәтте болып, адамдар зардап шегуі мүмкін еді. Сондықтан біз бұл процесті жеделдетіп, оны қауіпсіз етіп жасадық", - деді Фартуков.

Түйіндей айтқанда, сұхбаттасушыларымыздың сөзіне қарағанда, шатырдың құлауы бәрібір болатын жағдай еді. Сондықтан олар демонтажға дайындықты бастаған және оны ықтимал қауіптерді ескере отырып жүргізген.

Шатырды құлатуды кеш батқанда, жатақханалар жабылып, ғимарат маңында адамдар болмайтын кезде өткізу ұйғарылды. Сондай-ақ, жұмыс басталмас бұрын қандай да бір төтенше жағдайдың алдын алу үшін бәрі бірнеше рет қосымша тексерілгеніне сендірді.

Шатырды құлату уақыты 23:30-ға жоспарланған. Бірақ іс жүзінде бұл сәл кешірек - 23:38-де болды.

Мамандардың сөзінен шығатын басты қорытынды: шатыр кенеттен құлаған жоқ. Бұл мүмкін болатын құрбандар мен кездейсоқ төтенше жағдайдың алдын алу үшін әдейі жасалған қадам.

"Басты міндет - ғимаратты сақтап қалу"

Енді құрылысшылардың жоспарында - үйінділерді тазарту және реконструкциялау жұмыстары тұр. Олардың айтуынша, бұл жұмыс 17 айға созылуы тиіс. Сонымен қатар, бізбен әңгімелесу барысында бірнеше рет айтылғандай, олар үшін басты мақсат - тарихи ғимаратты сақтап, оның алдағы уақытта да ел игілігіне қызмет етуін қамтамасыз ету.

"Ғимаратты сақтап қалу - біздің басты міндетіміз. Қазір біз оның салмағын жеңілдеттік: қасбеті мен шатырын алдық - мұның бәрі нысан құлап кетпеуі үшін жасалды. Біз оны аман сақтап қалғымыз келеді. Бұл - сәулет ескерткіші ғой", - дейді Фартуков.

Сонымен қатар, біз бас сәулетшімен ғимараттың соңғы бейнесі қандай болатыны туралы сөйлесе алдық. Еске сала кетейік, қазір ғимараттың қабырғалары жалаңаш күйде тұр, ал бастапқыда олар ұлутаспен қапталған болатын.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Сергей бізді ғимараттың тарихи қасбеті толық қалпына келтірілетініне сендірді. Оның айтуынша, сол баяғы ұлутас қолданылады, тек жаңасы салынады.

"Сыртқы келбеті бұрынғы қалпында, толықтай ұқсас болып қалады. Қасбет үшін сол материалдар пайдаланылады, тек ұлутас жаңартылады. Бір ғана өзгеріс - біз оны заманауи нормаларға сәйкестендірдік, өйткені ескісінің оқшаулағыш қабаты шіріп кеткен. Негізінде, ғимарат дәл бұрынғыдай болады, тек жаңа материалдармен жаңарады", - деп түсіндірді бас сәулетші.

Бізге жөндеуден кейін ғимараттың қандай болатыны бейнеленген рендерлерді көрудің сәті түсті. Егер оны қазіргі кейпімен салыстырсақ - айырмашылық жер мен көктей.

Фото: ҚазҰУ баспасөз қызметі

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Бұл ретте Фартуков ғимараттың сыртқы келбетіне қатысты басқа нұсқалардың тіпті қаралмағанын атап өтті.

"Сыртқы келбеті бойынша басқа ұсыныстар болуы мүмкін емес, себебі заң бойынша біз ғимараттың тарихи бейнесін сақтауға міндеттіміз. Біз, әрине, бірнеше заманауи нұсқаларды ұсындық, бірақ олар аса қаралған жоқ. Басты талап - оның негізгі мақсатын сақтау. Бұл - қаладағы Республика сарайынан кейінгі сыйымдылығы жағынан екінші зал. Сондықтан сыртын талапқа сай реттейміз, ал іші заманауи сахналық, акустикалық және өзге де жаңа жабдықтармен толығады", - деді ол.

Жоспар бойынша Сарайдың ішкі көрінісі мынадай болмақ.

Фото: ҚазҰУ баспасөз қызметі

Әңгіме барысында бізде бір заңды сұрақ туындады: егер ғимараттың жағдайы соншалықты нашар болса және ол көптеген заңбұзушылықтармен салынған болса - оны кезінде пайдалануға қалай қабылдап алған? Қандай да бір тексеру, сараптама жүргізілді ме? Бұл немен түсіндірілді?

Мұндай сауал тек бізді ғана мазаламаған екен. Қонысбаевтың айтуынша, Сарай 1985 жылдан 1998 жылға дейін салынған. Олар бастапқы жоспарларды, жобалық құжаттарды табу үшін архивке сұраныс жіберген, бірақ ештеңе табылмаған. Мүлдем ештеңе жоқ.

"Шын мәнінде, біз оны салған компанияның атын ғана білеміз, басқа ештеңе белгісіз. Архивтерге көптеген сұрау жібердік, түпнұсқа құжаттарды, жоспарларды іздедік, бірақ ештеңе жоқ. Архивтегілер мұны жай ғана: "бізде олар жоқ" деп түсіндірді. Біз тіпті оның қандай жағдайда салынғанын және дайын жұмыстардың қалай қабылданғанын да білмейміз", - деп мойындады құрылыс департаментінің басшысы.

Бұл шындыққа жанасатын сияқты. Оның тіпті қисынды түсіндірмесі де бар. Бұған дейін журналистер ҚазҰУ қалашығының жобасын әзірлеумен Ресейде орналасқан "ГИПРОВУЗ" жоғары оқу орындарын жобалау институтының авторлық ұжымы айналысқанын жазған болатын, сондықтан құжаттар сол жақта болуы мүмкін.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Осының бәрінен мынадай қорытынды жасауға болады: қазір құрылысшылар ең басында жасалуы тиіс болған істі атқарып жатыр.

"Арқалықтарды ашқан кезде олардың іші жай ғана құмға немесе қоқысқа толтырылғанын көрдік. Яғни, ғимарат бастан-аяқ заңбұзушылықтармен салынған. Мен мұны Одақтың ыдырауымен байланыстырамын. Қиын кезең болды - содан болар, осыншалықты сапасыз салынған. Енді біз оны бастапқы, лайықты қалпына келтіруіміз керек", - дейді Қонысбаев.

Реконструкция тарихы

Іс жүзінде Студенттер сарайын реконструкциялау 2024 жылдың көктемінде басталды. Сол кезде тарихи ғимарат құрылыс қоршауымен қоршалды. Бірақ реконструкцияның басталғаны туралы ресми түрде хабарланған жоқ. Сонымен қатар, жұмыстар Алматы қаласының мәдениет басқармасымен келісілмегені мәлім болды.

Сол жылдың наурызында ведомство ҚазҰУ-дың ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуге қатысты әкімдікке қарасты мекемеге жүгінгенін, алайда ол уақытта органға ешқандай ғылыми-жобалық құжаттама ұсынылмағанын хабарлады.

Бұған қарамастан, сол жылдың аяғына қарай жұмыстар басталып кетті. БАҚ мәліметінше, 2024 жылғы желтоқсанның аяғында Студенттер сарайының қасбетінен ғимараттың әйгілі келбетін қалыптастырған ұлутастар алына бастағанын жазды.

Университеттің баспасөз қызметі бұған жауап ретінде 35 жыл пайдалану кезінде ғимаратта ешқандай техникалық тексеру жүргізілмегенін хабарлады. Ол алғаш рет 2023 жылы жасалған. Нәтижесінде күрделі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары қажет екені анықталды. ЖОО мәліметінше, сарапшылар тіреуіш және қоршау конструкцияларында ақаулар тапқан. Дәл осы жағдайды ҚазҰУ-дың күрделі құрылыс департаментінің басшысы мен бас сәулетші де растады.

Қасбеттің бөлшектелуі де осыған байланысты болды. Ол кезде жоғары оқу орнының жауабында "сыртқы әрлеуді алмайынша, ақауларды көзбен анықтау мүмкін емес еді" деп айтылған болатын. Дегенмен, университет әкімшілігі қасбеттің қайта қалпына келтірілетініне уәде берді.

ҚазҰУ әкімшілігі қаптаманы алу реконструкцияның басталғанын білдірмейтінін түсіндіруге тырысты. Олардың нұсқасы бойынша, бұл мамандар қасбеттің артындағы конструкцияларды көріп, олардың жай-күйін бағалауы үшін, ғимаратқа техникалық зерттеу жүргізу мақсатында қажет болған. Ал 2025 жылдың басында Алматы қалалық мәдениет басқармасы тағы да ешқандай реконструкция жұмыстары қала билігімен келісілмегенін мәлімдеді.

Бұл жағдай азаматтардың түсінбеушілігін тудырды. Іс жүзінде ғимараттың қасбетін бөлшектей бастады - кейінірек белгілі болғандай, бұл реконструкция қажет деген қорытындыға әкелді. Дегенмен, университеттегілер ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін айтып бақты. Кейбір БАҚ тіпті әкімдікпен келісімнің жоқтығына байланысты бұл реконструкцияны заңсыз деп атады.

2025 жыл бойы жағдай өзгерген жоқ. Тамызға қарай тарихи ғимараттың қабырғалары толықтай дерлік "жалаңаштанды", бірақ реставрацияның түпкілікті жобасы әлі дайын болмады. Ал университеттегілер нысанда "құрылыс-монтаждау немесе жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жоқ" деген уәждерінен танбады. ЖОО әкімшілігі мұны дайындық шаралары деп атады, оған техникалық тексеру, инженерлік-геологиялық, сондай-ақ тарихи-мәдени сараптамалар кірді.

Реконструкция тек 2026 жылы ғана түпкілікті келісілді. 24 шілдеде Алматы қалалық мәдениет басқармасы Студенттер сарайының ғылыми-реставрациялау жұмыстарына арналған ғылыми-жобалық құжаттамасын мақұлдады. Осылайша, ғимарат қоршалғаннан кейін шамамен екі жыл өткен соң жоба ресми мақұлдау алды.

ҚазҰУ өкілдері кешегі мәлімдемесінде алдағы жұмыстар келісілген ғылыми-жобалық және жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізілетінін айтты. Жобаны іске асыру мерзімі құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған сәттен бастап 17 ай деп белгіленді.

Қорыта айтқанда, Студенттер сарайының хикаясы жай ғана шатырдың опырылуы емес, соңғы жылдары ғана беті ашыла бастаған көпжылдық проблемалардың салдары болып шықты. Мұндай заңбұзушылықтары бар нысанның ондаған жылдар бойы қалай пайдаланылғаны туралы сұрақтар әлі де ашық қалып отыр. Ендігі басты мәселе - реконструкция барысында барлық күрделі ақауларды жойып, ғимараттың тарихи бейнесін сақтап қалу мүмкін бе, жоқ па, соны көру.

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

Верный обсерваториясын реконструкциялау неге 10 жылға созылды?

130 жылдық тарихты қалпына келтіру. Неге Алматыда бұрынғы “Қызыл Таң“ енді болмайды?

Бес жыл және екі миллиард теңгеге жуық қаржы. Жазушылар одағы ғимаратында не болып жатыр?

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью