Бірі өлді, бірі мүгедек : Талғар соты кінәлі көлік жүргізушісін небәрі 2,6 жылға соттаған

10.04.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Алматы облысы Талғар ауданында жол апатынан бір адам өліп, бір адам төсекке таңылған мүгедек болды. Талғар аудандық соты кінәлі көлік жүргізушісін екі жарым жылға бас бостандығынан айырған. Жәбірленуші тарап соттың әділ болмағанын айтып шағымдануда. Жол апатынан зардап шеккендердің базынасын Sputnik Қазақстан тілшісі тыңдап қайтты.

Былтыр 29 қазанда жол апатынан Қанат Ахметов пен Зайыр Әлиев зардап шекті. Жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан екеуін үлкен жылдамдықпен көлік келіп соққан. 39 жастағы Қанат сол жерде қайтыс болып, 28 жастағы Зайыр ауыр жарақаттармен жансақтау бөліміне түседі. 8 сәуірде бір адамның өмірін жалмап, екінші адамды мүгедек еткен оиқғаға Талғар аудандық соты үкім шығарады.

"21 жастағы кінәлі жүргізуші басқа көліктен қашып келе жатып, жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан екі адамды қатты кеп соққан. Ол басқа көлікке апаттық жағдай тудырып, солардан қорқып қашып келе жатыпты. Көліктің жылдамдығы шамамен сағатына 130 шақырым жылдамдықта болған. Қанат Ахметов денесі төрт жерден бөлініп кеткен, денесінде сау тамтық жоқ. Менің інім Зайыр бірнеше метр жерге ұшып кеткен. Біз Зайырды сол күні іздеп таба алмадық. Содан әріптестеріне хабарластық. Ертесі сол әріптесі жол апатын көргенін айтып, мүмкін Зайыр болды ма екен сол жерде деді. Біз бауырымыздың жол апатына түскенін ертесі түсте естідік", - дейді жол апатына түсіп мүгедек болған Зайырдың ағасы Тайыр Әлиев.

Дәрігерлер жансақтау бөліміне түскен Зайырдың тірі қалуы екіталай деген.

"Жол апаты болған жерден Зайырдың киімдерін тауып алдым. Ақырын келіп көлік соқса киім дәл солай жыртылмайды. Қазіргі күні бауырым мүгедек боп қалды. Апта сайын дәрігерлерге апарамыз, алдын ала жазыламыз, кезек күтеміз. Денесінде жартылай жан жоқ. Бір апта емі үшін шамамен екі жүз мың теңге кетеді", - дейді мүгедек жігіттің туыстары.

"Сот отырысында прокурорлар кезек-кезек ауысты. Содан тағы бір прокурор келді, ол істі білмейді де, ұялы телефоннан оқып тұр. Сөйтіп іс бірнеше рет ауыстырылды. Біресе прокурор дайын емес, біресе тағы бір мәселесі шығады. Сот отырысы орысша өтті. Тукубаева деген судья әу баста оқиға орнындағы бейнежазбаны көрмеген де, кейіннен дискіге жазып әкеп көрсетті. Сотталушы 80 км/сағат жылдамдықпен жүрдім деп тұр. Ондай жылдамдықпен келіп соғуы мүмкін емес. Ол алты ай уақытша ұстау изоляторында отырды. Сот 2,5 жылға ғана бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Изоляторда отырған уақытын алып тастаса, бір жыл төрт айда кінәлі жүргізуші бостандыққа шығады. Біз бұл үкіммен келіспейміз", - дейді Тайыр Әлиев.

Екі рет памперс әкеліп, 400 мың теңгедей ақша берген жәбірленуші тарап сол күйі төбе көрсетпеген.

"Аяғынан тұрғызамыз деп алып, сол күйі жоқ боп кетті. Қазіргі күні менің ініме қаншама ем, күрделі ота керек. Бірақ ол Қазақстанда жасалмайды екен. Қазір төсекке таңылған бауырымды бағып, жүк тасушы болып жұмысқа кірдім. Үш күн жүк тасимын, үш күн інімді ауруханаға тасимын. Қазір тапқанымыз ініміздің дәрі-дәрмек, памперсіне кетіп жатыр. Ал сотта жаңағы кінәлі жігіт не кешірім сұрамады, тіпті сотта ыржың-ыржың етіп күлумен болды. Ал судья Түкубаева менің бауырымның денсаулығын орташа ауыр деп шешім шығарған. Біз оның диагноздарының бәрін алып барып көрсеткен болатынбыз", - дейді Зайырдың ағасы.

Моральдық өтемақы өндіру туралы үкім шыққанымен, кінәлі тарап маңына жолатар емес дейді Тайыр. Қазір Зайырдың халі мүшкіл, есте сақтау қабілеті жоқ. Сөзді де дұрыс айта алмайды.

"Талғар аудандық сотының судьясы Тукубаева әділ шешім шығарған жоқ. Даладағы қызғалдақты жұлса да, 13 млн теңге айыппұл салады. Бұл жерде бір адам өліп, екінші адам төсекке таңылды. Сотталушы әділ жазасын алсын", - дейді жәбірленуші тарап.

Ал көлік соққан жерде жантәсілім еткен Қанат Ахметов бір үйдің жалғызы, анасының одан басқа асыраушысы жоқ.

"Аман-есен жұмысқа шығарып салған ұлымды бірнеше метр сүйреп апарып, төртке бөліп тастапты. Ең болмаса кешірімі жоқ, менің отырысым мынау, екі аяғымнан жүре алмаймын. Жалғыз асыраушымнан айырылып қалдым. Түнгі сағат үште "балаң жол апатына түсті" деп біреу телефон соқты, мен оны алаяқтар деп қалыппын. Төрт ай бері көрмегенім жоқ, әділдік іздеп бармаған жерім жоқ. Әкесі 13 жыл бұрын құрылыста қайтыс болды. Жалғыз ғана баламды езіп өлтірді, сот шешімі дұрыс шықпады. Сот орысша өтті, өзімді зекіп, шығарып жіберемін соттан деп судья қорқытты", - деп марқұм Қанаттың анасының еңірегенде етегі жасқа толды.

Sputnik Қазақстан тілшісі Талғар аудандық соты шығарған шешім туралы Алматы облыстық сотынан сұрады.

Алайда облыстық сот "сот үкімі күшіне енбейінше ресми жауап бермеміз" дегенді айтты.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью