Біріккен күрес әлемінің басшылары Астанаға сапармен келді

09.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Қазақстан күрес федерациясының хабарлауынша, Сапар аясында UWW басшылары Астана қаласында бірқатар маңызды кездесу өтіп, отандық күресті дамытуға бағытталған стратегиялық бастамалар жүзеге асырылды.

Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасовтың арнайы шақыруымен келген қонақтарға елордамызда салынып жатқан Қазақстан күрес академиясы таныстырылды. Академияда грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресінен бөлек, жағажай күресінің балуандары да жаттығып, халықаралық додаларға дайындықтарын пысықтай алады. Бұдан бөлек, Академия аясында медициналық және спорттық-ғылыми лабораториялар да ашу көзделген.

Сонымен қатар, Астана қаласында Қазақстан күрес федерациясы жаңа кеңсесінің ресми ашылу салтанаты өтті. Салтанатты рәсім барысында лента қию құрметі Федерация президенті Еркін Оқасов пен Ненад Лалович мырзаларға бұйырды.

Фото: ҚКФ

Кеңсе құрамында Қазақстан күресінің бай тарихына арналған арнайы Даңқ залы ашылды. Мұнда Олимпиада және әлем чемпионаттарында атой салған қазақ балуандарының тарихи жетістіктерін бейнелейтін бірегей жәдігерлер қойылған. Атап айтқанда, чемпиондардың медальдары, белбеулері, жарыс формалары, фотосуреттері мен жеке архивтік материалдары келушілер назарына ұсынылған.

Айта кетейік, сапардың негізгі нәтижелерінің бірі — Қазақстанда күрес спортын жүйелі түрде дамытуға бағытталған маңызды құжатқа қол қойылуы болды. Атап айтқанда, Қазақстан күрес академиясы United World Wrestling аясында жұмыс істеп, әлемнің үздік балуандарының орталығына айналады.

Фото: ҚКФ

— Бұл бастама елімізде жас балуандарды даярлау жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық стандарттарға сәйкес мамандарды қалыптастыруға жол ашуы тиіс. Сонымен қатар, академия отандық және шетелдік тәжірибені біріктіретін білім беру және жаттығу орталығына айналып, бүкіл әлем балуандары көз тігетін жүйе құрылады деп сенеміз, — деді Еркін Қадырғалиұлы.

Өз кезегінде халықаралық ұйым басшылары Қазақстанның күрес спортын дамытудағы қарқынына жоғары баға беріп, алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін жеткізді.

Фото: ҚКФ

Қазақстанға іс-сапар барысында шетелдік қонақтарға Астана қаласындағы Жекпе-жек сарайы, «Барыс-Аренадан» бөлек, Алматы қаласының да спорттық нысандары таныстырылды.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандық балуан Тыныс Дүбек Бішкек қаласында (Қырғызстан) өтіп жатқан әйелдер күресінен Азия чемпионатының жартылай финалында жеңіліп қалды.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью