Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
«Әділет» партиясы Орталық аппаратының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен кездесуде азаматтардың еңбек құқығының сақталуы, сот шешімдерінің орындалуы және білім беру сапасына қатысты мәселелер көтерілді. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Гүлзира Атабаеваның қабылдауына келген тұрғындар өз мәселелерін айтып, көмек сұрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қоғамдық қабылдауға жүгінген азаматтар еңбек дауы, сот шешімдерінің орындалуы, білім беру және басқа да әлеуметтік-құқықтық мәселелерін жеткізді. Қабылдауға бірқатар азамат онлайн форматта қатысты.
Мыңдаған ата-ана білім беру орталығына төлеген ақшасын қайтара алмай жүр
Қабылдауға келген Астана тұрғыны Ләззат Әбдіхалыққызы білім беру саласына қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, ол баласына қосымша білім беру үшін Tesla Education орталығымен бір жылға келісімшарт жасап, 780 мың теңге төлеген. Бала оқуын былтыр қараша айында бастағанымен, кейін орталық жұмысын тоқтатып, төлеген қаражатты қайтармаған.
Ләззат Әбдіхалыққызының сөзінше, Алматы мен Астана қаласында мыңдаған ата-ана осы жағдайдан зардап шеккен. мыңдап саналады. Бүгінде Tesla Education-ға қатысты сот процесі әлі жалғасып жатыр.
«Біз бір жыл бойы қызмет көрсетуге келісімшарт жасап, 780 мың теңге төледік. Бірақ олар бір күнде жабылып қалды. Ақша қайтарылған жоқ. Алматы мен Астанада мен сияқты мыңдаған ата-ана бар. Енді мұндай жағдайдың алдын алу үшін мемлекет деңгейінде қандай да бір тетік болуы керек деп ойлаймын. Ата-аналар балаларын оқыту үшін ақша төлейді, бірақ компания жабылып қалса, олардың қаражаты қайтарылмай қалады», – деді Ләззат Әбдіқалыққызы.
Ол бұл жағдайдың бір ғана компанияға қатысты мәселе емес екенін айтып, ата-аналардан алдын ала ірі көлемде төлем қабылдап, кейін жұмысын тоқтататын білім беру орталықтарының қызметін реттеу қажеттігін айтты.
Ата-ана мемлекеттік мектептегі білім сапасына алаңдаулы
Ләззат Әбдіқалыққызының екінші айтқан мәселесі мемлекеттік мектептердегі білім сапасына қатысты болды. Оның айтуынша, баланы қосымша білім беру орталықтарында оқытудың негізгі себептерінің бірі – мектептегі білім сапасына байланысты.
«Біз балаларымызға қосымша білім беру үшін осындай орталықтарға жүгінеміз. Өйткені көбіне мектептегі білім жеткіліксіз болғандықтан ата-ана баласына қосымша мүмкіндік іздейді. Бала негізгі білімді мектептің өзінен толық алуы керек деп ойлаймын», – деді ол.
Бұл ретте Гүлзира Атабаева білім сапасына әсер ететін бірнеше фактор бар екенін айтты.
Депутат мұғалімдердің негізгі міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартылуы білім беру процесіне әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, педагогтің уақыты оқушыға білім беруге жұмсалуы керек.
«Мұғалімнің жалғыз міндеті – оқушыларға сапалы білім беру. Оған қосымша міндеттер жүктеле берген сайын мұғалімнің өз жұмысына бөлетін уақыты азаяды. WhatsApp-тағы хат алмасу, түрлі есеп, басқа да міндеттер мұғалімге қосымша жүктеме береді. Оның бәрі жиналып келіп, білім сапасына әсер етеді», – деді депутат.
Гүлзира Атабаева ата-аналардың қосымша білімге сұранысын тек мектептегі білім сапасымен байланыстыруға болмайтынын атап өтті. Балалар тіл үйрену, спорт, шығармашылық немесе басқа бағыттар бойынша өз қабілетін дамыту үшін де қосымша орталықтарға барады. Дегенмен қабылдауда көтерілген бұл мәселе баланың мектепте жеткілікті білім алу мүмкіндігі қаншалықты қамтамасыз етілген деген сұрақты күн тәртібіне шығарды.
Елорда тұрғыны бірнеше айдан бері жалақысын ала алмай жүр
Қабылдауға келген тағы бір елорда тұрғыны Дүйсенғали Айдарбекұлы екі мәселе бойынша көмек сұрады. Біріншісі – еңбек ақысына қатысты. Ол Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде аула сыпырушы болып алты ай жұмыс істеген. Алайда сәуір және мамыр айларындағы жалақысын алғанымен, маусым, шілде, тамыз және қыркүйектің алғашқы он күні үшін еңбекақысын ала алмай жүр.
Дүйсенғали Айдарбекұлы жұмыс берушімен еңбек шарты жасалмағанын айтты.
Азамат көтерген екінші мәселе қызының алаяқтардан зардап шегуіне қатысты. Дүйсенғали Айдарбекұлының қызы үйін жөндеп береміз деген адамдарға алданып, 1,6 миллион теңгеден астам ақшасынан айырылған. Бұл іс бойынша сот өтіп, қызының пайдасына шешім шыққан. Алайда сот шешімін орындау барысында мәселе туындаған.
«Сотта жеңіп шықтық. Содан кейін атқаруға бердік. Басында хабарласып, істің жүріп жатқанын айтып отырды. Кейін байланыс үзілді. Қазір осы мәселенің шешілуіне көмек сұрап отырмын», – деді Дүйсенғали Айдарбекұлы.
Депутат Гүлзира Атабаева екі азаматтың да мәселелері толық зерделеніп, бақылауға алынатынын жеткізді.
Сонымен қатар, қоғамдық қабылдауда азаматтардың өтініштері бойынша құқықтық кеңес беріліп, әр мәселе тиісті материалдар негізінде қаралды. Гүлзира Атабаеваның айтуынша, қабылдауға шамамен 12 адам жазылған.
«Адамдар әртүрлі мәселемен келеді. Олар – еңбек дауы, әлеуметтік сипаттағы мәселелер және басқа да құқықтық мәселелер. Біз өтініш берушілердің материалдарымен танысып, құқықтық кеңес береміз және мәселені шешудің жолдарын қарастырамыз. Кейбір мәселелер қысқа мерзімде шешуді қажет етеді, ал кейбірі ұзақ мерзімді, жүйелі шешімдерді талап етеді», – деді депутат.
Айта кетейік, партия жанындағы қоғамдық қабылдаудың негізгі мақсаты – азаматтардың мәселесін тыңдап қана қоймай, олардың құқықтық тұрғыдан шешілу жолдарын айқындау және қажет болған жағдайда тиісті мемлекеттік органдардың назарын аудару.