Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Президент еліміздегі көлік-транзит саласының әлеуетін нығайту жұмыстары қарқынды түрде жалғасатынын айтты. Бұл шаруа коммуналдық, энергетикалық және су саласындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмысымен қатар жүреді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мысалы, былтыр 1 500 шақырым теміржол салынып, жөндеуден өтті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Биыл 3 700 шақырымнан астам жаңа теміржол желілері төселіп, пайдалануға беріледі.
– Қазіргі таңда жолаушылар үшін жаңа бағыттар ашылып, вагондар паркі жаңартылып жатыр. Сондай-ақ вокзалдар қайта жөндеуден өтуде. Себебі олар орташа есеппен алғанда 60 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Тіпті, еліміздегі он вокзал осыдан бір ғасыр бұрын салынған.
Жалпы, біз былтыр Қазақстандағы 124 вокзалды түгел жаңғырта бастадық. Бұл жұмыс осы жылдың соңына дейін аяқталады. Мұндай ауқымды бастама алғаш рет қолға алынды.
Алдыңғы жылы көптен күткен "Астана – Алматы" күре жолын жөндеу жұмыстары толық бітті. Мен бұған дейін Астананы еліміздің батыс аймақтарымен байланыстыратын мүлде жаңа автокөлік жолын салуды тапсырдым. Қазір бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіліп жатыр.
Әрине, кең жолақты жолдар еліміз үшін аса қажет. Дегенмен жергілікті жолдар да назардан тыс қалмайды. Себебі миллиондаған азаматымыз, соның ішінде ауылдағы ағайын үшін автокөлік жолы, шын мәнінде, «өмір жолы» саналады.
Сапалы жол болса, жұрт тұрмыс-тіршілігін жақсартып, бизнесін дамыта алады. Былтыр жалпы ұзындығы 13 мың, оның ішінде жергілікті маңызы бар 3 мың шақырым тасжол жөндеуден өтті.
Биыл тағы 2 300 шақырымға созылатын жергілікті жолдар жаңғыртылады. Алдағы үш жылдың ішінде осындай 32 мың шақырым жол нормативтік талапқа сай жөнделеді. Бұл – Қазақстанның құрлық шекарасынан үш есе көп қашықтық.
Алайда Үкімет және тиісті мемлекеттік мекемелер жол инфрақұрылымының сапасына ерекше мән беруге тиіс, – деп атап өтті Президент.