Биыл 30 кітапхананы жаңғырту жоспарланып отыр Аида Балаева

16.05.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы туралы пікір білдірді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл – ел болашағына бағытталған стратегиялық шешім. Себебі кітап оқу мәдениеті – ұлттың ой-өрісін кеңейтетін, білімге құштарлығын арттыратын, қоғамның интеллектуалдық әлеуетін күшейтетін маңызды құндылық. Президентіміз кітап пен білімнің адам өміріндегі, ұлт дамуындағы айрықша рөлін үнемі айтып келеді. Осы жарлық арқылы кітап оқу мәдениетін дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде жаңа деңгейге көтеріліп отыр, – деді Аида Балаева.

Бүгінде елімізде 12 мыңнан астам кітапхана жұмыс істейді. Олардың қызметін жыл сайын миллиондаған азамат пайдаланады. Кейінгі жылдары кітапханалардың цифрлық мүмкіндіктері де артып келеді. Электронды кітапхана ресурстарын пайдаланушылар саны 30 пайыз өсіп, 718 мың адамға жетті. Ал кейінгі бес жылда электронды форматтағы кітаптарды 9 миллионнан астам адам пайдаланған.

Ең бастысы, қоғамда кітапқа деген қызығушылық артып келе жатқаны бәрімізді қуантады. Әсіресе балалар әдебиетіне сұраныс еселене түсті. Тек соңғы жылдың өзінде бұл көрсеткіш 75 пайыз өсті. Қазақ классикасына және қазақ тіліне аударылған әлем әдебиетінің таңдаулы туындыларына деген сұраныс та 50 пайыз өсті.

Ендігі міндет – осы оң үрдісті жүйелі түрде қолдау және одан әрі дамыту.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жаңа форматтағы кітапханалар құру, оларды көпфункционалды қоғамдық кеңістік ретінде дамыту, цифрлық құралдарды кеңінен енгізу және азаматтардың сапалы білім мен ақпаратқа қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасады.

Президенттің «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында елімізде 36 қалалық және ауылдық кітапхана жаңғыртылды. 2026 жылы тағы 30 кітапхананы жаңғырту жоспарланып отыр.

Бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі – жалпыға қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру. Аталған платформа еліміздегі кітапхана қорларын бір жүйеге біріктіріп, өңірлердегі оқырмандарға қажетті әдебиет пен білім ресурстарына еркін қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар отандық жазушылар мен ақындарды қолдау, кітап шығару ісін дамыту, баспалар мен кітап таратушылардың жұмысын ынталандыру, ұлттық әдеби мұрамызды ел ішінде және шетелде кеңінен насихаттау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, - деп жазды министр

Сонымен қатар, оның айтуынша алдағы уақытта «Кітапхана және баспа ісі туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңы әзірленеді. Кітап оқу мәдениетін дамытуға үлес қосқан азаматтар мен ұйымдарға арналған Ұлттық сыйлық тағайындалады. Сонымен бірге «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы іске қосылып, жасанды интеллект дәуіріндегі кітап пен кітап оқу мәдениетінің жаңа бағыттарын айқындайтын 2027-2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі.

Мемлекет басшысының жарлығы кітапхана мен кітап ісі саласына тың серпін береді деп сенемін. Ең бастысы, бұл кітап оқитын, ойланатын, ізденетін, білімді әрі жасампаз ұлт қалыптастыру жолындағы нақты қадам болмақ.

Үкімет Мемлекет басшысы Жарлығында белгіленген міндеттерді сапалы орындауға атсалысады,  - деп сөзін қорытындылады А. Балаева

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью