Биыл 380 мыңнан астам бала 1 сыныпқа барады

12.08.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бүгінде болжанған бала санының 320 мыңға жуығы, яғни шамамен 84%-ы мектептерге қабылданған.

Қабылданған балалардың 296 мыңға жуығы мемлекеттік, 23 мыңға жуығы жекеменшік мектептерде білім алады. Қалалық мектептерге 191 мыңға жуық, ауылдық мектептерге 128 мыңға жуық бала қабылданды. Сондай-ақ білім беру ұйымдарына ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала қабылданды.
Болашақ 1-сынып оқушыларының 71%-дан астамы қазақ тілінде, 26%-дан астамы орыс тілінде, тағы 2,5%-ға жуығы басқа тілдерде білім беретін сыныптарды таңдаған. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдерінің 2 мыңнан астам баласы қазақ тілінде білім беретін сыныптарға қабылданды. Бұл ата-аналардың балаларын қазақ тілінде оқытуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Құжаттарды қабылдау Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде пилоттық жоба аясында жүргізілуде. Өтініштер 2026 жылғы 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен қабылданады.

Өтініштердің 84%-ға жуығын ата-аналар электрондық форматта берген. Құжаттарды eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ таңдалған мектепке тікелей тапсыруға болады. 1-сынып оқушыларының ең көп саны Түркістан облысында – 50 мыңнан астам, Алматы облысында – 35 мыңнан астам, Астанада – 33 мың, Алматыда – 31 мыңнан астам және Шымкентте  29 мыңнан астам болады деп күтілуде. Бұл осы өңірлердегі халық санының көптігімен және туу деңгейінің жоғары болуымен байланысты. Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға құжаттарды уақытылы рәсімдеуді ұсынады. Қосымша ақпаратты таңдалған мектептен,  eGov.kz порталынан және eGov Mobile қосымшасынан алуға болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью